«Кәдесыйларды тек бизнес көзі деп қарамау керек»

Бахаргүл Төлегенқызы! Бұл есім бүгінгі таңда көпшілікке етене таныс. Несімен? 

Егемен Қазақстан
16.10.2017 1597

Елі­міз­дің қоғамдық-мәдени өмірінде алғашқы болып ұлттық кәдесый бұйымдар топтамасын бизнес көзіне айналдырып және осы салада жетекшілік деңгейге көтерілген «Әдемі-Ай» ком­паниясын құрып, ұлт­тық этножәдігерлер мен қазақ тарихына қатысты артефактілердің заманауи жаңғыртпасын жасап, оны рухани құндылық ретінде халыққа ұсына алуы­мен елге танылған қарын­дасы­мыз.

«Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», деп Абай атамыз айтқандай, Бахаргүл бұл күнге, мұндай күйге, осындай дәрежеге таймас табандылығының арқасында жетті.

Әйтпегенде, ел тәуелсіздігін жаңадан алып, есін жинай алмай жатқан елең-алаң шақ, өткен ғасыр соңы, тоқсаныншы жылдардың басында туған жері Қобық-Сауырдың қойнауын тастап, оқып, жоғары білім алған Бейжіңді қиып, атажұртына оралған бойжеткенге ғайыптан біреу үйіп-төгіп ақша ұстатып, «мә, бизнес баста!», деді дейсіз бе?

Әңгімені біз осы арадан бас­тап: «Бахаргүл ханым, сіздің ұлттық кәдесый бұйымдар са­тып, бизнес бастауыңызға не себеп бол­ды?» деген алғашқы сұра­ғы­мызды қойдық.

– Әуелі менің өскен-өнген ортам бояуы қанық қазақы отбасы-тын. «Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, мен ес білгенде көргенім көркем кесте, аңдағаным ағаш аяқ-табақ, келі-келісап... Осылай бала кезден көзім қаныққан дүниелер түбі аңсатпай қоймайды екен. Демек, менің бүгінгі бизнесім, яғни кәдесый бұйымдарды сатуым – сол бір ескінің көзін, бағзының берекесін аңсаудан туған дүние. 

– Түсінікті. Жаңа бір­ сө­зі­ңізде «көнелікке құ­мар­­лық мені Бейжіңде оқып жүрген кез­де де тыныш таптырмады» деген сы­ңайда айтып қал­дыңыз. Осы ойы­ңызды тар­қата оты­рыңыз.

– Бейжің ауыл шаруашылығы институтының биология факуль­тетінде білім алдым. Осында оқып жүріп, қаланың көне бұ­йым­дарын әрі кәдесый сататын дүкендерін көп араладым. Мұн­дағы заттардың дені қытай халқының ежелгі тарихы мен байырғы мұрасының насихатшысы екенін аңғардым. Әрі өте өтімді тауар, әсіресе, шетелдіктер құмар.

Оқуымды бітірген соң 1994 жылы Алматыға ат басын бұр­дым. Мұнда келіп, білім алумен қа­тар бизнес көзін ашу қажет дегенге тоқталдым. Мақсатымды жете­леп базарға барсам, мұндағы кәде­сый дүкендерінде қытайдың бақа-шаяндары мен үнді пілдері самсап тұр. Демек, қазақтар бір-біріне өзгелердің дүниесін сыйлап жүр деген сөз. Бірден «ұлттың өз дүниесін өзіне неге сыйламасқа» деген ой туды. 

Өйткені ұлттық кәдесый де­геніміз – халқымыздың тарихы мен этнографиясынан хабардар ете­тін және этнотұрмыстық салт-дәстүрді насихаттауға арнал­ған, ең бастысы, болашақ ұрпақ өзінің тек-танымын біліп, тарихи санасының жаңғыруына қолай туғызатын дүние емес пе?! Бұл бір жағынан сауда, екіншіден, халқымыздың рухани қажеттілігін өтеу. Яғни кәдесыйларды тек бизнес көзі деп қарамау керек!

– Сөйтіп бизнесті бір­ден­ бас­тап кеттіңіз бе?

– Жоқ. «Ойдағы жоспарды даладағы нарық бұзады» дегендей, қаржылық қор жинап алмайынша іс алға баспайтыны белгілі. Сырттан кәдесый бұйымдарын қанжығалып тасуды бастадым. Бірте-бірте ұлт­тық бұйымдарға көштім. Бұған елдің көзі үйренді, сауда жүре бас­тады. 2002 жылы Алматыдан екі бөл­мелі шағын дүкен аштым. Бір бөлмесіне кәдесый бұйымдарды сатуға қойдым да, екіншісіне өзім­де ертеден жиналып қалған көне жәдігерлерді орналастырдым. Адам­дар осы арқылы менің кө­не бұйым жинайтынымды біліп, қолдарында бар антикварлық дүние­лері мен ескі зергерлік суве­нирлерін әкелетін болды. Бұларды бағасын келісіп сатып ала бердім. Сөйтіп мыңнан астам ескі жәдігер жиналды. 

– Бұл дүниелер қазір қай­да?

– Бұл дүниелердің басын қосып, 2011 жылы Алматы қа­ла­сын­да аумағы 200 шаршы метр «Әдемі-ай» атты жеке музей аш­тым. Қолымдағы жәдігерлер уа­қыт­тық және стилдік тұрғыдан жеке-жеке бөлімдерге бөлініп, сөрелерге орналастырылды. Музей қазір қала тұрғындарына тегін қызмет көрсетіп тұр. 

– Бәрекелді! Ісіңіз ілге­рі бас­сын, Бахаргүл ханым!­ Ал­маты­дағы музей жәді­герлері жай­лы бір ауыз сөз...

 – Жәдігерлердің дені қа­зақ халқының байырғы қол­дан­­балы өнер туындылары. Атап айт­қанда, сәндік-зер­­гер­лік бұйымдар, жауын­герлік жарақтар, жылқы жаб­дықтары, ескі тиындар секілді артефактілер. Жәдігерлердің құн­дылығы мен маңыздылығына келер болсақ, ең көне жәдігер – біздің жыл санауымыздың ІІ ғасы­рында, яғни Қараханидтер дәуірінен сәл ілгері қазіргі Құ­мыл ойпатында өмір сүрген ежелгі үнді мәдениетін ұстанушы Кушар (Кусәр) патшалығы шығарған тиындар. ХІ ғасырдың мұрасы қыш-керамикалар, сонымен қатар Қазақ хандығы кезеңіне тән темір сауыт-саймандар, ХІІІ-ХVІ ғасырларда жасалған зергерлік өнер туындылары бар. 

– Сөйтіп уақыт өте келе ұлт­­тық кәдесый бұйымдарын сау­далай­тын үлкен компания құр­дыңыз, солай емес пе?

– Әрине. Негізгі жұмыс­ты­­ – ұлтымыздың этнография­сын­ білуге, тұрмыс-салт бұ­йым­дарының ритуалдық мазмұ­нын зерт­теуге, сонымен қатар сим­вол­дық мәні басым тарихи һәм архи­тектуралық бейне-образдарды таң­дап алудан бастадық. Іс барысында танымал этнографтармен, ұлт­­тық санасы терең суретші-ди­зай­нерлермен ақылдастық. Нәти­жесінде, Алматыдағы Рес­пуб­лика алаңындағы «Алтын адам», Астанадағы «Бәйтерек» пен Тәуел­сіздік монументі қа­тар­лы қастерлі сәулет-мүсін­дердің кә­десый тү­ріндегі нұс­қасын жаса­дық. 

Мысалы, Парижге барсаңыз Эйфель мұнарасының мыңдаған кішкентай кәдесыйлық үлгі­лерін көресіз, сол сияқты қытай­лықтар да өздерінің ежелгі тарихи тұлғаларын, тіпті халық арасында өте көп тараған аңыз-ертегі кейіпкерлеріне дейін кә­де­сый етіп тастаған. 

Одан кейін Бәйдібек бабамыз­дан бастап, сол жылдары мерей­тойлық датасы өтіп жатқан Исатай мен Махамбеттің және Та­­раз қаласының кескіндемесі бә­дізделген кәдесый жасадым. Әрі қарай Тайқазан, Қорқыт баба кесенесі қатарлы сый-бұйым­дар дүниеге келді. Уақыт өте келе Ақ­төбе облысынан Әбілқайыр хан­ның мүсіндік тұлғасына тапсырыс келіп түсті. Екі ортада елорданың көрікті нысандары бой көтере бастады. Осыған байланыс­ты «Астана ай­шықтары» атты миниатюралық композиция дүниеге келді. 

Сонымен қатар халқы­мыз­­дың байырғы таным-түсі­нігі мен дәстүрлі ұғы­мында сақталған ритуал­дық дүние­лер – торсық, асық, жауырын түр­лерінен сти­мулдық экспо­зициялық туындылар жасадық. Бұған мемлекетік символға айналып үлгерген «Ал­тын адам» дуылғасындағы бейне-этюд­терді кіріктіріп, оған сағат-қалам қосып үстелге арналған кешенді сый-бұйымдар әзір­ледік. 

– Қысқасы, сіз халықтық құндылықтарды кәдесый ар­қы­лы ұлттық идеологияға айнал­дыр­дыңыз. Осыларға сұраныс қандай болды?

– Алғашында аздап тосыр­қау болды. Қазір ұлттық кәде­сыйларға деген сұра­ныс күн сайын артып келеді. Мені қа­нат­тандарып, жасап отырған ісіме деген ынта-шынтамды оятқан дүние осы. Атамыз қазақ «ізденген жетер – мұратқа» дегеніндей уа­қыт өте келе кәде­сыйларым мем­лекеттік ша­раларға жол тартты. Атап айтқанда, 2011 жылы Ал­­ма­ты – Астана қала­ларында өт­кен Азиада ойындарына қа­жет сувинер-бұйымдарды шы­­ғаратын құқыққа қол жет­кіздім. Спорт­тық шараның бой­тұмары «Ақ барыс­тың» жұм­сақ ойыншық бейне­сін және мүсінше, медаль, төс­бел­гі қылып жүздеген түрін шы­ғар­дық. 

Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті кезінде шетелден келген қонақтарға арналған веб-су­венирді де біздің компания жа­сап шықты. Тағы бір айтулы мереке Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында ұлыстың іргесін қалаған тұлғалар Керей мен Жәнібектен бастап, күллі қазақ тарихында орны бар хандарымызға арнап түгелдей кешенді акверальді табақшалар жасап, олардың билік басында болған уақыты мен тарихын бәдіздедік. 
Жуықта елордада өткен ха­лық­­аралық мамандан­дырылған ЭКСПО көрмесінің де лого­типін пайдалану құқығына ие бол­дық. Яғни көрменің бой­тұ­марына айналған «Сәуле – Қуат – Мөлдір» атты жұмсақ ойын­шықтар үштігін жасадық. Сәуле – күн энергиясы, Мөлдір – тамшы су, Қуат – өсімдік сим­во­­лын білдіріп тұр.

Біз көрмеге аз дегенде 2 млн адам келер деген жоспармен 200 мың данасын шығарып едік, орта жолда жетпей қалды да, артынан 100 мың, 150 мыңдап дүркін-дүр­кін жасадық. ЭКСПО көр­месін қорытындылаған тұс­­та үздік павильондарды анық­таудан бастап, 12 түрлі номина­цияға берілетін 12 дана құнды сыйлықты біздің компания жасады. 

– Бұл дүниелерді жасайтын­ өндіріс-фабрикаларыңыз қай­да?

– Әзірге компанияның зер­гер­лік бұйымдар жасайтын ұста­ханасы мен құрақ көр­пе, жастық, жаулық-жасау тіге­тін тігіншілер шеберханасы Алматыда жұмыс істеп тұр. Көп­ дүниелердің ал­ғашқы нұс­қасын осында жасап, тираждап өндіруді көрші Қытай елінің өндіріс-фабрикаларында жүзеге асырып жүрміз. 

– Компанияның басты тала­бы не?

 – Ол – сапа. Сондықтан біздің бұ­йымдар қымбат. Қара базар­дағы кәдесыйлармен салыс­ты­руға келмейді. Болашақта әлі де жаң­ғыртуды күтіп жат­қан дүние көп. Мысалы, ер-тұр­­ман немесе қамшы-бишік, саба-торсықты алы­ңыз. Бұлар қа­зір­гідей кәдесый ретінде үстел­де тұра берсе адамды жа­лықтырады ғой. Осыны ой­­лас­­­тыра келе кәдесый-бұ­йым­дар­дың күнделікті тұр­мысқа қа­жет түрлерін шығаруды қол­ға ал­мақ­пыз. Атап айтқанда, қам­шы-флеш­ка, торсық-магнитка, оюлы қалам дегендей. Еш жерде қайта­ланбаған әрі ұлттық маз­мұны мен айшығы қанық дүниелер жасасақ дейміз. 

– Бахаргүл ханым, Елба­сы­ның рухани жаңғыру макала­сында айтылған «Қазақ­стандағы 100 жа­ңа есім» жобасына қазіргі таңда 2200-ден астам адам үміт­кер ретінде тір­келді. Соның бірі сіз екенсіз. Осылай биіктен кө­ріне беріңіз!

– Рахмет. Тәңірім, бізге Қазақ елінің баянды болашағы үшін еңбек етуді нәсіп қылғай!

Әңгімелескен 
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

14.08.2018

Дзюдошы қыздар үш жүлде алуды көздеуде

14.08.2018

Делдалшылар көмір бағасын қолдан жасап отыр

14.08.2018

Астанада «Сергек» камераларының көмегімен 2 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған

14.08.2018

Құқықтық талапты сақтаса шетел телеарналарына шектеу жоқ - Дәурен Абаев

14.08.2018

БҰҰ Бас хатшысы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюын құптайды

14.08.2018

Қорытынды көрсеткіштер көңілге қонымды

14.08.2018

Қара жолдың қасиеті

14.08.2018

Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналған көрме-байқауы өтті

14.08.2018

Қажымұқан көтерген тас

14.08.2018

Арал аумағында атқарылар шаруа көп

14.08.2018

«Хрущевкалардан» құтылудың тиімді тетігі

14.08.2018

Оқулық шығаруда олқылықтарға жол берілмеуі қажет

14.08.2018

Байзақ батыр кесенесі

14.08.2018

Жеті айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 4% құрады — ҚР ҰЭМ

14.08.2018

Ұлы Абайдың туған күні тұңғыш рет Ташкентте тойланды

14.08.2018

Шәкәрімнің үш анығы

14.08.2018

Қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар саны өсуде

14.08.2018

Цифрлы қаржы: тез, арзан, тиімді

14.08.2018

Дулат Исабековтің кітапханасы ашылды

14.08.2018

Бекболат Әдетов шыққан белестер

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Арбамен қоянға жетер» күн қайда?

1998 жылы Kodak фирмасында 170 мың адам жұмыс істеген екен және әлем бойынша саудаланған фотоқағаздың 85 проценті дәл осы фирманың үлесіне тиген. Небәрі бірнеше жылдың ішінде олардың бизнес-моделі жойылып, фирма банкрот болған. Бұл нені білдіреді?

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Аграрлық саладағы болашақ мамандықтар

Сарапшылардың болжамдарына қарағанда, әлемдік аграрлық салада 15-20 жылдың ішінде революциялық өз­герістер жүзеге асырылады. Жаңа тех­нологиялардың шапшаң қарқынмен дамуы, ғарыш кеңістігін игеруге көптеген елдердің құлшыныс танытуы, гендік инженерия ықпалының күшеюі, азық-түлікке сұраныстың артуы, бос жатқан жерлердің азаюы секілді факторлар әлем бойынша жаңа технологиялармен қаруланған жаңа тұрпатты ауыл ша­руашылығын қалыптастырады. Сөйтіп ауыл шаруашылығы өзгерістерге барынша баяу бейімделетін ең консервативті сала деген бұрынғы түсініктің көбесі сөгіледі.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Бесінші саммит және Каспий «бестігі»

Кеше Ақтау қаласында Каспий маңы мем­лекеттері басшыларының Бесінші саммиті өтті. Аса маңызды халықаралық жиынға Қазақ­станның, Ресейдің, Әзербайжанның, Иранның және Түрікменстанның президенттері қатыс­ты. Тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәрте­бесі, теңізде экономика, көлік-транзит, эколо­гия, қауіпсіздік және басқа да салалар бойын­ша ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады. 

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Шалдың баласы

Қазақ менталитетінің өзіне тән тағы бір ерекшелігін айқындап, бекзат болмысын ажарлап әмбе сақтап келе жатқан әдет-ғұрыптарының бірі отбасындағы үлкен баланы, әсіресе ұлдың тұңғышын ата-әжесінің бауырына салу дер едік. Ол атасының баласы болып өседі. Шалдың баласы құдайдың еркесі, оны ешкім бетінен қақпайды. 

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Халық санының артуы – елге құт

Халық санының артуы Қазақстан сияқты жер көлемі үлкен, халық саны аз мем­лекеттерге ежелден маңызды мәселе­лердің бірі болып келеді. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу