Сараптама • 24 Сәуір, 2024

Қалдықты реттеудің қисыны

43 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ірі қалаларда қатқыл тұрмыстық қалдықтардың ұлғаюы халық санының көптігіне тікелей қатысты. Оған қалдықтарды реттеудегі кемшіліктер, қаржыландырудың жеткіліксіздігі қосылып, соңында елдегі экологиялық, санитарлық жағдайға әсер ететіні белгілі. Бұл тұста қоқыс шығару тарифін көтеру сала сапасын қаншалықты өзгертпек?

Қалдықты реттеудің қисыны

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Көп жыл бойы негізінен бел­­гі­­ленбеген жерлердегі қоқыс алаңдарын жоюға, қал­дықтарды бөлек жинауға ар­нал­ған контейнерлер орнатуға екпін қойылған шаралар жүйелі нәтижеге жеткізе қоймады. Мысалы, қауіпті және медициналық қалдықтардың бар­лық қайта өңдеушісі мен кәдеге жаратушысын тексерсе, бюджет қаражатының қандай көлемде иге­ріліп жатқанын, бірақ қол­даны­латын технологиялар еш­қандай нормативтер мен заңнамаға сәйкес келмейтінін көруге болады. Сол секілді полигондарда құрылыс қо­қыстарын көмуге ты­йым сала­тын Экологиялық кодекстегі өз­ге­рістерге байланысты компаниялар елді мекендер маңында қоқыс алаңдарын қолдан жасап, қалдықтарын үйе бастаған. Ал бұл жерасты суларының ластану және полигондарда өрттердің пайда болу қаупін төндіреді. Былтырдың өзінде қалдықтарды көму технологиясын сақтамаудың салдарынан қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) алаңдарында өрттің 9 фактісі тіркелген. Ғарыштан бақылау арқылы ел бойынша 5,5 мыңнан аса рұқсат етілмеген қоқыс алаң­дары табылған. Ал 3 016 қоқыс поли­гоны­ның тек 624-і экологиялық, сани­тар­лық стандарттарға сай келеді. Қазіргі уақытта белгіленбеген жерге қоқыс тастағандарға салынатын айыппұл сомасын ұлғайту мақ­сатында Экология және табиғи ресурс­тар министрлігі Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодекс­ке түзету әзірледі. Сәйкесінше, бұған дейін айыпкер 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 184 600 теңге төлеуге міндеттелсе, енді 369 200 теңге төлейді. Ал заңды тұлғалар 369 200 теңгенің орнына 738 400 теңге төлеуге міндетті.

Мамандар бүгінде тиісті орган­дардың сұрыптаудағы жетіс­тіктер туралы есептерінде шынайылықтан гөрі көрнекілік басым екенін айтады. Анығында мәлімделген 18-20 емес, қалдық­тардың шамамен 5-6 пайызы ғана сұрыпталып, қалғаны полигондарға жіберіледі. Орталық Азияда теңдесі жоқ делінген Алма­тыдағы қоқыс сұрыптау және қайта өңдеу бо­йынша ірі зауыттың, Ақтөбе мен Семейдегі 5 млрд теңгеге салынған екі жаңа зауыттың жұмыс істемей тұрғаны қалдықтарды басқаруға, оның ішінде қоқысты бөлуге көзқарастың кемшіндігін байқатады.

Қоқыспен жұмыс істеу жағ­дайын жақсарту үшін мамандар қайта өңдеуге келмейтін қаптама­ны пайдалануға тыйым салуды, қоқыстың бастапқы жиналатын жерлерінде қалдықтарды сұрыптау жүйелерін енгізуді ұсынады. Ауладағы қоқыс алаңдарында қалдықтар фракциялар бойынша бірден сұрыпталатын пункттер орнату өңделмеген қоқыс көлемін едәуір қысқартуға ықпал етеді. Сонымен қатар жерасты суларын улы заттардың түсуінен қор­ғау үшін барлық полигонның эко­ло­гия­лық стандарттарға сай болуын ба­қылау қажет. Мысалы, жерасты су­ла­рының ластану қаупіне байла­нысты қиыршықтас өндірілген карьер­лерді полигон ретінде пайда­ла­нуға болмайды. Оған қоса елде тамақ қалдықтарын қайта өңдеу жүйесінің болмауы органикалық ма­териалдардың картонмен араласып, ыдырауына әкеледі. Бұл үдеріс парниктік әсердің пайда болуымен және жанғыш метан­ның бөлінуімен бірге жүріп, нәти­жесінде табиғи өртке ұласуы мүм­кін. Сөйтіп, жақын маңдағы елді мекен­дердің тұрғындары көбінесе осы улы шығарындылармен тыныс алуға мәжбүр. Сондықтан негізгі іс-шара­лар қажетті инфрақұрылымы бар қал­дықтарды басқарудың тиімді жүйе­­сін құруға, қалдықтарды дұрыс өң­деу­дің маңызын халық арасында кеңі­нен насихаттауға бағытталғаны жөн.

Қоқыс проблемасы жауапты органдардың әлсіз іс-қимылымен ғана емес, төмен тарифпен де қалыңдай түскен. Қатты тұрмыстық қалдықтарды уақтылы шығарып, сұрыптауды қамтамасыз ету үшін тариф деңгейі де қисынды болуы шарт. Кейбір өңірлерде баға соңғы рет жеті жыл бұрын өзгерген және жергілікті өзгешеліктерге сәйкес қызметтің орташа бағасы – айына бір адамға 89–550 теңге аралығында. Тариф сомасы қашықтыққа, қал­дықтар көлеміне, әкету жиілігіне, сұрыптау ауқымына байланысты әр өңірде әрқалай. Қалдықтар­ды шығарушы компаниялардың мәлімдеуінше, ағымдағы тариф қоқысты жинау мен тасымалдауға арналған базалық шығындарды да жабуға мүмкіндік бермейді. Даму мен өсуді былай қойғанда, тиімді жұмыс істеудің өзі қиын. Осылайша, биылғы ақпан айының соңында KazWaste қалдықтарды басқару жөніндегі қауымдастығы тарифті 2-10 есеге немесе бір адамға айына 1 500 теңгеге дейін арттыруды сұраған еді. Ұйым бастамасы жанармай, қосалқы бөлшектер, жабдықтар шығындарының өсуін және қызметкерлердің жалақыны көтеру талаптарын шешуге көмек­тесетінімен түсіндірілді. Қазіргі уақытта бұл шығындар, әсіресе елдің орталығында, оңтүстігінде және батысында ағымдағы тарифтер деңгейінен асып түседі. Басқа коммуналдық төлемдерден айырмашылығы, мұндай тарифті көптеген тұтынушы жылдар бойы төлемейді. Жылу, электр энергиясы, сумен жабдықтау сынды табиғи монополиялар субъектілері борышкерлерге желіден ажырату сынды әсер етудің мықты тетігін қолдана алады. Ал қоқыс шығаратын мекемелердің аузы-мұрнына дейін толған контейнерлерді күн са­йын босатып, айналаға шашылған қалдықтарды жинап әкетпеске амалы жоқ. Әсіресе ірі көлемді қалдықтарды шығару, сұрыптау, қайта өңдеу, көму сияқты кешен­ді жұмыстың шығындары ком­муналдық қызметтің басқа түр­лерімен салыстыруға да келмейді.

Алматы қаласының 2017 жылдан бері өзгермеген мөлшерлемесі де материалдық-техникалық базаны жаңартуды, қызметкерлерге лайықты жалақы төлеуді қамтамасыз етуге қауқарсыз. Бүгінге дейін ҚТҚ жинауға, шығаруға, қайта өңдеуге және көмуге арналған қолданыстағы тариф қалада жеке тұлғалар үшін 553,04 теңгені және заңды тұлғалар үшін 2 288,46 теңгені құрады. Ал 2017-2023 жылдар аралығында орташа жалақы екі есе, дизель оты­нының орташа құны үш есе өсті, қосалқы бөлшектерге шығындар ұлғайды. Осылайша, мәслихат депутаттарының шешімімен енді жылдық тариф 1 текше метр қалдық үшін 3 309 теңге болып бекітілді. Айлық тариф бір адамға айына 718,5 теңгені құрамақ. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық төлемдердің өсуін қамтитын әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Сонымен қатар ком­муналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормалары бекітіліп, жаңа редакциядағы үй иелері үшін коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының есептік нормалары бір тұрғынға жылына 2,33 текше метрді құрады.

Қазіргі уақытта Алматыда ҚТҚ жинау және оны шығару үшін инфрақұрылымды сапа­лы жаңғырту жұмыстары жалға­сып жатыр. Соған сәйкес аула аумақ­тарының санитарлық жағдайы мен эстетикалық келбетін жақсарту мақ­сатында алдағы уақытта терең­детілген контейнерлер орнатылмақ. Биыл және келесі жылдары 671 контейнер алаңында 2 905 тереңдетілген контейнерді ауыс­тыру және орнату жоспарланған. Биылдан бастап GPS-трекерлермен жарақ­тандырылған заманауи арнайы техника жұмыс істейді. Ал ком­паниялар түскен табыс­тан терең­де­тілген контейнерлерге қызмет көрсету үшін арнайы жабдықталған техниканы жылына 20 данаға дейін жаңарта алады. Әкімдіктің сендіруінше, жаңа тариф қоқыс шығарушы компаниялардағы тех­ни­калық қызметкерлердің жала­қысын 20%-ға дейін көтеруге, ҚТҚ шы­ғару және шағын аудандар мен аула аумақтарындағы қоқыс алаңдарын тазалау қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік туғызады.

Экологиялық кодекске сәйкес қалдықтарды көму көлемін азайтуды ынталандыру бойынша көп мәселе жергілікті атқарушы органдардың қызметіне байланысты. Бұл жерде айта кетерлігі, халықаралық зерттеушілер (Йель университетінің экологиялық саясат және құқық орталығы) іс-шаралардың негізгі ұйым­дастырушысы әкімдіктер болса да, көптеген аймақта қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау, өңдеу және көму бизнесі жекеменшік иелерінің қолында екенін жазады. Сарапшылар бізде бұл нарық жоғары шоғырланған және оған жаңа қатысушыларға кіру қиын деген қорытындыға келген. Бұған бірнеше әкімшілік және экономикалық кедергілер бар. Біріншіден, әкімдіктердің жоғары талаптары және ҚТҚ полигонына жер учаскесін алу рәсімі күрделі. Екіншіден, бұл – инвестиция тұрғы­сы­нан қымбат бизнес. Өйткені машиналар мен жабдықтарды бір­ден сатып алуға қомақты қаражат жұмсау қажет, ал салым өзін ақтау үшін ұзақ уақыт кетеді. Үшіншісі – мәселенің әлеуметтік жағы, яғни шығындар мен инвестициялардың өсуі қызметтерге тарифтердің өсуін қамтуы керек. Мемлекет тарапынан коммуналдық тарифтерді тежеудің қалыптасқан тәжірибесіне сәйкес бұл үдерістің қарқыны баяу.