Талбесік • 26 Сәуір, 2024

Тозығы жеткен техника орман шаруашылығының кәдесіне жарамайды

48 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаздың шуақты күндері жақындаған сайын Ертістің орманды өңірлеріндегі ауыл халқы айрықша алаңдап отыр. Себебі былтыр Абай еліндегі алапат өртке тап болған жалқарағай ормандары Павлодар өңірімен шектесіп жатқаны мәлім. Өкінішке қарай, 277,9 мың гектар орманды жерге жауапты «Ертіс орманы» резерватының өртке қарсы дайындығы мәз болмай тұрған тәрізді. Тек бұл ғана емес, облыстағы өзге де орман қорғау мекемелерінде шикіліктер анықталды.

Тозығы жеткен техника орман шаруашылығының кәдесіне жарамайды

Өртке жауапты мекемелер биыл көктемнің екінші жартысында ауа температурасы жылдағыдан жоғары болатынын, соған орай өртке қарсы іс-шараларды нықтай түсу керек екенін ескертіп отыр. Қарағайдың жоғарғы тұстарындағы бұтақтары аптап ыстықта әбден кеуіп, шырпы тисе қау ете қалады.

Өткен аптада Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бірқатар облыстың ықтимал орман өрттеріне дайын еместігін айтып, соның ішінде Павлодар облысын да атағаны мәлім. Сала басшысының сөзінше, «Ертіс орманы» резерватын тексеру барысында қолда бар патрульдік және өрт сөндіру көліктерінің барлығын есептен шығару керектігі анықталды. Сондай-ақ жиі кездесетін кемшіліктің тағы бір легі – рациялар мен арнайы киімдердің жетіспеушілігі. Ендеше, алдағы айлар жергілікті орманшылар мен өрт сөндірушілерге нағыз сын кезеңі басталатыны айқын. Семей ормандарындағы трагедия біздің аймақта қайталанбауы үшін не істеу керек?

Бір кездері «Ертіс орманы» мекемесін басқарған тәжірибелі орманшы, еңбек ардагері, Аққулы аудандық мәслихатының депутаты Төлеген Шакармановтың сөзіне құлақ түрсек, орман қорғау ісінде жүйесіздік баршылық.

см

– Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басшылығы – өз ісінің мамандары емес. Мұны ашық айту керек, – деп бастады әңгімесін депутат. – Қаншама басшы ауысып жатыр, барлығы да бұл салаға титімдей жаңашылдық әкеле алмады. Біздің облысымызда жалқарағай ормандары отқа оранғаны былай тұрсын, ағаш кесу, ұрлау фактілері көпе-көрінеу жиіледі. Осының барлығына комитеттің кезіндегі басшылары түрткі болды. Себебі ол уақытта орман саласының жұмысын мен бес саусақтай білдім. Жергілікті тәжірибелі орманшылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалмады. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келе жатқаны байқалады. Саладағы жүйесіздіктің бір ғана салдарын айтайын, 2010 жылы біздің облыс аумағында басталған алапат өртке өрт сөндірушілеріміз ие бола алмай, тілсіз жау Ресейге өтіп кетті. Онда тұтас ауылды жайпап өтті. Біздің мемлекетіміз келген шығынды өтегені де есімде. Егер сол кезеңде Ресейге төлеген миллиардтаған қаражат өзімізде қалса, оған еліміздегі барлық орман шаруашылығын аяғына тұрғызуға болар еді. Кейін резерват аумағында бірнеше елді мекенді өрт шарпыды. Тұрғындардың талай жыл тұрған баспаналары, қора-қопсы, дүние-мүлкімен қоса жанып кетті. Резерват басшылығының жергілікті халықпен байланысы болмаған соң, орман мекемесіндегі қызметкерлер орман күзетіндегі техникалық базаға жүрдім-бардым қарайды.

Еңбек ардагерінің пікірінше, қазіргі ең басты шешілуге тиіс мәселе – әбден ескіріп кеткен өрт сөндіру машиналарын жаңарту.

– Байқайтыным, резерваттың өрт сөндіру қызметі төтенше жағдайға дайын емес. Былтыр еліміздің оңтүстік өңірлерінен әлдеқашан есептен шығарылып тасталған ескі өрт сөндіру көліктері әкелініп, сырты боялып, қатарға қосылды. Ыңыршағы айналған бұл техникалар тілсіз жаудың бетін қайтаруға қабілетсіз. Екіншіден, орман өрт сөндіру стансаларының (ОӨС) күйі өте аянышты. Ғимараттар тозып кеткен, бірнеше ауылда, атап айтқанда, Бәйімбет, Тайбағар, Майқарағай ауылдарында тіпті жоқ десе де болады. Үшіншіден, орман арасындағы жолдардың жағдайы нашар. Көп жолды құлаған ағаштар басып қалған. Олар уақтылы тазаланбайды. Резерваттың Бесқарағай филиа­лы Аққулы ауданында, ал Шалдай филиалы­ Шарбақты ауданында орналасқан. Осы екі филиалдың ортасын қосатын дені дұрыс автокөлік жолы да жоқ. Өрт шыға қалса, бірінің көліктері екіншісіне қиқалаңдап жеткенше талай уақыт өтіп кетеді. Ал орман өртінде әрбір минут алтыннан да бағалы. Сондықтан орман ісінде қарағайлар арасындағы жолдарға стратегиялық бағыт ретінде қарауымыз керек. Төртіншіден, былтыр орманшылардың еңбекақысы көтерілді де, бұл салада еңбектеніп жүрген жүргізушілердің, өрт сөндірушілердің жалақысы өспей қалды. Еңбекақы аз жерде адам тұрақтамайды. Ұйымдастыру жұмыстары ретке келмейінше, Абай облысындағы жағдай біздің де басымызға келіп жетуі әбден мүмкін. Өзіміз де қалың орманның арасында, Аққулы ауданындағы Шоқтал аулында тұрып жатырмыз. Құдай бетін аулақ қылсын, өрт шықса, жақын маңнан ауылға келіп көмектесетін арнайы өрт сөндіру жасағы жоқ. Шоқталда не өрт сөндіретін машина, не арнайы трактор жоқ. 2022 жылы ауыл шетінде өрт шығып, күйіп кете жаздадық. Ауылға жақын жерде өрт бақылау мұнарасының өзін әрең орнатқыздық. «Тайбағар» орманшылығы негізінен кезінде осы Шоқталда орналасуы керек болған. Алайда оның орталығы әлі күнге Шалдайда тұр, – деп күйінді ақсақал.

«Ертіс орманы» МОТР РММ бас дирек­то­рының міндетін атқарушы Қазбек Әметов бүгінде резерват аумағында материалдық-тех­ни­калық тұрғыдан мәселелер туындап отырғанын жасырмады. Айтуынша, қызметкерлердің орман қорғау ісіндегі өртке қарсы дайындық шаралары ойдағыдай. Жеке құрамдар кез келген тосын жағдайға әрекет етуге мығым. Тек ескі техникалар үлесінің ұлғаюы, талапқа сай ӨСС-тердің болмауы қол байлап отыр.

– Біздің мекемеде 38 өрт сөндіру машинасы бар болса, соның 50 пайызы әбден тозып тұр. Ал қолданыстағы 11 ОӨС-тің алтауы апат­тық жағдайда, яғни мүлде жарамсыз. Өрт сөндірушілердің арнайы киімдері, техникалық жабдықтар мен құралдар бо­йынша да ішінара мәселелер бар. Олар бо­йынша республикалық комитетке өтінімдер жіберілді. Қаражат бөлінсе, бұл қиындықтар шешіледі деген үміт бар. Резерватқа 2010-2011 жылдары «УАЗ» автокөлігі негізінде жасалған 14 шағын өрт сөндіргіш кешен сатып алынған. Олардың да қолданыс мерзімі аяқталып, бүгінде 60 пайызы жаңартуды қажет етіп тұр. Патрульдік машиналарымыздың ­70 пайызын есептен шығару қажет. Осыншама ескі техникаларды үнемі жөндеп, жұмыс қалпында ұстап тұру өте көп қаражатты қажет етеді. Машиналарымыздың ескілігі сол, өрт сөндіруге бір шығып келсе, міндетті түрде жөндеуге тұрады. Оларды қалыпты ұстап тұруға, қосалқы бөлшектер сатып алуға резерваттың жыл са­йын бөлетін қаражаты тіпті жетпейді. Әйтеуір шықпа жаным, шықпа деп, өлместің күнін көріп отырмыз. Биыл, мәселен, мекеменің бюджеті 3 млрд теңгені құрады, бірақ ол негізінен қызметкерлеріміздің еңбекақысына, жанар-жағармайға жұмсалады, – деп жағдайды түсіндіруге тырысты ұйым басшысы.

Қазбек Қасымұлының айтуынша, былтыр еліміздің оңтүстігінен 6 өрт сөндіру көлігі әкелінген. Олар резерватқа өтеусіз беріліпті. Алдағы маусымда өзге техникаларға көмек ретінде пайдаланылады деп жоспарланған. Дейтұрғанмен, орман арасындағы өртті сөндіруге мұндай «КамАЗ» базасындағы машиналар емес, ЗИЛ, ГАЗ-3308 сияқты жылдам маневр жасауға бейім көлік құралдары тиімді көрінеді. Ал әлгіндей ауыр көліктер дала өртін сөндіруде пайдасы зор. Қазір шаруашылықтағы рациялар жаппай цифрлы жүйеге көшіп жатыр. Сондықтан әзірше рациямен толық қамтуда тежеліс туындауы мүмкіндігін жеткізді.

Былтыр Павлодар облысында орман өрттерінен келген шығын 240 млн теңгені құраған. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев өткен жылы 3 905 гектар алқапта барлығы 207 орман өрті тіркелгенін айтады. Өрт саны бойынша Павлодар облысы өткен жылы антирейтингте бірінші орынға шыққан.

– Жуықта «Ертіс орманы» резерваты мен Баянауыл ұлттық паркін, Максим-Горький, Үрлітүп, Павлодар орман мекемелерін тексеріп шық­тық. Сонда байқағанымыз, «Ертіс орма­­нының» жалпы дайындығы дұрыс. Тек біздің мамандар кей­бір орманшылықтарда, соның ішінде Бес­қа­рағай филиалында тракторлар мен өрт сөн­діру машиналарының оталмайтынын тіркеді. Баянауыл ұлттық паркі мен Үрлітүп, Максим-Горькийдегі кемшіліктер біздің ескертуімізден соң тез арада реттелді. Тек Павлодар мекемесіндегі ахуал қиын болып тұр. Онда орманшылар пайдаланатын рация­лар, техникалар, қарапайым күрек, тырма, шартылдақ аспаптар нормативтерге сай болмады. Әр кемшілікті түзету бойынша белгілі бір мерзімдерді белгіледік. «Ертіс орманында» орман өртін сөндіру стансаларының жартысынан астамы – нашар жағдайда. Бұлар бо­йынша мәселелер назарға алынды. Енді аталған орман шаруашылықтары басшыларының кемшіліктерді түзету туралы есептерін тыңдап, жағдайдың шын мәнінде оңалғанын өз көзімізбен барып көреміз. Егер жағдай өзгермесе, онда мекеме басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деп ескертті Р.Төлепбаев.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024