Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2017

Астанада Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендерінің І форумы өтті

267 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласында Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендерінің І форумы өтті. Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік және құқықтық мәселелерді, қылмыстық және әкімшілік қудалау кезінде кәсіпкерлердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауды талқылаған жиында екі келісімге қол қойылды. 

Астанада Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендерінің І форумы өтті

Олар – «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы мен Бас прокуратура арасындағы кәсіпкерлердің жүйелі мәсе­лелерін анықтап, бірлесе отырып шешу жөніндегі келісім және Қазақстан кәсіп­керлерінің құқықтарын қорғау жөнін­дегі уәкіл мен Ресей Федерациясы пре­зиденті жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің кәсіп­керлер құқықтарын қорғау мен сала­дағы ақпаратты бөлісу жөніндегі келісім.
Басқосуды ашып, сөз сөйлеген Қазақ­стан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов Ресей­дің негізгі экономикалық серіктесіміз екенін атап өтті. «Ынтымақтастық қа­лып­тасқан жылдар ішінде 6000-ға жуық бірлескен кәсіпорын ашылды. Ресей бизнес-омбудсмені институтымен бірлесіп, ауқымды жұмыс атқарылды. Мәс­кеуде, Атырауда кездесулер өтіп, кәсіп­кер­лердің заңды құқығы мен мүддесін қорғаудағы тәжірибе алмасу тұрақ­ты түрде жүргізіліп келеді», деген ол ше­караға жақын аймақтарда екі елдің шағын және орта бизнесін дамытуға барынша мүмкіндік беруге назар аударды. 

Жиында «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қазіргі бизнесте құқықтық салада алаңдататын мәселелерді шешу барысында тәжірибе алмасу қар­қынды жүріп жатқанын әңгімеледі. Келі­сімшарттар мен келіссөздер ЕАЭО аясында ғана емес, қалыптасқан достық байланыс негізінде жүзеге асуда. «Кез келген қауымдастық кәсіпкерлік құқығын қорғау мен мүддені таныту үшін қызмет етеді. Біздің заңнама басқыншылық түрде емес, достық қалыпта болуы керек. Бізде заңнама мен оның қайшылықтарын жақсы білетін институттар жұмыс істейді. Біздің ең басты міндетіміз – келісім жасау күші, бизнес үшін ережелерді өзгерту. Мемлекеттік аппараттың бизнестің қажеттілігіне қарай назар аударуында айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік», деді А.Мырзахметов. 

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Бас прокуратура мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы агенттікпен бірлесіп атқарылған жұ­мыс­тарды да атап өтті. «Біздің міндетіміз – ше­неунікке кәсіпкерлік қызметке жасалатын кедергі үшін қолданылатын жаза бар екенін көрсету. Сондықтан кез келген заң мен құжатта кәсіпкерлермен келісу маңызды», деді ол. 

Ресей Федерациясының президенті жа­нындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Борис Титов «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сы­ның IV съезінде көтерілген мәселелер мен атқарылған жұмыстар осы форумды өткізуге негіз болғанын жеткізді. Оның айтуынша, кәсіпкерлердің заң­ды мүдделері мен құқықтарын қорғау­да Қазақстанның тәжірибесі қызығар­лық­тай, сондықтан екі елдің ортақ мүддесі мен экономикалық байланысында бұл шара­ның маңызы зор. Форумның басты мақсаты – өзгелердің қателігін зерттеп, тәжі­рибе негізінде оңтайлы шешімдер табу.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»