Жұлдызы биік жан

Амангелдінің пейілінің кеңдігі мен парасатының кемелдігін Қаныш Сәтбаевқа, біреуге тек «болсын» дейтін шапағатын Ахмет Жұбановқа, өзгені жанындай сүйіп, өз халқының өнерін бәрінен биік санайтын ұлтжандылығын Ильяс Омаровқа ұқсатып, қаршығадай жұтынған тар кеудесіне қалайша үлкен жүрек біткен деп, сәулелі ойға шуақтаймын. Бұл оны аспандатар мадақ емес. Бітімі солай. Онымен әр сұхбатым – өмірдің бір ләззатты тынысы.

 
Егемен Қазақстан
11.10.2017 3239
2

...Селбай – Амангелдінің ұлы атасы. Ол өзінің үй-орманымен қазіргі Махамбет ауданының он үшінші ауылын­да өз ағайындарының арасында отырды. Әкеден жалғыз еді. Бала кезінен селтең жүрістен аулақ болды. Үлкендердің «тек­ті атаның тұяғы ғой» деген есті сөзімен арлы боп есейіпті. Өжеттігі де бір басына жетерлік екен. Ақыры бір күні намыс отына күйіп кетіпті.

Азамат соғысы жылдарында Батыс өлкеде өктемдік құрған генерал Толстовтың казак әскері Орал жақтан қысқан Чапаев дивизиясы, Астрахань бағытынан қусырған Киров комиссарлық еткен он бірінші армиядан қашып бара жатып, Селбайдың ауылын тонап, өзімен аталас ағайынының он екіде бір гүлі ашылмаған уыздай жас қызын жылатып-сықтатып алып кетеді. Сол күйзелісті күндерде бұл ауыл адамдары торы атқа мініп, қанын ішіне тартып, түтігіп тұрған Селбайды соңғы рет көреді. Бейкүнә қыз үшін Селбай Тол­стовтың бандыларымен арпалысып, мерт бо­лыпты.

Ташкенттің Темір жол институтын­да Амангелді Селбаевпен бірге оқыған досы Қожахмет Уәзір былай деп еске алады: – Амангелді сол студент кезінің өзін­де «Біз осы не үшін оқимыз? Ер­тең кім боп шығамыз? Темір жол бойын қара – өңшең сырттан келгендер. Соның кейбірі ішкен суын, татқан дәмін, басқан топырағын сыйлап жүрсе ғой, бүгін бар, ертең жоқ. Су ағып, тас қалады. Осының мәнін түсінеміз бе біз? Біздің ақыл-ойы­мыз, сана-сезіміміз, қабілетіміз солар­дан кем емес. Біз тиянақты оқысақ, машинист те, слесарлар мен инженерлер, станса бастықтары – бәрі-бәрі өз ұлтымыздан шығады. Сонда ғана біздің көсегеміз көгереді», деп үлкен  адамның намыс-ты сөзін айтушы еді. Сол кезде осылай сөйлеудің өзінен зәреміз ұшатын-ды. Осынау асқақ идеал оны күндердің кү­нінде қазақ темір жолының жарық жұл­дызы етті.

Сол дәрежеге жету оңай бол­са қане».
Мақат стансасы болашағының сәт­­ті басталған баспалдағы екен. 1973 жы­лы ол Гурьев бөлімшесі пойыздар қозғалысын ұйымдастыру бөлімі бас­тығының орынбасары қызметіне ауыс­ты. Оның сан салалы жауапкершілік ауқымы кеңейді. Тасымал жұмысы, кә­сіпорындар, мемлекеттік мекемелермен қа­рым-қатынас, оларды өздерінің әуеніне үйлестіру… Өзен, Маңғыстау, Бей­неу, Са­ғыз, Мақат, Гурьев, Ганюш­кино аралығы ғана емес, шығыста Қан­дыағаш, солтүстікте Орталық Азия, ба­тыста Ресей бағытында жөңкілген пойыздар легінің бар тізгіні өз қолында. Бұл қызметте де жұлдызы жанған Аман­гелді Селбаев тағы бір ілгеріледі. Гурьев темір жол бөлімшесінің бас­тығы Павел Синицаның ұсынуымен бөлімше бойынша жол қауіпсіздігін тексеру қызметінің бастығы міндетін атқарды.

Дәл осы кезде ұлттық кадрдың жетімсіздігін анық сезді. Оны ол ашық та батыл айта бастады. Бұл мәселеде ешкімге жалтақтамады, өзінен зордың алдында қипақтамады. Өз мансабынан қорықпады да. Сол кездерде жол бөлімінің бастығы Анна Петякова деген әйел ешкімді бет бақтырмайтын-ды. Тек Синицаны ғана тыңдайды. Маңғыстауда істейтін жөні бар жол жөн­деу инженері – бүгінде Маңғышлақ жол дистанциясының бастығы Қожахмет Уәзірді Құлсарыға, Құлсарының азаматын Маңғыстауға қуып, олардың хал-жағдайымен есептеспеді. Амангелді осы жігіттерге араша түсіп:

«Біреулер той­ған жерінде жүреді, ал қазақтар туған же­рінде жүруі керек!» деп Петя­кованың үнін шығармай, сесін басты. Ол кезде бұлай сөйлеу еш мүмкін емес еді. Амангелдінің адал қызметі оның жолын жарқын етті. Көп ұзамай ол­ «Гурьев-1» стансасының бастығы боп бекітілді. Бұл бар ісі кері кеткен станса еді. Алғашқы күндерде қатты қобалжыды. Жүрексінді. Қалың сорға тап болғандай салы суға кетті. Бірақ ішінен «сабыр түбі – сары алтын» деді.  Әр істің себебі мен салдары бар. Соны зерделеді. Білікті мамандар­сыз ешнәрсені шешуге болмайды.  Олар­дың сөзіне ден қойды. Бірте-бірте біраз жайға көзі жетті. Осы стансадан өтетін халық шаруашылығының мил­лиондаған тонналық жүгі тиелген пойыздарды жан-жаққа дер кезінде жөнелту әбден қожыраған. 

Көптеген мекемелер мен кәсіп­орын­дар, олардың ішінде, әсіресе, Аты­рау, Маң­ғыстау облыстарына қоса Орталық Азияның біраз бөлігін қамтитын атақ­ты «99-құрылыс басқармасы», мұнай өңдеу зауыты, химия зауыты, одақтық маңызы бар Гурьев балық комбинаты осы стансаның кер­қисаң ісі салдарынан көп тығырыққа ті­релген. Стансамен байланысты осындай  өндірістік салалардың жұмысын жаппай үйлестіру оңайға соқпады. Бей­маза күндер, ұйқысыз түндер. «Түн» де­мекші, барлық сорақы іс түнде жасалады екен. Харон Рашид патша, Омар Халифа сынды әміршілердің жұпыны киініп алып, елеусіз жанның кейпінде хан базарлар мен махаллаларды аралап, елдің хал-күйін өз көзімен көргені секілді ол жеті түн ішінде жарқұлағы жастыққа тимеді. Бәрін өз көзімен көрді. Өзі ғана емес, мұндай беймезгіл жүріске партия, кәсіподақ, комсомол белсенділерін де  бірге алып жүріп,  келеңсіз жайларға олардың да көзін жеткізді. Сұраныс жа­салған вагондарды дер кезінде бермей, сергелдеңге салып, өтірік наряд жазып, арақ ішетін құрғырлардың дені – құ­растырушылар боп шықты.

Олардың на­рядына қол қоятын сыбайласы – станса кезекшісі. Ал керек болса! Бұл бұл ма, басқа қалалардан командировкаға кел­ген тепловоз машинистері де дандайсып, бетімен  кеткен. Масыл. Шетінен мас­күнем. Екі ай ішінде бұл сұмдықтың бәрі әшкереленді. Жиырма шақты бәтуасыз тоғышар жұмыстан қуылды. «Пахмелшіл» машинистер де «естерін жиды». Бір жарым сағатта зорға ауыса­тын тепловоз бригадалары жарты-ақ­ сағатта ауысатын режімге түсті. Кей­­бір мекемелер мен кәсіпорындар бас­шыларының вагондарды мезгілінде пайдаланбайтын керенаулығы қатаң талаппен, шымбайға батар айыппұлмен жөн-жөніне келді. Стансаның дені тазарды. Жұмысшылардың шырайы кірді. Бар істі  үстел тоқпақтамай  сыпайы мі­незбен жүргізген Амангелдіге  жұрт сенімі артты. Егде жол жөндеушілер жастарға «Селтеңдеме. Дұрыстап істе. Селбаевтан ұят болады» деген  сөздерді айтып жүрді. Стансаның жұмысы  жанданып сала берді. Жүк айналымы күрт өсті. Сөйтіп тоғыз айдың ішінде станса Одақта үшінші орынға шығып, Жол қатынастар министрлігі мен осы сала кәсіподағы орталық комитетінің Қызыл туын жеңіп алды.

Көңіл шалқып, мерей тасыған осы күндердің бірінде Ақтөбеден Жол бас­қармасының бастығы Құдайберген Көп­жасаров келе қалды. Қазақ темір жолының Одаққа белгілі ірі тұлғасы. Ірі маман. Қатаң тәртіп пен жүйелі істің адамы. Ұлттық кадр тәрбиелеп өсіруде батыл. Кесек турайтын айбынды басшы. Көпжасаровтың алдын ала дабыра жасамай, үн-түнсіз келіп,  стансаны асықпай аралап, барлық істің мән-жайын байыппен көңілге түюі Амангелді Селбаевтың ендігі тағдырына күтпеген жерден бет­бұрыс жасады. Арада бірер күн өтті ме, өтпеді ме, Көпжасаров оны Ақтөбедегі басқармаға шақырып алып «Синицаның бірінші орынбасары боласың!» деп кесіп айтты. Амангелді жаңа жұмысқа кірісті. Синица демалыста… науқас еді. Оның да міндетін атқарды. Бес айдан кейін Синица Ақтөбеге ауысты. Амангелді Селбаев Алматыға, одан Мәскеуге  шақырылды. Ол Одақтық Темір жол министрі Иван Павловскийдің бұйрығымен Гурьев темір жол бөлімшесінің  бастығы болып тағайындалды. Оның өмірлік мұраты – лауазым, мансап емес еді. Бірақ ол сол кездің өзінде осы саланың көрнекті маманы, жан-жақты кемелдене толысқан қайраткері еді. Отыз жеті жастағы қыл­шылдаған жас жігіт.Бұл – 1979 жылдың қа­зан айы.

«Сол бір жылдар…ол қат-қат сыр. Ұзақ толғау. Жай көзге елеусіз боп кө­рінетін сәт­тердің  өзінде астарлы кілтипан бар. Амангелді Селбаевтың көкейтесті ойларының ең биігі – кадр мәселесі. Ол ә дегеннен осыны қолға алды. Жергілікті кадрды өсірмей, іс оңалмайды. Бұған ба­йыппен кірісті. «Сырттан келді. Бүгін бар, ертең жоқ» дейтін мамандардың көңіліне қаяу түсірсе, ол да қиянат.  Нақақ іске бармады. Ешкімді жатсынбады. Ал ұлттық кадрдың тапшылығы көзге ұрды да тұрды. Гурьевте темір жолдың қырық мекемесі бар екен. Оның үшеуінің ғана бастығы – қазақ. Мақат, Гурьев, Бейнеу, Маңғышлақ деполарының бәрі-бәрінде бірді-екілі ғана қазақ машинистері. Жоқ­тың қасы. Темір жол институтын бітірген қазақ жігіттерінің дені өз орындарын тап­пай, бағы байланып, басқа бір болымсыз жұмыстарда  жүр. Қалай ойласа да, орнықты кадр осылар еді. Бұл мәселе жө­нінде Мәскеуге елеңдеп, қол жаюдың қажеті жоқ, олар өз адамдарын жібереді де отырады. Іс онымен түзелмейді. Аман­гелді ешқайда алаңдамады. Бәрін өз­ ақылы, өз қажыр-қайратымен шешуге­ бекінді.

Ол 1964-1970 жылдардың аралығында Ташкент Темір жол институты жыл са­йын осы Гурьевтен отыз баланы оқуға қабылдайтынын, одан талай түлек бітіріп шыққанын жақсы білетін-ді. Маманға деген бұл қажеттілік Атырау – Астрахань, Мақат – Өзен, Бейнеу – Қоңырат темір жолдары ашылғанда туған-ды. Сол жылдарда оқыған азаматтарды іздестіріп, бәрін тапты. Локомотив вагон депосы, белгі беру, жол жөндеу дистанциялары, тұрмыстық қажетті жабдықтау бөлімшесі, жалпы шаруашылық  қызметтерінің бәрі-бәріне ыждағатты түрде қазақ жігіт­терін тартты. Гурьевтегі Темір жол тех­никумымен тығыз байланыс жасап, сон­дай-ақ Ақтөбедегі Темір жол инс­титуты филиалына қазақ жастарын оқы­тып, тәрбиелеуге бар мүмкіндікті жұм­сады. Олар бітіріп келгенше маман тапшылығына төзді. Бұл мақсатты іс келе-келе өз жемісін бере бастады. 1982 жылы жергілікті мамандардан қойған мекеме басшыларын жетпіс процентке жеткізді. Белгілі темір жол маманы Тоқтарбай Досжанов былай дейді: «Дәл қазір ойлап қарасақ, Амангелді Селбаев тәрбиелеген ұлттық кадрдың жайнаған галереясына жан сүйсінеді. Солардың ішінде Юнус Құлжанов – Атырау тасымалдау бөлімшесінде вагон депосының бастығы, Ізбасар Дүйсекенов – вагон жөндеу депосының бастығы, Мақсұт Шеркешбаев – Атыраудағы локомотив депосының бастығы, Табылды Әміров – Маңғыстау обылысы бойынша Атырау тасымалдау бөлімшесінің  орынбасары, Серік Қабдешов – Құлсары стансасының бастығы, Ыбырай Бейсалиев – Астанада тепловоз шаруашылығы басқармасының орынбасары, Есенаман Дабысов – кә­­сіп­одақ ұйымының төрағасы…та­ғы бас­­қа да темір жол саласының ай­ту­лы мамандары жетіп артылады.­ Олардың ішінде Гурьевте ежелден тұратын, осы топырақты «туған жеріміз» деп жанындай жақсы көретін әр ұлт өкіл­дерінен шыққан небір талантты, жа­ңашыл, өнертапқыш адамдар да бар. Бұл ретте бұрынғы «Гурьев-2», қазіргі Атырау стансасының вагон қарау пунктінде істейтін «Құрметті теміржолшы» атағының иегері Ольга Егорованың по­йыз дөңгелектерінде букс ақауларын болдырмайтын жаңа­лықтарын Амангелді Селбаев бізге әр кез сүйсіне сөз етіп отырады. Сол жыл­­дары «Құрметті теміржолшы» ата­ғына жетпіс маман ие болыпты. Өне­гелі ұжымдағы  жарастықты өмір салтын, адамдар қадірін осыдан көріп,  шаттануға болмас па екен!»  

Бүгінде теміржолшылар сол жылдарда өздері көрген игі жақсылықтарды арман ғып, жыр ғып шертеді. Иә, қат-қабат  істердің үлкен бір саласы – олар­дың әлеуметтік тұрмыс жағдайы еді. Үл­кен стансаларды былай қойғанда, Шетпе, Жетібай, Ералиев, Саятөс, Үс­тірт, Қоркөл, Опорный секілді шағын стан­салардың бәрі-бәрінде жаңа мектептер, балабақшалар, дәрігерлік пункттер, дүкендер, клубтар, үйлер салынды. Саяжайлар құлпырды. Телевизиялық мұнара бой көтерді. Құла түздегі разъез­дердегі жұмысшылар Мәскеу мен Ал­маты теледидарын көріп, мәз боп отырды. Маңғыстау бағытында шөл далада құдықтар қазылды. 1982 жылдары Жан­терек, Ганюшкино стансаларының маңында мал шарушылығын өрістетті. Стан­салар арасында «вагон-лавка»,­ «вагон-клубтар» жұмыс істеп, өз өнер­паздарының концерті жол бойын әнге бө­леп, дүрілдеп жатты. Атырауда құс, қоян, шошқа өсірді. Жылыжайды жайнатты. «Жылыжай» демекші, бұл жөнінде Амангелді Селбаев: «Бір жолы Одақтық темір жол министрі Николай Конарев селекторлық кеңес үстінде Ресей мен Украина темір жол бастықтарын «теміржолшылардың жағдайларына қарамайсыңдар» деп, әптер-тәптерін шығарып: «Сендер соноу алыстағы Гурьевке барыңдар, құм мен сордың үстінде гүл-гүл жайнап тұрған жылыжайды көріңдер! Қияр, помидор, редиска… алаулаған раушан гүлдері! Соның бәрін жасатып отырған Селбаев – «Человек с большой буквы!»  деді. Содан көп ұзамай «тәжірибе алмасамыз» деп, жан-жақтан келгендердің бәрі біздің шаруашылықтарды көріп, таңғалған сезімдерін білдірді. Иә, біз осы игіліктің бәрін теміржолшылар үшін жасадық,»  – деп  жүзінен нұр төгіледі.

Оның ірі маман екендігі Мақат стан­сасының инженері Галина Муратованың мына бір естелігінен-ақ  көрінеді: «Ұмыт­пасам,  бұл – 1980 жылдары... Бір күні Мақат стансасында өрт шықты. Құдай сақтасын! Қаншама состав жан-жақтан келіп, иін тіресіп тұр. Ішінде газ, мұнай тиегендері аз емес… Сол  өрт лау­лап жатқан қатерлі сағатта Амангелді Селбаев бір топ қызметкерімен келіп, диспетчердің маневр пультіне өзі отыра қалды да, поездардың біреуін олай қосып, екіншісін былай ажыратып, бәрі-бәрін лезде жөн-жөніне қойды.

Мақаттағы шым-шытырық қырық бір жолдың ретін тапты. Өрт құшағындағы составтардан мыңдаған вагонды құтқарды. Ол ва­гондарда халық шаруашылығының миллиардтаған қаржы тұратын тауарлары, мүлкі, азық-түлік, құрылыс материалдары, мұнай өнімдері, әскери қорғаныс қажетінің құпия техникалары бар еді. Егер  пропан цистернасының біреуі жарылса не болар еді? Қисапсыз шығын өз алдына,  стансадағы екі мыңнан астам қызметкерлер мен жұмысшылар, тіпті Мақаттың өзі  көкке ұшар еді. Жаныңыз түршігеді. Бүкіл Орталық Азия, Ресейді былай қойғанда, Қазақстанның өз по­йыз­­дары бірнеше тәулікке тоқтар еді. Абырой болғанда, Мақаттағы пойыз­дар еш қырсыққа шалдықпай, кі­діріссіз жүріп кетті. Сонда біз бір кезде Мақаттай қиын стансада маневр диспетчері болған Амангелді Селбаевті «супер теміржолшы» деп мақтаныш еттік».

Қазақ темір жолының көрнекті маманы Амангелді Селбаев өмірінің кең тынысты көкжиегі – Қазақстан Тәуелсіз ел атанған тұс. Кейіпкеріміз осынау тарихи күндерде Парламент депутаттығына сайланды. Өзіне жүктелген зор сенімнің үдесінен шықты Ақ Жайық, Атырау стансаларына аспалы көпір, азық-тү­лік дүкенін, Химзауыттағы мектепке  оқушылар үшін жол салдыруы, қара депода электр жарығын күшейтуі – көптен бері аңсаған тілек еді. Жұрт  соған дән риза.

1994-1996 жылдар аралығында әлем­дік маңызы бар «Теңізшевройл»  кәсіп­орынының осы аймақтағы әлеуметтік, эко­номикалық және  инфрақұрылымын жан-жақты дамыту мақсатымен Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің ше­шімімен Аман­гелді Селбаев  Атырау об­лысы­  әкімінің бі­рі­нші орынбасары боп тағайындалды. Бұл қызметте де оның  жетекшілік қарымы әр­ қырынан ашылды. Ол көлік пен құрылыс, өндіріс саласын  басқарды. Көп­теген жетекші кәсіпорынның қайта өрлеуіне  мол­ үлес қосты.

1996-1998 жылдары Батыс Қазақстан темір жолының бастығы болған кезі де Амангелді Селбаевтай амплуасы кең, ойлы да  жігерлі, іскер басшының қоғам үшін жасайтын сан-салалы өне­гелі еңбегіне үлкен мархаббатты­ сезіммен қызықтыра қаратады. Темір жолды тиімді пайдалану, соның арқасында жо­лаушылар пойыздары мен жүк пойыздарының санын ұлғайту… батыс­ облыстар және ірі өндірістік орындармен көліктік байланыс…

Батыс ай­мақта көліктің жас толқын мамандарын тәр­биелеп, өсіру, басқа да пәрменді ша­ралар  өзінің игі нәтижесін берді. Бір ғана мысал төрт жолдың торабы – Қандыағаш вокзалын іске қосты. Ақтөбе стансасының үлкен вокзалы сәулеттеніп, қайта жөндеуден өтті. Осы­ жасампаз еңбекті сөз еткенде өз­ әріптестері Кенжехан Өсімбеков, Сә­бит Сүйінғарин, Бөрехан Беркінбаев, Жа­рылқасын Сағиданов, Болат Исағалиев, Владимир Хан тағы басқа да үлкенді-кішілі тамаша мамандардың есімін сүйсіне атайды. Оның өмірі  осындай жандармен көрікті.

...Маған адамдар бақыты, өмір қызығы, қоғам тізгіні Амангелді Сел­баев сынды сирек бітімді, ізгі жү­ректі жандардың қолдарында тұрғандай көрінеді.

Илья ЖАҚАНОВ,  
Қазақстан мен Қырғызстанның 
еңбек сіңірген  қайраткері 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

19.11.2018

Б.Сағынтаев энергия үнемдеу жобалары бойынша инвесторлармен жұмысты жандандыруды тапсырды

19.11.2018

Энергия үнемдеу жобаларын іске асырудан түсетін жыл сайынғы үнем 3,5 млрд теңгені құрайды

19.11.2018

Үкіметте «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды

19.11.2018

Жыл басынан бері қазақстандық және шетел әуе тасымалдаушылары 13 жаңа бағытты ашты

19.11.2018

QazaqGeography съезі ұйымның жаңа кеңсесінде өтті

19.11.2018

Қазақстандық делегация Дүниежүзілік төзімділік саммитіне қатысты

19.11.2018

Дін саласының жағдайы туралы баяндаманың қорытындысы жарияланды

19.11.2018

Мемлекеттік басқару академиясы қазақстандық тәжірибені тарату орталығына айналды

19.11.2018

Алматыда ХІV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі ашылды

19.11.2018

Алматыда көлік апатынан 10 айда 114 адам ажал құшқан

19.11.2018

Жыр алыбы Жамбылдың өмірі сахналанды

19.11.2018

Павлодарда биыл 349 жол-көлік оқиғасы орын алған

19.11.2018

Абылайхан ЖҮСІПОВ: Токио туралы айтуға әлі ерте...

19.11.2018

Елбасы Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті

19.11.2018

Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін

19.11.2018

Түркістанда халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті

19.11.2018

Маңғыстауда «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының облыстық слеті өтті

19.11.2018

Маңғыстауда өткен тарихи турнир өз мәресіне жетті

19.11.2018

Энергия үнемдеу бойынша Қазақстан 32-ші орында

19.11.2018

Көкшетауда жылу ақысы арзандайды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Талғат БАТЫРХАН, Егемен Қазақстан

«Baı bolsań halqyńa paıdań tısin»

«Batyr bolsań jaýyńa naızań tısin, Baı bolsań halqyńa paıdań tısin». Kezinde aıyr tildi Áıteke bı aıtqan aqyldy sóz. Keler ǵasyrlarǵa da keter ǵaqlıa.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Esi ketken eskini alady

Búginde avtomobıl degen burynǵydaı baılyqtyń, sol kólikti satyp alǵan adamnyń áleýmettik jaǵdaıynyń jaqsy ekendiginiń kórsetkishi bolýdan qalyp barady. Bir úıde eki, keıde úsh avtokóliktiń bolýyn, tipti keıbir jumyssyz júrgenderdiń de avtokólik satyp alýyn oǵan mysal retinde keltirýge bolady. Osy oraıda avtomashınalardyń sonshalyq kóbeıip ketýiniń syry nede degen saýaldyń týyndaýy da zańdy. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qala jáne qazaq

Astana – jastar qalasy. Qala kóshelerinde kele jatyp aınalańa qarasań kóbinese jastardy kóresiń. Demek, Astana – bolashaqtyń qalasy. Osy Astana arqyly qazaqtardyń qala halqyna aınalyp kele jatqandyǵyn jáne aınala alatyndyǵyn anyq baıqaýǵa bolady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Mádenıetti adam. Ol kim?

Osy keıde on ekide bir gúli ashylmaǵan kókórim jastarǵa albyrttyqtyń saldarynan jibergen aǵattyǵy men qateligin túzeý maqsatynda apalyq qamqorlyqpen azǵantaı bir aqyl-keńes aıta bastasań, munyńdy muqatý, tuqyrtý dep oılaıtyndaryna túsinbeısiń.  Olardyń bári syndy solaı qabyldaıdy degen pikirden aýlaqpyz árıne, biraq kúndelikti ómirde mundaı jaıtqa jıi tap bolyp jatatynymyz ras endi. Munan soń aldyńǵy tolqyn apalarymyz ben aǵalarymyzdyń aldarynan kese-kóldeneń ótpeı, jumsaǵan jaqtaryna quldyrańdaı usha jóneletin baıaǵy bizdiń kezimizdegi jastardyń eleýsiz ǵana eskertilgen úlkenderdiń áńgimesinen keıin endigári sol kemshilikti qaıtalamaýǵa tyrysatyn elgezektigi, qarapaıymdylyǵy, kishipeıildigi, ıbalylyǵy sanamyzǵa saǵynysh sazyndaı sarqyla oralady. 

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Sheraǵań shertken sher

Qazaq jýrnalıstıkasynyń qara narlary Sherhan Murtaza men Kamal Smaıylovtyń «Egemendegi» hattary kezinde qoǵamdyq sanaǵa serpilis ákelgeni málim. «Qadirli Kamal Dos!», «Qadirmendi Sherhan!» dep bastap, el ómiriniń qaltarys-bultarystaǵy búkil problemasyn jipke tizip kórsetken, odan shyǵatyn jol izdegen eki tulǵanyń hattaryn qazir oqysań, alysty boljaı bilgen kóregendigine eriksiz tańǵalasyń. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу