Аймақтар • 21 Сәуір, 2024

Жайық Орал қаласының тұсында қауіпті деңгейден асты

562 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәуірдің 21-і күні Жайық өзені Орал қаласының тұсында қауіпті деңгейден асып, 852 сантиметрді көрсетті. «Жағдай өте күрделі, бірақ толық бақылауда», дейді Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі.

Жайық Орал қаласының тұсында қауіпті деңгейден асты

Қ.Құттымұратұлы

Ең соңғы ақпарат бойынша өңірде өзен бойында орналасқан 3 294 саяжай үйін су басқан, бұл түске дейінгі мәлімет. 13 819 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның ішінде 5 725 бала, 19 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Эвакуациялық пункттерде қазір 2 300 адам орналасқан. 11 519 адам өз қалауымен туыстарын паналап жүр.

«Соңғы тәулікте Жайық өзені 24 см-ге көтерілді. Таңғы сағат 8:00-де қауіпті деңгейден 2 сантиметрге асты. Сол себепті жер бедері төмен нүктелерде қауіптің беті сейілген жоқ. Біз ол жерлерге алдын ала құлақтандыру жүргіздік, әйелдер мен балаларды, қарттарды эвакуация жасадық. Қалған адамдардан да қауіпті аймақтан өз еркімен кетуін сұраймыз. Су деңгейі әлі де көтеріліп, 9 метрге жетуі мүмкін. Облыс бойынша жағдай қазір өте күрделі, бірақ қатаң бақылауда», деді Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұржан Төлеуіш.

Өңірде тасқынға қарсы жұмыс қызу жүріп жатыр. Қаланың өзен жағалауындағы қорғаныс бөгендері нығайтылып, жаңа бөгендер тұрғызылып жатыр. Соңғы тәулікте, 20-сәуір күні ғана облыс аумағында 81 мыңнан аса қапшық құм төселген екен. Ал тасқын басталғалы төселген құмның саны 1 173 мың қапшықтан асып кеткен.

Өңірде бұрынғыша 9 елдімекенмен автокөлік қатынасы жоқ. Автожолдардың 20 бөлігін су шайып, бұзған. Қазір ол жерлер полиция бақылауында тұр.

Айтпақшы, қауіпті өңірлерден 4 925 үй жануары шығарылып, бағылып жатыр.

Апаттан құтқару жұмыстарына 10 663 адам, 1 927 техника, 213 су сору құралы, 197 қайық және 5 тікұшақ жұмылдырылған.

Сәуірдің 21-і күні өзен суы қауіпті шектен асқан кезде осы кезге дейін адамның күшімен ұстап тұрған саяжай қауымдастықтары бірінен соң бірі суға кете бастады. Бұл аймақтың тұрғындары бір апта бұрын көшірілген. Дүние-мүлкін күзетіп, кетпей қалған кейбір тұрғындарды полиция мен құтқарушылар еріксіз көшіруге кірісті. 

«Стеновик саяжай қоғамында 820 участок болса, осында 190 отбасы қысы-жазы тұрақты тұрады. Біз тұрғындарды бір апта бұрын көшірдік. Бүгін кетпей қалған санаулы адамды қарсылығына қарамай шығарып жатырмыз»,  деп хабарлады Орал қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Амангелді Ешмұханов.

Орал қаласының маңында орналасқан Космос және Комаров саяжайларында да осы кезге дейін үйінен кетуден бас тартқан жергілікті тұрғындар шұғыл эвакуацияланып жатыр. Осы сағатта құтқарушылар үйлерінің төбесінде тұрған 4 тұрғынды құтқарыпты.

«Азаматтарды су басқан аймақтан эвакуациялау операциясын Төтенше жағдай министрі Чингис Ариновтің өзі үйлестіріп отыр», деп хабарлады ТЖ баспасөз хатшысы. Қазір тікұшақ әуеге көтеріліп, құтқарушылар қайықпен, дронмен саяжай аумағында жүр.

21-сәуірде Зачаганск кенті аумағындағы «Космос», «Стеновик», «Отдых», «Комарово», «Уралочка», «Дорожник» саяжайларын су басқаны хабарланды. Бұл жерде 820 саяжай телімі болған. 585 адам алдын ала қауіпсіз жерге көшірілген.

Батыс Қазақстан облысы