Үкімет • 16 Сәуір, 2024

Үкімет тасқынға қарсы күрес қарқынын арттырды

64 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет Қазақстанның батыс және солтүстік өңірлеріндегі ауқымды су тасқынын болдырмау және оның салдарын жою үшін қажетті күштер мен құралдарды жұмылдырды. Бүгінгі таңда апатты-құтқару жұмыстарына ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ҰҚК, МКҚ, әкімдіктер мен ұйымдардан 34 мыңнан астам адам, 4 мыңнан астам техника, 890 сорғы және 335 жүзу құралы, 19 әуе кемесі тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Үкімет тасқынға қарсы күрес қарқынын арттырды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Тасқын басталғалы бері Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына Ақмола, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Түркістан және басқа облыстардан 1 мыңнан астам арнайы техника мен жеке құрам жіберілді.

Зардап шеккен өңірлерге жіберілген қосымша 500-ден астам арнайы техника 2 тәулік ішінде жетуге тиіс.

Осы орайда жергілікті жерлерде өзендер мен су айдындары маңында орналасқан елді мекендерді қызыл судан қорғау бойынша қажетті жұмыстар жүргізіліп, қорғаныс құрылыстары мен бөгеттер салынып, еріген қар суын шығару қолға алынып, инертті материал толтырылған қапшықтар төселіп жатыр.

Аэровизуалды тексеру мен дрондардың көмегімен өзендердегі және су қоймаларындағы ахуалға тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр.

Үкімет

Үкімет

Үкімет