Аймақтар • 17 Сәуір, 2024

Көшеттен – саялы баққа

34 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Таза ауыл. Таза өлке. Таза ел» акциясы басталды. Ел бойынша қолға алынған іс-шараға өңір тұрғындары белсене қатысып жатыр. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында ұйымдастырылып жатқан бастама бірнеше апта бойы жалғасын таппақ.

Көшеттен – саялы баққа

Өңірдегі акция Та­раз қаласындағы Ықы­лас Дүкенұлы атын­дағы мәдениет үйінің маңына тал көшеттерін отырғызудан басталды. Бұған қоса облыс ор­­­талығы мен Жуалы ауда­ны­ның аумағында да акция ая­сын­да бірқатар іс-шара ұйым­дас­тырылды. Оған жергілікті азаматтар қолдау көрсетті.

«Жасыл желекке оранған Жамбыл жерін гүлдендірудің, қоршаған ортаны қорғаудың мәні зор. Сол тұрғыдан алғанда республикалық деңгейде қолға алынған акцияға жұдырықтай жұмыла қатысқан жөн. Бұл іске белсенділікпен атсалысып жат­қан әрбір азаматқа тек алғыс айтамыз. Өңіріміз көркейіп, гүл­дене берсін», дейді бокстан Афи­ны Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев.

Акция Жамбыл жерінде бес апта бойы өткізіледі деп жос­парланған. Тараз қаласынан бө­лек өңірдің барлық ауданында қоршаған ортаны қорғауға арналған түрлі іс-шаралар ұйым­дастырылмақ. Бұл іске ауыл тұр­ғындары да белсене атсалысады. «Таза өлкенің» алғашқы аптасында елді мекен тұрғындары мен қоғам белсенділері, түрлі мекеме қызметкерлері аулаларды тазар­туға белсене кірісті.

Қазіргі кезде Талас ауданына қарасты барлық ауылда аула­ларды тазарту қолға алынған. Жергілікті атқарушы билік бұл ор­тақ іске қолдан келгенше қол-д­а­у көрсетіп отыр. Жүзден аса азамат акцияға өз үлесін қосып жатыр. Сондай-ақ еріктілер де жұ­мылғанын айта кеткен жөн. Де­рекке жүгінсек, алғашқы күн­нің өзінде 236 жол белгісі, 27 аял­дама және 360 тірек ретке кел­тіріліпті.

Жамбылдықтар акцияның «Киелі мекен» аталған екінші аптасында тарихи-мәдени ескерт­кіштердің аумағын абаттандыру жұмысын қолға алуға бекініп отыр. Ал «Жасыл аймақ» ап­та­сын­да көшет отырғызу, ағаш­тар­ды әктеу жұмыстары жанданады.

«Айналаның таза болғаны – қандай жақсы. Тазалық адам денсаулығына айтарлықтай жақ­сы әсер ететіні анық. Бұл акцияны қос қолдап қолдаймын. Қалай десек те қоршаған ортаға жанашырлықпен қарағанымыз абзал. Бұл – кісілік парызымыз», дейді медицина ғылымдарының докторы Сейтхан Жошыбаев.

 

Жамбыл облысы