Қоғам • 10 Сәуір, 2024

Қасиеттің ең үлкені - сабыр

575 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жүз жылда бір болатын алапат су тасқыны биылғы 2024 жылға тура келіпті. Бүкіл ел болып еліміздің он өңірінде орын алған төтенше жағдаймен күресуде. «Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін» осы залалдың ауқымын азайтып, жапа шеккендерге көмектесуге атсалысуда. Бұл жағдай біздің халқымыздың бірлігі мен ынтымағын, бауырмашылдығы мен жанашырлығын, қайраттылығы мен қайсарлығын көрсетті. Ұлтына, ұлысына қарамай Қазақстандағы бар халық қолынан келген жәрдемін көрсетіп, азық-түлік пен заттар жіберіп, шамасы келмегендер тілектестігін білдіріп, шамасы келгендер қаржы аударып, иық тіресе көмектесуде.

Қасиеттің ең үлкені - сабыр

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің халыққа арнаған үндеуінде табиғи апаттан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетілетіндігін, мал-мүліктерінің өтемі болатынын, үйі кеткендерге үй салынып берілетін айтып, мемлекетімізде мүмкіндіктің бар екендігін, барлық күштің жұмылдыратындығын жеткізді. Сабырлық танытып, ынтымақ пен бірлік көрсетіп отырған елге рақмет айтты. Президентіміздің өзі де Батыс Қазақстан облысына барып, тұрғындармен кездесіп, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Премьер-Министр мен оның орынбасарлары, жауапты министрлік басшылары түгел су басқан аймақтарда жүр, жағдайды реттеу үшін тиісті шаралар қабылдауда. Өздері сайланған өңірлерге барып, елдің еңсесін көтеріп, қал-жағдай сұрасып, тиісті көмек көрсетуге атсалысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаттары да күндіз-түні бір тынбай, толарсақтан су кешіп жұмыс жасап жүрген әкімдер мен әкімдік қызметкерлерінің, ерікті волонтерлардың, қоғам белсенділерінің жанкешті әрекеттерін ризашылықпен атап өтуде. Бір сөзбен айтқанда бұл төтенше жағдай біздің еліміздің бірлігі мен патриотизмінің жарқын көрінісі болды деп айтуға болады.
«Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы» – деп өткен бабалардың ұрпағы малын да, жанын да аямай осы төтенше жағдаймен күресіп, зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан жомарт жандарға алғыстан басқа айтар сөз жоқ. «Жақсылық айтып жасалынбайды» – демекші, үлес қосып жатқан азаматтардың көпшілігінің аты белгісіз, артылып, жөнелтіліп жатқан заттар мен мүліктердің, азық-түліктердің иелері де беймәлім. Бірақ осы қиындықта үлес қосып, қиналған адамға араша түсіп жатқан жаны-жомарт жандарға Алла разы болсын дегіміз келеді.
Ең үлкен ризашылықты біз су басып, үйсіз, жайсыз қалса да, мал-мүлкінен айырылып отырса да үлкен сабырлық танытып, көппен көрген қиындықтарға мойымай тәубе етіп, барды қанағат тұтып, жоққа реніш білдірмей, мемлекетке, мемлекеттік органдарға сенім артып, арадағы ашуға берілгендерге басу айтып, ертеңге үміт артып, елдік қасиет танытып отырған мыңдаған тұрғындарға айтқымыз келеді. Шынында да бұл жағдай халыққа да, мемлекетке де ауыр салмақ түсіріп отыр. Зардап шығынын өтеудің өзі мемлекет қазынасы үшін үлкен күш. Бірақ біздің мемлекетіміздің мүмкіндігі зор, халқымыздың жігері жетерлік. Бұл қиындықтан да шынығып шығатынына кәміл сенеміз. Ең негізгісі адамдарымыз аман, дендері сау болсын. Осындайда бірлік пен сабырды ту еткен ел ғана барлық қиындықты еңсереді. Ертең бұдан да жақсы күндер келіп, тұрмыс түзеледі. «Бір жоқшылықтың, бір тоқшылығы болады», – деген көреген бабаларымыздың асыл қасиеттері дамыған халқымыз аман, жұртымыз тыныш болғай. Жарқын күндеріміз жақындап, қуаныштарымыз арта түссін.
Барша Қазақстандықтарды Ораза айтымен құттықтаймын. Отыз күн оразадағы тілеген тілектер мен ниеттер қабыл болсын. Рамазаннан-рамазанға, айттан-айтқа аман есен жете берейік. Қиындықтарды ертерек еңсеріп, жақсы күндеріміз көп болсын.

 

Әли Бектаев

ҚР Парламенті Сенатының депутаты,

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы