Президент • 13 Сәуір, 2024

Қ.Тоқаев: Қазақстандағы армян этнос өкілдері қоғамның белсенді мүшелері

102 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Арменпресс» ақпарат агенттігіне сұхбатында Қазақстандағы армян этносының екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудегі рөліне тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қ.Тоқаев: Қазақстандағы армян этнос өкілдері қоғамның белсенді мүшелері

Фото: Уикипедия

Президент армян қауымы Қазақстанның этникалық палитрасында ерекше орны бар екенін, Қазақстан қоғамының ажырамас бөлігі екенін атап, елімізде 20 мыңнан астам армян халқының өкілдері тұратынын, 31 армян этномәдени бірлестігі жұмыс істейтінін, олардың қызметі ұлттық мәдениетті, тілді, дәстүрлер мен тарихты дәріптеуге бағытталғанын тілге тиек етті.

«Этносаралық және конфессияаралық келісімнің отандық моделі – бұл біздің еліміз әлемде танылатын маңызды өлшемдердің бірі. Қазақстан 130 этнос пен 17 діни конфессияның ортақ үйіне айналды. Осындай әр алуандылықпен Қазақстан этносаралық бірліктің бірегей моделін әзірледі және осы әр алуандылықты қоғам пайдасына айналдыра алды. 2003 жылғы қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезі өткені белгілі. Аталған форум Қазақстанның сыртқы саясатының танымал брендіне айналып, әлемдік қоғамдастықта кеңінен танылды. Армения Республикасы бұл бастаманы белсенді қолдайды. Армян Апостол шіркеуінің өкілдері Съезд жұмысына тұрақты түрде қатысып келеді», деді Мемлекет басшысы.

Президент бүгінде мемлекеттік этносаясатты іске асыру бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясына (ҚХА) маңызды рөл берілгенін, 2022 жылдан бастап ҚХА жоғары заң шығарушы орган – Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында таныстырылғанын атап, Қазақстандағы армян этнос өкілдері қазақ қоғамының белсенді мүшелері болып табылатынын және Қазақстан халқы Ассамблеясының қатысушылары ретінде біздің мемлекетіміздің дамуына және армян мәдениетін ілгерілетуге елеулі үлес қосып келе жатқанын айтты.

«Олардың негiзгi қызметiн толыққанды жүзеге асыру үшiн армян этномәдени бiрлестiктерiне басқа этностармен бiрдей ел өңiрлерiндегi достық үйлерiнде үй-жайлар берiлген. Жексенбілік тіл мектептерінің, би және музыка ұжымдарының жұмысы үшін жағдай жасалған, бұл ұлттық мәдениет пен дәстүрді сақтауға және дамытуға ықпал етеді. Бүгінде армян қауымы өкілдері Қазақстанда этносаралық келісімді нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға тікелей қатысып жатыр. Жалпы, уақыт сынынан өткен қазақ-армян достық пен өзара түсіністіктің ең жарқын болашағы бар деп сеніммен айта аламын», деді Мемлекет басшысы.