Өнер • 17 Сәуір, 2024

Уақытыңыз балқып бара жатқан жоқ па?

38 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сюрреалистік жанрда жазылған Сальвадор Далидің «Естің тұрақтылығы» деп аталатын картинасы көпшілікке белгілі туынды. Бұл бағытта картина жазатын суретшілердің қиялы ерекше ұшқыр, ойлары жүйрік болады. Сондықтан да шығар, пәлсапалық ойға толы тақырыптық картинаға көпшілік суретшінің көңілі ауа бермеген.

Уақытыңыз балқып бара жатқан жоқ па?

«Естің тұрақтылығы» атты кар­тинаны Испанияның сурет­шісі Сальвадор Дали 1931 жылы салыпты. Әуелде көлемі 22х33 бола­тын шағын картинаны бәлен­дей пәлсапалық оймен бас­та­маған. Еріген ірімшікті кө­ріп, қолына қылқалам ала сал­ған көрінеді. Шығармашылық жұмысқа кіріскені сол, еріп бара жатқан ірімшікті сынаптай сырғыған уақытпен салыстырған. Оның сурет академиясына түскен кезден-ақ бағыты басқа еді. Қатарластарынан қиялы ұшқыр, ойлау қабілеті өзгеше болыпты. Өзіне сабақ беретін ұстаздармен пікірі қарама-қайшы келе берген соң оқудан шығып, тұңғыш рет Парижге аттанған. Ондағы мақсаты, өзіне тән стиль табу. Бейнелеу өнерінде өзгеден ерекшеленгісі келгенін өзі де жасырмаған. Сөйтіп, Пабло Пикас­­сомен танысып, шеберлігін шың­да­ған. Оны­мен бірлесе жүріп, 1929 жылы дауыс­сыз фильм шығарды. Қысқа­­­­метрлі фильм Париж жұртына ғана ұсы­нылыпты. Араға екі жыл салып, сюр­­реа­лизм жанрындағы «Естің тұрақ­­тылығы» атты картинасын жазып шық­­қан. Картинаға терең үңілсеңіз, әр деталь мағынаға ие. Әлбетте, әркім әртүрлі көріп, өзінше ой түйетін шығар. Алайда өнертанушылардың ой-пікірі шы­найы­лыққа, нақтылыққа жетелейді.

Шағын картина. Ортада шығармаға арқау болған ірімшік бейнесі дерсіз. Дұрысы, терезенің алдында күнге балқыған ірімшік. Бір жағынан көзге елеу­сіз қарапайым заттан сұлулық көр­­ген суретшінің өмірге деген құш­тар­лығын, іңкәрлігін байқауға болады. Алайда ортадағы ноқатты суретші өзі­нің автопортреті ретінде бейнелепті. Су­ретке зер салсаңыз, кірпіктері айқаса ұйық­тап жатқан Сальвадор Далидің авто­портреті. Бір қарап, ақ көрпенің астында жатыр деп те ойлап қалуыңыз мүм­кін. Туындыдағы элементтердің дені қоңыр фонға бейнеленген. Арғы планда ғана шексіз теңіз аспанмен астасып жатыр. Одан бері етегін толқын тепкілеген жаға­лаудағы жарқабақ мұнартады. Орта­ға суретші өзін ұйқыдағы кейіпте бей­не­леп, үстіне балқыған сағатты қон­дырған. Картинадан балқып бара жатқан сағат­тың тағы үшеуін көруге болады. Оның бірі қураған ағаштың состиған бұтағына ілін­ген де, екіншісі төмендегі төрт қыр­лап ойылған жерде бейнеленген. Оның жанында ери қоймаған сағаттың сыны­ғы және жатыр. Ерекше картинаға көз тоқтатпай өте шығу мүмкін емес. Астар іздеп, суретшінің жан дүниесін ақта­рып салғың келеді. Қарап отырсақ, автор­дың ғана емес, тұтас бір әлемнің құ­бы­­лысы көрсетілген туынды. Сайып кел­генде, әркім бағасына жете алмай жүр­ген – уақыт. Уақыт – өмір. Сексеннің сеңгі­рінен асып барып, дүниеден өткен Саль­ва­дор Далидің артында жүздеген картинасы, көптеген мүсіні қалды. Мультфильм жанрының майталманы Уолд Диснеймен кино саласында да елеулі еңбек етті. Одан басқа түрлі кәмпит қағаздарының дизайнын жасады. Ал шығармашылық жұмыстарының көбі Нью-Йорктегі өнер музейінде сақталған. Аталған картинадан басқа сюрреализм бағытындағы «Түс», «Отқа оранған жираф», «Аққулардың піл болып түскен бейнесі» сынды көптеген жұмысы бар. Дегенмен суретші, жазушы Сальвадор Дали ғұмырын өнер­ге арнағанымен, ­­«Естің тұрақтылығы» атты әйгі­лі­ картинасында өзін ұйқыдағы кейіп­те бей­нелеуінде не сыр бар дерсіз. Бәлкім, өзінің еңбек­қор­лығына, шығар­ма­шылығына көңілі тол­ма­ған шы­ғар. Өзін бейнелей отырып, тоқтауы жоқ өмі­рде көпшіліктің бейғам жатқан­ды­ғын көрсеткісі келді ме? Рас, көптеген істі ертеңге қалдыратынымыз, қалдырып жү­ріп ұмыт болып кететіні жасырын емес. Алтын уақыттың қадіріне жете ал­май жүргеніміз де шындық. Өмірді өт­пес­тей көретініміз бар.

Картинаға қараңызшы, анау солған ағаш­тың өзімен-ақ өмірдің өлшеулі еке­нін көрсетіп тастаған. Ағаш қура­ға­ны­­мен, әлемнің ештеңесі кетпейді. Ол ойын анау жатқан көк теңіз бен зең­гір аспан арқылы айтқан. Мейлі, кім болсын, дүниеден өткенімен, мына әлем, мына адамдар бәз-баяғы кейіпте тір­шілік ете бермек. Иә, қалай деген­мен, уақыт шіркін өз дегенін алады. Жер барда, әлем барда Сальвадор Дали­дің бұл картинасы мағынасы мен құн­ды­лы­ғын жоғалтпақ емес. Енді картинадан көзіңізді алып, жан-жағыңызға бір қара­ңыз­шы, уақытыңыз ірімшіктей балқып бара жатқан жоқ па?