Оқиға • 24 Сәуір, 2024

«Вагон таза емес»: Екі жолаушы «Қазақстан темір жолынан» 500 мың теңге талап еткен

141 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау-Ақтөбе бағытындағы пойыздың лас вагонын видеоға түсірген екі жолаушы полицияға арызданып, сотта өздерінің құқықтарын қорғаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Вагон таза емес»: Екі жолаушы «Қазақстан темір жолынан» 500 мың теңге талап еткен

Фото: azh.kz

«Диапазон» басылымының жазуынша, Атырау-Ақтөбе пойызының екі жолаушысы «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ны («Қазақстан темір жолы ТҰК» АҚ еншілес компаниясы) сотқа берген. Олар аталған пойыз тазалығына шағымданып, полицияға арызданған.

Көлік полициясының қызметкерлері Мақат станциясына барып, өтінішті қабылдаған.

Оған қоса орындарын немесе вагондарын ауыстыруды сұраған екі жолаушының өтініші жолсеріктерден қолдау таппаған. Арызданушылар бұл жағдайды да ескеріп, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-дан моральдық зиян үшін 500 мың теңге талап еткен.

Теміржол компаниясының өкілі қос жолаушының бұл талабы мен шағымына күмән келтіріп, вагон таза болғанын алға тартты.

Алайда сот отырысында шағымданушылар вагон лас болғанын дәлелдеген. Сот екі жолаушының талабы орынды деген ұйғарымға келіп, жауапкер екі талапкерге моральдық шығын келтіргені үшін 50 мың теңгеден төлеуге міндеттелді.