Қоғам • 26 Сәуір, 2024

Сан қырлы қаламгер

57 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық ака­де­миялық кітапханада Қа­зақ­­­стан­ның халық жа­­з­у­­шысы, Мемлекет­тік­­ сыйлықтың лауреа­ты­ Сәкен Жүнісовтің 90 жыл­­­­дығына арналған «Сан­ қырлы Сәкен сері» ат­ты ғылыми-тәжі­ри­бе­лік конференция өтті.

Сан қырлы қаламгер

Балаларға арналған ал­ғашқы кітабынан бас­тап өмір атты «Со­нар­ға» «Өшпейтін іздер» басып­ қалдырған Сәкен Жүнісов­тің шығармашылығы – көл-көсір мұра. Бір шетте көркем шы­ғар­малары аталып жатса, бір шет­те пьесалары қойылып жатады. Осыған сай ғылыми кеңес­ке жиналғандар жан-жақты тұлға­ның әр қырына тоқталып, түрлі еңбегін тарқатып айтып, естеліктерімен бөлісті. Сан қырлы санаткердің зама­нын­да телеарналарға берген сұхбаттарынан үзінді­лер көрсетіліп, әдеби көркем туындыларының ерекшеліктері де қозғалмай қалмады.

Жазушының 90 жылдығына орайластырылған бұл бірінші шара емес. Бұған дейін Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жастар» театрында Сәкен Жүнісовті еске алуға арналған әдеби-сазды кеш өткенін жиын­ды жүргізген Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, бұл ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы атап өтті. «Сәкен Жүнісовтің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның еліміздің маңызды кезеңдерін бейнелеген сүбелі шығармалары – құнын жоймайтын құндылықтардың бірі, халық өмірінің көркем шежіресі. Сәкен – тек жазушы ғана емес, оған қоса танымал қоғам қайраткері. Астананың іргесін қалауға да өзіндік үлес қосқан тұлғалардың бірі», деді «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы.

Әдебиеттанушы ғалым, про­фессор Серік Негимов қалам­гер­дің өмір жолынан әңгіме қоз­ғады. Қазақ мем­лекеттік уни­вер­ситетін біті­рерде Сәкен аға қазақ ән мәтіндері жөнінде диплом­дық жұмыс жазады. Диплом жетекшісі Зейнолла Қаб­долов, ал оппоненті Мұхтар Әуе­зов болса керек. Жұмыс екеуіне қат­ты ұнаған. Жалпы, жас талант­қа ұлы Мұхтардың ықы­ласы түскенін еске алды С.Неги­мов. «Жапандағы жалғыз үй» ро­ма­ны үшін қуғындалғанын және қосты.

Жазушы-драматург Алтын­шаш Жағанова, жазушы Мәди Айым­бетов, журналист-жазушы Жабал Ерғалиев Сәкен Жүнісов туралы естеліктерімен бөлісті. Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова 60-жылдар қазақ әдебиетінің алтын дәуіріне айналғанын еске алып, бұл уақытта әдебиетке келген қаламгерлердің қарым-қатынасына тоқталды. Белгілі ақын, әдебиеттанушы ғалым Ерболат Баятұлы қаламгерлердің шетелдегі қандастарды қол­дауына тоқталып, бұл мәселеге Сәкен Жүнісов сергек қарағанын, сол мақсатта Моңғолияға ар­найы барғанын айтты. Жазу­шы-драматург Жарылқап Бей­сенбайұлы Сәкен Жүнісов мұрасын ғылыми айналымға айналдыру мәселесін қозғады.

Сөз арасында Толымбек Әбдірайымұлының айтуымен Сәкен Жүнісовтің Бурабайда құрылысы бітпей қалған үйінің мәселесі де көтерілді. Жазушы Несіп Жүнісбайұлы «Ақан сері» романының өміршеңдігі мен құндылығын безбендеп, басқа да тұлғалар біртуар қаламгердің шығармашылығы мен ерекше қасиеттері турасында сөйледі. Жиын соңында жазушының қарындасы Роза Жүнісова жиналғандарға алғыс айтты.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024