Инновация • 10 Сәуір, 2024

Жаһандық инновация индексі

217 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ғылыми-техникалық жаңа­лық­тарды өндіріспен байланыс­ты­­ру, технологиялық үдерісті жасау – кез келген эконо­ми­ка­­ның даму келешегін анықтайтын маңызды фак­тор­­лардың бірі. Мемлекеттің дамуы мен өркендеуі иннова­ция­­лық өзгерістерді экономикамен ұштастыра білуден бас­та­­ла­­тындығы да ақиқат. Аталған бағытта Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (WIPO – World Intellectual Property Organization) жыл сайын әлем елдерінің инновациялық даму индексін жариялайды.

Жаһандық инновация индексі

Фото: mail.kz

Зерттеу әлемнің 132 мемлекетінің инновациялық экожүйесінің көрсеткіштерін және жаһанның үздік деген 100 ғылыми-техникалық кластер орталықтарын талдайды. Мақалада WIPO жариялаған 2023 жылғы жаһандық инновация индексін ұсынамыз.

Зерттеуде жаһандық инновациялық орта жаңа мүмкіндіктер мен маңызды міндеттерге толы екендігі көрсетілген. Біріншіден, кейінгі үш жыл­да экономикадағы сәтсіздіктер инновация саласындағы іскерлік циклді тұрақ­сыздандырды. Оған әсер еткен факторлардың қатарына әлемдік сауда­дағы логистикалық өзгерістер, жоғары инфляция және қарулы қақ­тығыс­тарды жатқызуға болады. Аталған факторлардың барлығы эко­номиканы қалпына келтіруге және инновацияны дамытуға кедергілер кел­тірді. Екінші жағынан инновациялар ішінара жаңа цифрлық дәуірге бейім­деліп, ғылыми инновациялық даму толқыны тоқтаусыз жалғасып жатыр. Жасанды интеллект, кванттық есептеулер, геномдарды секвенирлеу, «жасыл» технологиялар және роботтехника сияқты әртүрлі саладағы әзір­ле­мелер тың, жаңашыл динамиканы көрсетіп отыр.

Есепте берілген талдауға сүйенсек осы жылдың негізгі қорытындылары төмен­дегідей:

1) Ғылым мен инновацияға салынған инвестиция 2022 жылы жаһандық сын-қатердің артуы мен инновациялық қаржыландырудың құлдырауы жағдайында аралас көрсеткіш көрсеткен. Ғылыми басылымдардың саны баяу қарқынмен болса да көбейіп келеді. Жекелеген мемлекеттердің ғылымға салған инвестициясы төмендегенімен, әлемдегі жетекші корпоративтік компаниялардың аталған салаға құйған қаржысы айтарлықтай өсті. Бірақ бұл инфляцияның өсуін өтей ала ма, жоқ па белгісіз. Халықаралық патенттік өтінімдер азайып, венчурлық капиталға салынған инвестиция 2021 жылғы өте жоғары деңгейден кейін 2022 жылы күрт төмендеген. Бұл әлемде тәуекелдерді қаржыландыру климатының нашарлағанын көрсетеді.

2) Ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, ұтқырлық және энер­ге­тика саласындағы қарқынды технологиялық прогресс жаһандық дамудың жаңа мүмкіндіктерін арттырып жатыр. Болашақта есептеу қуаты күшейіп, жаңартылатын энергия көздерін ретке келтіру шығындары төмендей береді.

3) Технологияларды енгізудің өсуі біртіндеп қауіпсіз санитария мен интернетке қосылуға қолжетімділікті кеңейтеді. Электрмобильдерді пайдалану қарқынды дамып келеді және автоматтандыруды арттыруға деген ұмтылыс өндірістегі роботтарды көбейтуге ықпал етіп отыр.

4) Инновацияның әлеуметтік-экономикалық әсері төмен деңгейде қалып отыр. COVID-19 дағдарысы қазіргі уақытта тоқтап тұрған еңбек өнімділігінің құбылмалығын тудырды және өмір сүру ұзақтығы екінші жыл қатарынан төмендеген. Көмірқышқыл газының қалдықтары 2022 жылы да өсті, дегенмен 2021 жылғы пандемиядан кейінгі өсімге қарағанда қарқыны аз.

Зерттеудегі маңызды көрсеткіштердің бірі – әлемдегі ғылыми-тех­ни­ка­лық клас­терлердің рейтингі. Мамандар талдауының қорытындысында Қытай кластерлері 2023 жылы ғылыми-техникалық өндірістің ең ірі өсу дина­­ми­касын көрсетті. Бұл елде орташа өсім +12,1% құрады. Қытайдан басқа ор­та­­ша табысы бар елдерде орналасқан кластерлерде S&T өнді­рі­сінің айтар­лық­тай өсімі байқалды. Олардың төртеуі Үндістанда орна­лас­қан. Атап айтқанда, Чен­най (+10,3%), Бангалор (+7,9%), Мумбай (+7,1%) және Дели (+5,4%).

Экономика немесе трансшекаралық аймақтар бойынша 2023 жылдың
үздік 100 рейтингіне енген S&T кластерлері

Орын

Кластер атауы

Эконо-мика

Үздік үміткер

Үздік ұйым

1

Токио-Йокогама

JP

Mitsubishi

Токио электр университеті

2

Шэньчжэнь-Гонконг-Гуанчжоу

CN/HK

Huawei

Sun Yat Sen университеті

3

Сеул

KR

Samsung Electronics

Сеул Ұлттық университеті

4

Бейжің

CN

BOE технологиясы

Цинхуа университеті

6

Сан Хосе - Сан-Франциско, Калифорния

USA

Google

Стэнфорд университеті

12

Париж

FR

PSA автомобильдер

Сорбонна университеті

22

Мюнхен

DE

BMW

Мюнхен техникалық университеті

31

Мәскеу

 

RU

Samsung Electronics

Ломоносов атындағы
Мәскеу МУ

34

Тегеран

IR

Ghanbari, Ahmad

Тегеран университеті

59

Ыстанбұл

TR

Sanovel Ilac Sanayi Ve Ticaret A.S.

Ыстанбұл университеті

90

Варшава

PL

Samsung Electronics

Варшава университеті

(Жаһандық инновация индексі, WIPO, 2023)

WIPO жасаған 2023 жылдың жаһандық инновациялық даму индексінде 132 экономиканың ішінде Қазақстан 26.7 ұпаймен 81-орында орналасқан. 2022 жылғы көрсеткіш 83-орын болатын. Көш басындағы алғашқы үштікке Швейцария, Швеция мен АҚШ мемлекеттері енген.

Мемлекет атауы

Рейтингтегі орны (2023)

Швейцария

1

Швеция

2

АҚШ

3

Ұлыбритания

4

Сингапур

5

Оңтүстік Корея

10

Қытай

12

Түркия

39

Үндістан

40

Иран

62

Қазақстан

81

Өзбекстан

82

Әзербайжан

89

Қырғызстан

106

Тәжікстан

111

Ангола

132

(Жаһандық инновация индексі, WIPO, 2023)

Азия елдерінен алғашқы ондықта Сингапур және Оңтүстік Корея мем­­ле­­кеті орналасса, Қытай – 12, Түркия – 39, Үндістан – 40, Иран 62-саты­дан кө­­рін­ген.

Жаһандық инновация индексі – әлемнің технологиялық дамуының бү­гінгі жай-күйін көрсететін көлемді зерттеу жинағы. Индексте көрсетілген тал­­даулар мен статистикалық мәліметтер – мамандар, ғалымдар, зерттеу­ші­лер­ мен сарапшыларға құнды ақпарат көзі.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы