Қоғам • 24 Сәуір, 2024

ӘМТ: Шекті үстемеден асырып сатқан дүкендер айыппұл арқалайды

85 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысы бойынша Сауда және тұтынушыларды қорғау департаменті дүкендерге тексеру жүргізе бастайды. Мамандар дүкендерде сатылатын әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының үстеме мөлшерін белгілейді. Олардың арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары: нан, қарақұмық, күріш, жұмыртқа және тағы басқа өнімдер бар, деп жазады Egemen.kz.

ӘМТ: Шекті үстемеден асырып сатқан дүкендер айыппұл арқалайды

Фото: portkkm.ru

Еске салайық, Үкімет 19 әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімін бекіткені мәлім. Онда сауда қызметін реттеу туралы заңмен 15 пайыз сауда үстемесі қарастырылған, ал аталған мөлшерден асып кету – заңнаманы бұзу болып саналады, ондай жағдайда департамент тиісті шара қабылдайды.

«Мысалы, үстемені тіпті 30 пайыздан асырған күнбағыс майын сататын дүкенге айыппұл салынды», деді Қостанай облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Азамат Сабыржан.

Сонымен қатар аталған облыс дүкендерінде 15% жоғары үстемемен қант, тауық еті, жұмыртқа өнімдерін сатқан 21 кәсіпкерге айыппұл салынды. Былтыр аталған үстемені асыра пайдаланғаны үшін жазаға тартылған 55 дүкеннің басым бөлігі Қостанай, Рудный қалаларында орналасқан еді. Сондай-ақ мамандардың айтуынша, былтыр бұзушылықтардың көбі үлкен супермаркеттерде тіркелсе, қазіргі уақытта бұзушылықтар үй маңы дүкендері арасында көбірек байқалады.

Сонымен қатар этикеткадағы бағадан жоғары бағаға тауар сатқан бизнес иелеріне айыппұл салынды.

«Бағалар адамдарға көрінуі тиіс және сәйкесінше адам төлеген кезде бағаның чекпен бірдейлігін салыстыру керек. Биыл үш жарым ай ішінде департамент осындай 24 әкімшілік іс қозғады», деді Азамат Сабыржан.

Аталған айыппұлдарды салуға тұтынушылардың өтініштері негіз болған екен, олар бұл фактілерді фото және чектер арқылы растаған. Сауда департаменті ескерткендей, егер сатып алушылар бұзушылықтарды байқаса, Е-otinish порталы арқылы шағым жібере алады немесе Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 115/1 мекенжайы бойынша жүгіне алады.