Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2017

Ғалым ғибраты

536 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қолға қалам алдырған азаматтық тұлға – Әбсаттар Бағысбайұлы Дер­бісәлиев – ұлық ұстаз, көрнекті ғалым. Шындығында мен ол кісіні осы екі қырынан жақсы біледі екенмін. Ендеше мен біл­мейтін оның басқа қыр-сырында нем бар, біреудің өрісіне жайылып не береке таппақпын?.. Ол жайлы басқалар жаза жатар. Біл­генімнен білтелі шырақ жағып көрейін, нар тәуекел! 

Ғалым ғибраты

1976 жылдың күзінде бала күннен арманымызға айнал­ған білім мен ғы­лымның қа­сиетті қарашаңырағы Қа­зақ­­ мемлекеттік университетінің (қа­зіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті) табалдырығын ат­та­дық. Мек­теп бітірген соң 4-5 жылдай жүріп қалып, атыңнан ай­налайын «Подкурстың» ар­қасында арманға қол жет­кіз­ген сол жылы бізден асқан ба­қыт­ты жан жоқ болатын. Тіл мен әдебиетті ардақтаған ал­тын ұя – Филология факуль­тетінің Масанчи мен Киров кө­ше­­сінің қиылысындағы ғимаратында білім алуды бастап кеттік. 

Екінші семестр басталған тұста ҚазМУ-де, факультет­те­ жұрт­­ты, әсі­ресе, сту­дент жас­­­­тарды шу еткізген үлкен бір жаңалық болды. Ол сол уақыт­­тағы жас мұғалім, бү­гінде ҚР ҰҒА құрметті ака­де­мигі, Халықаралық араб ті­лі ака­демиясының (Қаир) то­лық мүшесі, Білім жә­­не ғылым министрлігі Р.Б.Сүлейменов атындағы Шы­­ғыс­­тану инсти­тутының ди­ректоры, әрі қарай тізе бер­сеңіз, бір кітапқа жүк болар атақ-даңқы бар Әбсаттар Дербісәлиевтің филология факультетіне қызметке келуі еді.

Бір күні түс әлетінде бірін­ші курс ду ете қалдық. Кім жет­­кізгені дәл қазір есімде жоқ, бізге бір жас білімпаз оқы­­­тушы келіпті. Мәскеу оқуын тауысқан, араб елдерін көрген, жап-жас ғылым кандидаты. Егер ағылшын не­ме­се Еуропа елдерінің тіл­дерінің бірі бойын­ша ма­ман­ болса, оншалықты көңіл ауда­ра қой­майтынымыз шын­­дық. Өйткені олар ол кезде аса таңсық емес-ті. Араб елі­нен сол елдің тілі мен әде­биетінен маманданып ке­лу – сол тұстағы Шығыс пен Мұ­сыл­ман дүниесі мәсе­ле­сінде Орталық Азия халықтары үшін Қытай қорғанын соғып тас­таған идеологияның дү­рілдеп тұрған кезінде шынында да үлкен сенсация! 

Ол жылдары атақты ғалым Бейсен­бай Кенжебаев пен факультет деканы Мырзатай Жолдасбековтің ізденіс­тері арқылы жоғары мектеп оқу бағ­дар­ламасына енгізілген «Ежелгі дәуір әде­биеті» пә­ні бірінші курстың екінші семес­трінде оқытылатын. Сабақ кес­тесінде пәнді деканымыз Мырзатай Жолдасбеков жүр­гізеді деп жазылып та қой­ған болатын. Бірақ кенеттен бұл пәнді Әбсаттар Дербісалиев оқитын болып ше­шіліпті. 

Деканның сабағы болған соң бәрі­міз түгел келген­ бо­ла­­­тынбыз. Сабақ баста­лар сәтте дәрісханаға Әб­сат­тар Бағысбайұлы кіріп кел­ді. Төр­ге озып, өзін таныс­тырып, «Ежел­­гі дәуір әдебиетін» Мыр­­­зе­кеңнің орнына енді өзі жүр­гізе­тінін айтты. 

Әбсаттар Бағысбайұлы әр дәрісін байыппен оқып, әр­бір ой иірімі мен түйін-тұ­жырымдарына терең бі­лік­тілікпен жеткізетін-ді. Қы­зыл сөзді сапыра бермей, ежел­гі жәдігерлердің мә­ні мен ма­ңы­зын айқындап, көркемдік айшықтарын шы­ғыс­тық таным жүйе-жүл­гесінде сараптайтын. Біз осы­ пән­нен түркінің тасқа таң­баланған «Күлтегіннен» бас­тап, «Оғызнаме», «Қор­қыт», бе­рі­дегі Махмұд Қашқари «Сөздігін», «Кодекс-кума­ни­кус», Алтын Орда дәуі­рі жәдігерлері, Әл-Фараби, Қожахмет Яасауи, Жү­сіп­ Баласағұн, Бабыр, Хай­дар Дулати мұраларын терең­­­дей танып, ғасырлар «ақтаң­дағына» айналған төл жәді­герлердің рухани болмысын танып-біліп, таңдана жү­ріп, табына білгеніміз рас. Тарих тоңын жібітіп, руха­нияттық асыл мұра­лардың «тасқа басқан маржандай» ой жауһарының саф тазалығына қызықтыра да, табындыра да білген Әбекең еді. 

Әбсаттар ағаның ҚазМУ-ге келуіне орай, жұрт құла­ғын елең еткізген тағы бір әң­­гіме шықты. Ол филология факультеті жанынан араб бөлімі ашылады екен де­­ген сөз еді. Алдында да тиіп-­қа­шып естіп жүргенбіз, бі­рақ Дербісалиев келген соң бұл әң­гіме үдей түсті. Әрине, қа­зір кейбіреулер жазып жүр­гендей араб бөлімінің ашы­луы жалғыз Әбсаттар Дер­бісалиевке қа­тысты емес. Бұл – Мырзатай Жолдас­беков декан кезінде жоғары деңгейде сөз болып, Әбекең келгеннен кейін ке­шенді түрде қозғалып, Рақыш Сәт­ұлы Әміровтің факультет дека­ны кезінде көптің қолдау, қалауымен жүзеге асы­рылған иманды істің бірі. Бірақ осы араб бөлімінің ашы­луының бар ауырт­палығы Әб­саттар Бағызбайұлына жүк­телгенін ешкім жоққа шығара алмайды. 

Әбсаттар Бағысбайұлы ұс­­таздық болмы­сындағы бір құ­дірет – адамды өзіне бау­рап алатын кішіпейілділік қа­­­сие­ті еді. Ұстаздық пен шәкірт­тік ара­қашықтықты белгілі дең­гейде ұста­ғанмен, әр шәкір­тіне іш тартып тұратын-ды. 

1978 жылдың көктемінде ал­ғаш рет студенттердің рес­публикалық «Ғы­лыми-тех­ни­ка­лық прогресс» атты олим­­пиадасы өтетін болды. Әб­саттар Дер­бісалиев ғылы­ми жетекшілігімен факультетте қазақ тілі мен әдебиеті пә­нінен студенттер командасы құ­рылып, дайындықты бастап кеттік. 
Қазақ мемлекеттік қыздар педа­го­гикалық институтында өткен Алматы қаласындағы және облыстардағы институттардан келген олимпиада сайысында ҚазМУ командасы бірінші орынды иеленіп, жеке біріншілікте бірінші орынды мен жеңіп алдым. Құрамында бүгінгі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, бұрынғы Білім және ғылым министрі, Ресей, Түркиядағы Қазақстан елшісі Жансейіт Түймебаев бар біздің команда шынында да күшті болған-ды. 

Әрине, біздің бұл жеңісі­мізде ұстаз­дың еңбегі зор. Дайындық барысында ол кісі бізге берілер тапсырмалар мен берілер сұрақтардың жал­пы жүйе-жиы­нын мөл­шерлеп беріп, қалай жауап­ беру­дің әдіс-тәсілдерін жете түсіндіріп, әр­бір дайын­дық­та бізге үйретуден әсте жа­лық­пай, күнде десек те болады әр­түрлі сипаттағы жаттығулар өткізіп отырды. 

Оның ұстаздық болмысында көзге ұрар артық нәрсе болмайтын. Бәрі орнын та­уып, орайласып тұратын. Дә­ріс­ханаға кіріп-шыққаннан бастап жүріс-тұрысы, қоз­ғалысы, аудиториямен қа­рым-қатынасында артық-кем шы­ғар тұс байқалмайтын. Риза­шылығын өзіне тән жылы жымиыспен білдіріп, ренішін қа­бағынан танытып, артық ауыз сөзге бой ал­дырмайтын. Әрбір ісінен сыпайылық пен жо­ғары мә­дениеттілік белгі бе­ріп тұрар еді. 
Әбсаттар Бағысбайұлы сол қал­пынан бүгін де еш ай­ны­маған. Бүгінде қазақ жұрты ғана емес, әлем таныған қайраткер тұлға болса да, сол баяғы бой­­ға біт­кен қарапайымдық, сы­пайылық, ізеттілік қасиет­тер­ден бір айнымаған. 

Әбағаң кейіннен университет бас­­шы­лығы қызметінде жүр­се де ұстаздықтан қол үз­ген жоқ. Әбсаттар Ба­ғыс­бай­ұлы әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлттық уни­­вер­си­тетінде проректор бол­ған тұс­ тәуелсіздік кезеңі еді.­ Бұрынғы С.М.Киров атын­­­дағы университетке әл-Фа­­ра­би атының берілуінде, Мемлекеттік университеттен ұлттық университетке айналуында ұстаз-ғұлама­ның елеулі еңбегі бар. 

Егемендік алып, еңсе­міз­ді көтерген тұста универси­теттің оқу жүйесіне де өзге­ріс­тер енгізе бастадық. Соның бірі – біздің фа­­культетте әлем әдебиетін қа­зақ тілінде оқыту туралы мәселенің көтерілуі. Кеңестік кезеңде бұл пән біз­де ғана орыс тілінде оқы­латын. Өзге ұлт республика­ларында өз ана тілінде болатын. Соны алға тартып, қа­сарысқан орыс ғалымдары мен орыс тілділерді жеңіп, ана тілінде оқыту мәселесін шешу проректор Әбсаттар Бағысбайұлының білімі мен білігінің, азаматтығы мен бедел абыройының арқасында жүзеге асты. 

Енді Әбсаттар Дербі­сә­лиев­тің ғұла­ма ғалымдығы жай­лы бір үзік сыр. Бүгінде Әбсаттар Бағысбайұлының ға­лымдық даңқы әлемге әй­гілі екендігі бәрімізге бел­гі­­лі. Оның көрнекті шығыс­та­нушы ретіндегі еңбектері дүние­нің төрт тарабына тү­гел тарады десек, артық айт­қан­дық емес. «Араб әдебие­ті: классикалық дәуір» (1982), «Шыңырау бұлақ­тар»­ (1982), «Араб тілді Ма­рок­ко әдебиеті» (1983 ж. орыс ті­лін­де), «Қазақ даласының жұл­дыздары» (1995), «Мыр­за-Хайдар Дулати» (1999), «Ислам және заман» (2003), «Ислам жауһарлары мен жәді­герлері» (2009), т.б. еңбектері мұның айқын дәлелі.

Ең алдымен ғалым ретін­де­гі Әбсат­тар Дербісәлив еңбек­тері несімен құнды де­­сек, оның жауабы ға­лым ізде­ні­сі­нің бұрын-соңды қазақ әде­биеттану ғылымында болма­ған құбылыс екенді­гінде жатыр. Қазақ ғалым­дарының Шығыс, ислам дү­ниесіне қа­тыс­ты зерт­теу­лерінде «Мың бір түн», «То­тының тоқсан тарауы», «Құ­ран» сюжеттерінің қазақ қис­са-дастандарында көрініс та­буы сөз болып жататын. Әб­сат­тар­ Бағысбайұлы зерт­теуінде алғаш рет­ клас­сикалық араб әдебиеті ғы­лыми талдауға түсті. Бұл жал­пы қазақ әде­биеттану ғы­лы­мындағы шетел әдебиеті жайлы алғашқы зерттеу болатын.
«Араб әдебиеті» (1982) оқу құ­ралы, «Араб тілді Марокко әдебиеті» (1983) монография­сы (орыс тілінде) – біздің әде­биеттану ғылымымызда бол­маған тың құбылыс – тұң­ғыш оқу құралы, тұңғыш моно­графия. 

Әбсаттар Дербісәлиевтің тынымсыз ізденістерінің бір саласы – ұзақ уақыттар бо­йы түркі дүниесінің өзгеге бел­гілі болғанымен, өзімізіге бел­гісіз болып келген данышпандарын әлемге танытуға сіңірген өлшеусіз еңбегі дер едік. Оның айқын айғағы – атақты «Қазақ даласының жұл­дыздары» еңбегі. Онда бір кездегі қазақ даласындағы ғы­лым мен білімнің, өрке­ниеттің өрісі кеңдігін танытатын дала төсіндегі Оты­рар, Түр­кістан, Тараз т.б. қа­ла­ларды өзінің бүр­кен­шік есіміне айналдырған ғалым­дардың атын атап, түсін түс­теп, олардың ұрпаққа аманат еткен жазба жәдігер­лерінің сырын ашады. 

Әсіресе, ғалымның түркі­нің ұлы да­налары Әбунасыр әл-Фараби мен Мұхаммед Хайдар Дулатиді әлем жұрт­шылығына танытуға сі­ңір­ген еңбегі ұшан-теңіз. Екінші ұстаз атанған әл-Фарабидің сан-салалы ғы­лы­­ми мұра­сының ішінен «Өлең өнерінің қағи­далары трак­татын тауып, ауда­рып, жариялауы – қазақ әдебиеттанушылары мәңгі баға­лайтын игі істің бірі. 

Ал енді, Әбсаттар Дербі­сәлиевтің орта ғасырлық ғұ­ла­ма, мемлекет қай­рат­кері, қол­басшы, тарихшы, ақын Мұ­­хаммед Хайдар Дулатиді қазақ жұртымен қайта табыс­тырудағы еткен еңбегі – өз ал­дына бір бөлек сөз етерлік дүние. Мұ­хаммед Хай­дар Дулатидің «Тарихи Ра­­шиди» атты та­ри­хи-көркем ең­­бегінің парсы тілінен ана тілімізге аударылуына, жарық көруіне тікелей басшылық жасаса, зерттелуіне ғылыми-та­нымдық зор үлес қосты. 
Әбсаттар Бағысбайұлы өзі­нің ғылыми ізденісінің қай са­ласы болмасын оны үнемі дамытып, оған қайта оралып, бір кезде қол қысқалық, мүмкіндік жоқтықтан кей­бір толықтырылмай кеткен­ тұстарға үнемі қайыра соғып, жетілдіріп отырады. Мә­селен, 2009 жылы шыққан «Ислам жауһарлары мен жәдігерлері» атты еңбегінде осыдан 14 жыл бұрынғы «Қазақ даласынының жұл­дыз­дарына» қайта оралып, ондағы Отырардан шық­қан даналар санын 30-дан асы­рып, басқа қалалардан шыққан ғұламалар санын 50-ге жеткізеді. Жалпы ислам өркениетінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген түр­кілік 250-ден астам дана­лардың атын атап, түсін түс­тейді. Олардың өздері мен еңбектері туралы зерт­теулерді тұң­ғыш рет қағаз бетіне түсі­ріп, «тасқа басып» отырған ­қа­зақ­­ ғылымының «өрге шапса – төске озған, ыл­­диға шапса – кешке оз­ған» саңлақ ғалым – Әбсаттар Ба­ғысбайұлы Дербісәлиев. 
Иә, біздің Әбсаттар Ба­ғыс­байұлы­ның ұстаздық пен­ ғалымдықтың биігіне кө­те­рілер тұстан бергі өмір жолы­ның алғашқы бас­пал­дағынан өзіміз жақсы бі­лер екі бағыты жайлы түйген ойларымыз осындай. Әрине, ол кісі бұл күнде ағарту саласына еңбек сіңірген санаткер, аса көрнекті қоғам қайраткері, бірақ біздің білетініміз осынау адам, азамат, тұлға ретінде жеткен атақ-даңқтары мен қызметтеріне Әбағаңды, ең алдымен, ұстаз­дыққа ұмтылыс, ғылымға де­ген құлшыныс сынды қос құш­тарлық жеткізгеніне еш күмән жоқ. 

Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

АЛМАТЫ