Қоғам • 17 Сәуір, 2024

Су тасқынына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлер жазалануы тиіс - депутат

73 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев «AMANAT» фракциясының депутаттары атынан ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Су тасқынына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлер жазалануы тиіс - депутат

фото: parlam.kz

«Бұл депутаттық сауал арнасынан адасып аққан судың салдарынан өмір бойы жиған-терген дүниесінен, үйінен, мал-мүлкінен, қара шаңырағынан қапыда айрылған ағайынның өтініші деп білерсіздер.

Қазақ: «алпыс күн тасыған су, алты күнде қайтар» дейді. Бірақ қайтқан су әкелген қайғысын әкетпейді. Қазір еліміздің жартысы қарғын судың қақпанында қалды», деп бастады депутат. 

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін негізге ала отырып, елдегі ахуалға салғырттық танытқан шенділерді жауапкершілікке тартуды сұрады.

«Президенттің айтуынша, құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Мемлекет басшысы: «Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет» деген еді. Шынымен, жұмысына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлерді лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл - Президенттің және елдің нақты талабы», деді Нартай Сәрсенғалиев.

Ол жақында қарғын судан қатты зардап шеккен Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына барғанын тілге тиек етіп, Құлсарыда 2800 үй су астында қалғанын айтты.       

«Батыс Қазақстан облысындағы ахуал да көңіл көншітпейді, қазірдің өзінде 1226 үйді, 1905 саяжайды су басып қалған. 162  үй қирап қалды. Ендігі қатер Жайық өзенінен төніп тұр. Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метрге жетті, енді сол су біздің елге қарай жөңкілеп келеді. Жайық өзені Батыс Қазақстанның 800 шақырым жеріне ағып өтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі - 8,5 метр. Демек келе жатқан су қауіпті деңгейден айтарлықтай жоғары. «Жайықтың бойында 84 елді мекен бар, ол жақта 94 129 адам тұрады» деген дерек алдық. Ел елеңдеп отыр, үрей де жоқ емес.

Әлеуметтік желіге бір видео жүктедім, көрген шығарсыздар. Елмен кездесуге барсақ, анамыздың үш кішкентай баласымен бірге қаптарға құм салып жатқанын көрдік. «Балалармен неге қапшық көтеріп жүрсіз, ауыр ғой» деген сөзімізге: «Әкеміз вахтаға кетті, бізге елге көмектесіңдер деді» деп жауап берді. Бұл біз көп айтатын бірлік деген сөздің нағыз көрінісі болды», деп жалғастырды депутат.

Сондай-ақ ол су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі - өтемақы екенін тілге тиек етті. Депутат зардап шеккендерге бөлінетін қаржы жедел әрі әділетті, толық көлемде төленуі тиіс екенін айтты.

«Комиссиялар су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып аралық акт жасауы шарт. Бұл - өңірдегі басты мәселе. Осы тұста қазіргі су тасқынының бетін қайтаруы тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі салғырттықтың салдары екенін айтып, дабыл қақты. Ресми ақпаратқа сәйкес, Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынған. 1990 жылдан бері жөндеу жұмыстары мүлде жүргізілмеген. Жаңа су қоймалары да салынбаған.

«Биылғы тасқынның алдын алу неге мүмкін болмады деген сұрақ туады. Оған отандық ғылымға жағдайдың жасалмауы себеп болып отыр. Салдарынан 90-шы жылдардың тоқырауында мыңдаған ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған. Ал жаңа, сауатты мамандарды дайындайтын білдей білім ордасының сөрелерін шаң басып, назардан тыс қалған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл Мемлекет басшысы Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдады.

Кейбір күштер жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Мұны ақпарттық соғыс десе де болады. Бірақ қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек олар. Арнасынан адасып аққан судың астында қалған ағайынның мәселесін бір депутаттық сауалға сыйғызу мүмкін емес. Өңірден келген депутаттар әр мәселемен жеке-жеке айналысады. Шешуге мұрындық болады, себебі басты міндет - елдің талабын орындау», деп қорытындылады депутат. 

Соңғы жаңалықтар

Көрдік біз барып Күршімді

Аймақтар • Бүгін, 07:45

Көкшедегі 16 мың көшет

Аймақтар • Бүгін, 07:40

Абайдың жаңа әні табылды

Абай • Бүгін, 07:35

Аңдатпа: «Абай»

Аңдатпа • Бүгін, 07:30