Аймақтар • 24 Тамыз, 2017

Қаратөбелік кәсіпкерлер ауылға көмектеседі

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назар­ба­ев­тың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақаласында кө­рініс тапқан «Туған жер» бағдарламасы аясында Қаратөбе ауда­нының әкімі Жанат Асантаев Орал қаласындағы «Ару-Ана» мей­рамханасында Қаратөбе өңі­рі­нен шыққан бір топ жерлес кәсіпкерлермен кездесті. 

Қаратөбелік кәсіпкерлер ауылға көмектеседі

Орал шаһарында аудан басшысы Жанат Асылханұлының бас­тамасымен орта және ша­ғын кәсіп­керлік жетекшілерінің ба­сын қосу­да­ғы мақсат  – ел бо­ла­шағы үшін келелі мәсе­ле­­лерді бір­ге, ақылдаса отырып шешу, ел­ді өркендету белсенділігі ісі­не кәсіпкерлерді арт­тыруға не­гізделді.

– Қаратөбе ауданы алдағы жылдарда кә­сіп­керлер үшін тиімді орталық бола алады. Ол үшін сіздермен біздер тығыз қарым-қатынаста жұ­мыс­танып, кәсібімізді бір орталықта шоғыр­лан­дыруымыз қажет.
 Аудан экономикасын дамыту – баршамыздың жұмыла көтеретін  жүгіміз. Ол үшін әр бір азамат бизнесті шағын істерден бастауы керек. Ендігі қадам осынау кәсіп иелерінің басын қосып, туған жеріміздегі шағын және орта бизнесті дамыту болмақ, – дейді аудан әкімі Жанат Асантаев. 
Жиын барысында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Бозов шағын және орта кәсіпкерлік жетекшілеріне аудандағы бос жер телімдерінің, кәсіпкерлердің жай-күйі туралы слайд түрінде қысқаша таныстырып өтті.

 «Омар» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Асхат Омар аудан орталығына жиһаз кәсібін ашпақ ниетте екенін жеткізсе, «ДЕМ» минерал­ды сусын цехының басшысы Сержан Ашығалиев ал­дағы уақытта шырын сусындарын өндіріп, кә­сібін кеңейтпек. 

– Бүгінгі бас қосу – үлкен істің бастамасы. Туған жерді көркейтіп дамыту –  біздің міндетіміз. Алдағы уақытта ауқымды түрде кәсіпкерлердің құрылтайын өткізіп, қаншалықты кәсіп көзін ашатындығымызды нақты айқындап алуы­мыз қажет, – дейді «Тәжіғалиев» жеке кәсіп­керлігінің жетекшісі Жарқын Тәжіғалиев.

Басқосу барысында кәсіпкерлік саласындағы түрлі мәселелер талқыға салынып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. 
Аудан басшысы қолдау білдіруге қашанда әзір, ең бастысы кәсіпкерлер нақты шешім шығарса, өңірімізідің тасы өрге домалайтыны сөзсіз. Кездесуден аяулы мекенге деген ыстық ықылас пен туған жерге деген жанашырлық байқалды.

Маралбек АМАНТАЕВ

Батыс Қазақстан облысы,
Қаратөбе ауданы