Президент • 13 Сәуір, 2024

Президент қазақ-армян ынтымақтастығының белсенді дамыған бағыттары туралы айтты

84 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Арменпресс» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Армения мен Қазақстан арасындағы мәдени және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың бүгіні мен келешегін де атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент қазақ-армян ынтымақтастығының белсенді дамыған бағыттары туралы айтты

Фото: Akorda.kz

Президент екі елдің арасында алтын көпір болған рухани-мәдени байланыстар қазақ-армян ынтымақтастығының қарқынды дамыған бағытының бірі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша 2006 жылғы 6 қарашадағы Мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім - базалық құжат. Бұдан басқа, салалық министрліктер мен ведомстволар арасында меморандумдар мен ынтымақтастық бағдарламаларына қол қойылды, олардың негізінде мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу алмасудың түрлі бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Қазақстан Армениядағы қазақ халқы мұрасының құрметтелуін жоғары бағалайтынын ерекше атап өткім келеді. Ереванда Жамбыл және Алматы есімді көшелер бар екенін білемін. 2010 жылдан бастап Ереван мемлекеттік университетінің түркология кафедрасында Абай атындағы Қазақ тілі, мәдениет және тарих орталығы жұмыс істейді. Өз кезегінде елордада Арам Хачатурян атындағы көше, Алматыда Армянская көшесі ашылды. Бірлескен жоспарда біз халқымыздың ұлы ұлдары құрметіне жаңа көшелер ашуды қарастырамыз. Әрине, мұндай оқиғалардың терең мағынасы бар және оларды екі елдің ғылыми және шығармашылық қоғамдастықтары зор ықыласпен қабылдайды», деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше 2023-2025 жылдарға арналған мәдениет саласындағы бағдарлама шеңберінде музыка және хореография өнері, мұражай және кітапхана ісі, кино және тарихи-мәдени мұра салаларындағы ынтымақтастықты нығайту көзделген.

«Біздің елдеріміз дәстүрлі түрде түрлі бірлескен іс-шаралар, соның ішінде фестивальдар, көрмелер, концерттер мен театрландырылған қойылымдар өткізеді. 2023 жылы Ереванда Қазақстанның белгілі әншісі Димаш Құдайбергеннің жеке концерті, Армениядағы Қазақ театры күндері, Алматыдан М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық театры мен Қостанайдан келген облыстық драма театры ұжымының гастрольдері өтті. Өз кезегінде Қазақстанда көрнекті композитор және дирижер Арам Хачатурянның туғанына 120 жыл толуына арналған армян ұжымдарының концерттері өтті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент биыл күзде Қазақстанда Арменияның мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отырғанына тоқталды. Айтулы іс-шарада көрермендер Арменияның шығармашылық өмірімен кеңінен танысу мүмкіндігіне ие болады.

«Білім саласындағы және екі елдің жастары арасындағы байланыстарды нығайту үшін де әлеует жеткілікті.

Жастар елдеріміздегі оң өзгерістердің локомотиві болып қана қоймайды. Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты достық, құрмет және өзара түсіністік негізінде одан әрі нығайту - дәл осы жастардың міндеті. 

Осыған байланысты біз үшін білім беру және студенттік алмасуларды қолдау өзекті міндет болып табылады», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент екі елдің спортшылары Қазақстан мен Арменияда өткізілетін түрлі жарыстарға үнемі қатысып жүргенін, Арменияның ұлттық құрамасы биыл қыркүйек айында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырылғанын атап өтті.

«Менің Ереванға алдағы сапарым барысында Қазақстан мен Арменияның уәкілетті министрліктері дене шынықтыру және спорт саласындағы 2024-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қояды. Мәдени, студенттік, спорттық делегациялармен алмасу біздің халықтарымызды жақындастырудың, азаматтар арасында байланыс пен достық орнатудың, туризмді дамытудың маңызды тұғырнамасына айналуы тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.