Тұлға • 17 Сәуір, 2024

Ауыл театрын қатарға қосқан

64 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Талай жылдан бері тұра­лап қалған ауыл театрларына жан бітіріп, жарыққа шығаруда жар­ғақ құлағы жастыққа тимей, еселі еңбек сіңірген белгілі театр режиссері, сатира сардары Асқар Наймантаевтың есімін ел қадірледі.

Ауыл театрын қатарға қосқан

Аспантау аясындағы өнер­лі отбасында дү­ниеге келіп, бала күнінен театр­дың та­бал­­дырығында ержетіп, ұлттық өнер­ді бойына сіңіріп өскен Асқар Наймантаевтың бұл салаға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ата-ана жолын жалғап, өнерге адал қызмет етуді өзіне мақсат еткен Асқар Наймантаев Алматы Мемле­кеттік театр және көркемсурет инс­титутына түсіп, халық әртістері – Хадиша Бөкеева мен Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасында білім алып, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрында еңбек жолын бастайды. Онда Ж.Тәшенов пен И.Савиннің «Көшеде жүрген па­қыр­ды, әкім бол деп шақырды» коме­дия­сындағы басты кейіпкер Нұрта­за­ның рөлін бейнеледі. Бұдан әрі Ш.Айт­ма­товтың «Ғасырдан да ұзақ күн», Ж.Аймауытұлының «Ақбілек», М.Мақатаевтың «Қош, махаб­бат», Б.Римованың «Қос мұң­лық», М.Әуезовтің «Айман-Шол­пан», «Қаракөз», Е.Аман­шаевтың «Үзіл­ген бесік жыры», Р.Мұқа­но­ва­­ның «Мәң­гі­лік бала бейне», М.Гап­­па­ровтың «Тұз­ды шөл» атты спек­такль­дерінде үлкен­ді-кішілі бір­­қатар бейнені кеме­ліне келтіре кейіп­теді.

ва

Асқар Наймантаев атындағы кіші залдың тұсаукесері

Көрерменнің көзайымына ай­налған «Тамаша» ойын-сауық ­отауы мен өзі негізін қалаған «Теріс­қақпай» театры арқылы да танымал болған сатира сардары кейін келе қазақ киноөнерінде де өзіндік ізін қалдырды.

Осылайша, өнердің жарық жұл­дызына айналған Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, театр­ актері, режиссер Асқар Най­мантаев өмірінің соңғы жылдары ауыл­дағы жабылып қалған халық театр­ларының қайта құры­лып, жан­дануына күш салды.

Режиссердің ерен еңбегінің нәтижесінде 2020 жылы Райымбек аудандық «Хан Тәңірі» театры ұзақ жылдардан соң көрерменмен қайта қауышты. Көп ұзамай келесі кезекте Ұйғыр ауданындағы «Қарадала» театры құрылып, Абайдың «Ескен­дір» қойылымының премьерасымен сахна шымылдығын ашқан болатын. Ауыл мәдениетін дамытуда айрықша маңызға ие театр құруды мықтап қолға алған Асқар Наймантаев Еңбекшіқазақ ауданына қарасты «Қаракемер» балалар теат­рын құрып, жас буынның рухани өсуіне, танымдық көкжиегінің кеңеюіне даңғыл жол ашқан өнер қай­рат­кері еді. Өкініштісі сол, өнер­­дің қия жолында таймай, тал­май қызмет еткен актер, сатирик, театр және кино режиссері Асқар Наймантаев өткен жылдың жел­тоқсан айында 58 жасында жал­ға­н­ның жарығымен қоштасып, өнер­сүйер қауымның қабырғасын қайыстырды.

Өзі өлсе де соңына өшпес мұра қал­дырған өнер саңлағының есімін ел есінде қалдыру үшін жуырда Қара­­ке­мер ауылындағы Мәдениет үйінің кіші залына актердің есімі берілді.

им

«Қаракемер балалар театры кез­дейсоқ құрылған жоқ. 2014 жыл­дан бас­тап ауылдың жас жеткін­шек­тері­нің актерлік өнерге әуес­қой­лы­ғын аң­ғарған мәдениет үйінің қыз­мет­кер­лері ауыл жастары үшін драма үйір­месін аштық. Ол үйірмеге ауыл­дың мектеп оқушылары қызығып келе бастады. Әуелгі уақытта мәде­ниет үйінің қызметкері Әйгерім Сүн­дет­­­баева үйірмеге жетекші болды. Іс-ш­а­ра­ларда әртүрлі интермедиялық қо­йы­лым қойып, халықтың назары­на іліне бастаған жас «әртістерге» шы­ғар­машылық өресі даму үшін кәсіби маманның мектебінен өту керек деген ойға келдік. Сөйтіп, 2015 жылы Асқар Наймантаев аға­мыз­­дың мұрындық болуымен драма үйір­месінің жеткіншектерінен құралған труп­паға халық арасында «Қара­кемер» балалар театры деген айдар тағылды. Түрлі іс-шараға арнал­ған қо­йылымдарымен халық­­тың ықы­ласына бөленген ұжым­ға Алматы облысы мәдениет бас­қар­масының қолдауымен 2017 жы­лы 3 штаттық бірлік беріліп, «Қара­кемер» балалар театрының іргетасы қа­лан­ды. Бүгінгі күні штаттық бір­лік­тер са­ны артып, оған кәсіби ма­ман­дар жұмылдырылып, әр мере­кеде та­қы­рыпқа сай қойы­лым­дар қойып, ха­лықтың көңі­лінен шығып ке­леді», дейді Мә­дениет саласының үздігі, Қа­ра­­кемер ауылдық Мәдениет үйі­нің ди­рек­торы Арайлым Мамыр­бек­қызы.

Бүгінде білікті ұстаз баулыған бала­­лар театрының өнердегі өрісі кеңе­йіп, өңір мәдениетінің өсіп-өр­кен­­деуіне айшықты үлес қосуда. Жас театр ұжымының түрлі байқауларда бақ сынап, топ жарған жетістіктері де жетіп-артылады.

Мәдениет үйінде өткен игі іс-шараға өнер тарланы Асқар Най­ман­таевпен үзеңгілес болған әріптестері мен шәкірттері, туған-туыстары қатысып, жылы естеліктердің тиегін ағытты.

«Асқардың негізгі мамандығы актер бола тұра, кәсіби режис­серлікті бітірді. Қоғамның ащы шындығын мысқылдай суреттеген сатирик ретінде танылды. Ол мықты ұстаз бола білді. Таланттарды танып, театрға әкелді. Өзі сияқты шындыққа, әділдікке жаны­­ құмар шәкірттер тәрбиеледі. Ол өте еңбекқор еді. Аудандардың арасында «Жаяу Мұса» атанып жүріп, халқының рухани өсуіне қызмет етті. Сондықтан халықтық өнер барда Асқардың аты өшпейді», дейді әріптес досы, композитор Қадырғали Көбентай.

Рухани кеште айтыскер ақын Дау­бай Әбдісай өнер майтал­маны­ның рухына жалынды жырын арна­са, актердің әпкесі Тұрсынхан Най­ман­­­таева бауырын тебірене еске алды.

Салтанатты іс-шара соңында жиыл­­ған жұрт кезінде Асқар Най­ман­таев сахналаған «Арыстан пат­ша­ның есеп беруі» атты спектакльді тамашалады.

 

Алматы облысы