Пікір • 26 Сәуір, 2024

Отан да, мүдде де – ортақ

44 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, ҚХА сессиясын онлайн форматта өткізу туралы оң шешім қабылдады. Іс-шараға Ассамблеяның аймақтардағы мүшелері онлайн режімде қатысты.

Отан да, мүдде де – ортақ

Сессия алдында Президент Ассамблея төрағасының жаңадан тағайындалған орынбасарлары Юрий Шин мен Лугмар Буларовты құттықтап, олардың бірлікті нығайту, қоғамдық келісімді сақтау ісіндегі жауапты қызметіне табыс тілеген болатын.

ҚХА төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы және Ассамблеяның XXXIIІ сессиясына дайындық барысы жөнінде есеп берді.

«Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессияда Мемлекет басшысы елдегі бірқатар маңызды мәселені көтерді. «Баршаңыз куә болып отырсыздар, қазір әлемде түрлі табиғат апаты көбейіп барады. Қазақстан да үлкен қатерге тап болды. Еліміздің көптеген аймағында алапат су тасқыны болып жатыр. Біз үшін ең басты мақсат – азаматтардың амандығы. Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен – жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатыр. Апат аймақ­тарына 1 500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды», деді Президент.

Мемлекет басшысы табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге Қазақстан халқы Ассамблеясы зор үлес қосқанын айтты. Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Ассамблея маңызды рөл атқарады. Әлемдік жаһанданудың даму үдеріс­тері қарқынды жүрген шақта әлемде түрлі гео­саяси ойын белең алып, жер шарының түкпір-түкпірінде соғыс өрті тұтанып, адамзат баласын алаңдататын жағдайға жетті.

Президент былтырғы 27 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясының отырысында ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту мәселелері бойынша Парламентке депутаттық бірлестік құруды тапсырған еді. Осыған орай Парламент депутаттары «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобын құруға бастамашы болып, Сенат бюросы 2023 жылғы 2 маусымдағы қаулымен депутаттық топты тіркеді. Топ құрамына Сенат пен Мәжіліс депутаттары кірді.

Депутаттық топтың негізгі мақ­саты – елдегі қоғамдық келісім мен жал­пыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты заңнамалық қамтамасыз етуді үйлестіру, сондай-ақ Парламенттің азаматтық қоғам инсти­туттарымен, Қазақстан халқы Ассам­блеясымен этносаралық қатынастарды оңтайландыру саласындағы тиімді өзара іс-қимыл жасау.

Биыл 2 және 12 маусымда өткен отырыстарда депутаттық топтың құрамы сайланып, ережесі мен жұмыс жоспары бекітілді, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы, этномәдени бірлестіктер мен Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары басшыларымен кездесу өткізілді. Бүгінгі таңда депутаттық топ қызметін жоспарға сәйкес жалғастырып келеді. Алдағы атқарылатын істерді жүйелеп, жұмыс жоспарын жасадық.

Қазіргі әлем этномәдениеттердің өзара әрекеттестігі мен өзара ықпал­дастығы айрықша мәнге ие. Жаһандану жағдайында этностардың дамуы үнемі назар аударуды қажет етеді. Әлем­нің 47 мемлекетіне таралатын «Дос­тық-Дружба» журналы, 4 телеарна, 5 теле­бағ­дарлама, 8 радиобағдарлама, 9 рес­пуб­ликалық басылым, 100-ден аса элект­ронды ақпарат құралы дос­тық пен бірліктің насихатшысы болу­ға тиіс. Ассамблея жанынан құрылған этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі кеңестің жұмысын жандандыру да маңызды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда этносара­лық бірегейлікті сақтай отырып, барлық этностың тең мәдени дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыруын қамтамасыз ететін қағидаттар негізінде этносаралық және мәдениетаралық өзара іс-қимылды жүзеге асыру өте маңызды. Осы орайда Этносаралық тұрақтылықты сақтау мемлекеттік саясаттың негізі екені анық. Ұлтаралық келісімді сақтау, елімізде тұратын этнос өкілдерін өзара құрметтеу үрдісі жалғаса беруге тиіс.

Елдегі ұлттық қатынастарды одан әрі үйлестіру, қоғамдық келісім мен жалпы­ұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың тиімді жүйесін әзірлеу және іске асыруға аса мұқият қараған абзал.

Бұл міндетті шешуде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін кеңінен орнықтыру қажет-ақ. Мемлекет басшысының «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіндегі деңгейі көтеріліп келеді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келді. Бұл үшін барлығымыз жұмыла әрекет етуіміз қажет», деген сөзін негізге алып, жұмыла жұмыс істеуіміз керек.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Сенат депутаты, Парламенттің «Бір ел – бір мүдде» тобының жетекшісі 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024