Әдебиет • 07 Қараша, 2017

Сөзі – абыз, өзі – аңыз

714 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әдетте таңғы сағат тоғызда телефон шыр ете қалатын да, тұтқаны көтерсем Аубай аға:

– Ассалаумағалейкүм! – деп менен бұрын сәлем беретін. Екеуміз ел, мен жер, өткен-кеткен жайлы әңгімелесіп кетеміз. Сағат тоғыздан қалмай, жұмысқа ертемен келемін. Аға да не болса соны сөз етіп, уақыт алмай, нақты-нақты жағдай­лар­ды баян­дайды, жазғаны болса беріп жіберетінін айтады.

Сөзі – абыз, өзі – аңыз

Иә, 1995 жылы сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетов қасыма екі бірдей ақсақалымыз Заманбек Батталханов пен Бекболат Тұрысжановты қосып беріп, Шымкентке жіберді. Бәйдібек баба кесенесін салуға арналған 2,5 млн теңгені облыс жұртшылығы жинап берді.

Оңтүстік өңірде бір апта бойы Бәйдібек баба, Домалақ ене кесенелерін­де болып, біраз қасиетті жерлерді араладық. Сол сапардан кейін Бәйдібек бабадан тарайтын ұрпақ­тардың шежірелерін жинау туралы ой келіп, Серік Әбікенұлына ұсыныс айтып едім, ол кісі «Аубай ағаңмен ақылдас, сол кісі бұл үлкен жұмысты алып шығады», деді. Бәй­дібек бабадан тараған ұрпақтарынан Асан­бай Асқаров, Ізбасар Бал­тағұлов, Заманбек Баттал­ханов, Сәрсенбі Дәуітов, Еркеш Мәмиев, Марал Ысқақбаев, Бек­болат Тұрысжанов және басқа да қырық шақ­ты ел ағаларын жинап, ақылдасып бір­неше мәрте кеңесе келе бабадан тарайтын ұрпақтар шежіресін жинауды Аубай ағамызға жүктедік. Өйткені ол кісі отыз жылдан бері бабалар шежіресін жинап жүретінін жақсы білетінбіз.

«Бәйдібек баба – алып бәйтерек» атты ататек шежіре жинақтың көптомдығының жоспары жасалып, қызу жұмыс басталып кетті. Ол кезде мен халықаралық Жамбыл қорын басқаратынмын, бұл жұмысқа белсене араласып барлық жинақталған құжаттарды компьютерде тергізіп, сүзгіден өткізіп тұрдым. Міне, соның нәтижесінде аз жылда «Бәйдібек баба – алып бәйтерек» атты серия­мен бірнеше том кітаптар шықты. Ал шапырашты елінің шежіресін алғашқы болып, Аубай аға шығарып, кейін толықтырып, өмірінің соңында баспаға екінші басылымын тапсырып кетіп еді. Атақты батыр, аты бір елге ұран болған қолбасшы Қарасай бабамыздың 400 жылдығы жақындап келе жатқанда Аубай ағам «Қарасай батыр ізімен» атты мәдени-тарихи экспедиция ұйымдастырып, екі жарым жыл еліміздің түкпір-түкпірін аралап, қасиетті жерлерге тәу етіп, мол материал-құжат жинадық. Ең үлкен олжамыз – Қарасай батырдың бейітін таптық. Бұл істе сол Көкше өңіріндегі жазушы, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиевтің еңбегі өлшеусіз.

Қарасай батыр бейіті жатқан Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданындағы Айыртау тауының етегіне арнайы бір топ ұрпақтарын бастап Аубай аға Байғазиев ертіп барып, белгітас орнатып қайтқан еді. Кейін сол жерде қазақтың қос батыры – шапырашты Қарасай мен арғын Ағынтай батырларға үлкен кешенді кесенені халық­тың жоғын жоқтауға бейім тұратын Қайрат Сатыбалды бауырымыз тұрғызды.

Аубай аға республикалық «Қарасай батыр» қоғамдық қорын басқарып, алты алашқа аты кеткен Қарасай батырдың 400 жылдық мерейтойын өткізуге ерекше атсалысты. Алматыда және Таразда батыр бабамыз жайлы ғылыми-теориялық конференция өткізілді, Ұзынағашта атына заты сай биік тұғырлы айбарлы ескерткіш орнатылды, бірнеше кітаптар шықты. Міне, осының бәрін басқарып, ұйымдастырып, басы-қасын­да Әукең жүрді. Айтқанын істетпей, ойға ал­ғанын орындатпай тыным таппаушы еді жарықтық. Оған қоса басқаларға да қоз­ғау салып, көңілге жақпағанын тіке айта­тын алмас қылыш еді-ау, қайран Аубай аға. Өзі туып-өскен Қарасай ауданындағы Әйтей ауы­лында мешіт салдырып, оның салтанатты ашылуын ұйымдастырды. Әйтей батырдың ерлігі мен өмірін терең зерттеп, «Әйтей батыр» атты тарихи кітап жазып шығарды. Әйтей батырдың бейітіне кесене тұрғызды. Шапырашты Наурызбай батырдың 300 жылдық мерекесіне орай Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінде ғылы­ми-теориялық конференция өткізуге, Алматы облысы, Жам­был ауданындағы Қозы­басы тауының Басбатыр асуындағы биік Қа­ра­уылтөбеге арнайы ескерткіш тұрғы­зу­ға ерекше ынтасымен кірісті. Құртқа тәуіп, Көшек, Медет­бек батырлар, Андас датқа, Медеу мырза және басқа да тарихи тұлға­лар­дың бейі­т­терін тарихи тұрғыдан нақты анықтап, басы­на белгі қоюға да көп еңбек сіңірді.

Қайран, Аубай аға!

Кайыспас қайсар, қара нардай жігерлі едіңіз. Келініңіз бен балаңыз, неме­ре­л­еріңіз оқыстан опат болғаннан күйік ішіңізге түсіп, айықпас дерт айна­л­дыр­ғанда да сыр бермедіңіз. «Ауру – нар атан­ды да шөктіреді» дейді ғой. Бірақ сіз иіл­м­едіңіз, бүгілмедіңіз, ауру-сырқауы­ңыз­ды емес, ел-жұрт қамын ойлаумен болдыңыз. Аяғыңызды қара саннан кесіп тастап, балдақпен жүріп қалғанда да мойымай, көпшіліктің көкейкесті мәсе­ле­леріне белсене араласып, игі істерді шешу­­мен айналыстыңыз. «Арыстанның белгісі – артына қарап ақырмайды, Қас батырдың белгісі – қос өкпеден оқ тисе де, дұшпанына сыр беріп бақырмайды», демеуші ме еді бұрынғы өткен даналарымыз. Сіз тік жүріп, түп-түзу қалпыңызда дүниеден оздыңыз. Ғибрат ғұмыр, шежіре көңіл, дариядай ақыл-өнеге, елағалық қадір-қасиетіңіз – артыңызға аңыз болып қалды, аға. Өзіңіз өскен Қаскелең қаласындағы ұзын да әдемі бір көшеге есіміңіз берілді. Сізсіз міне, уақыт зырлап өтіп жатыр. Сіз орныңыз да, ісіңіз де бөлек, ерекше тұлға едіңіз. Тірі болсаңыз бүгіндер 80 жасыңызды мәре-сәре тойлап жатар едік-ау... Қайсыбірін айтайын аға, сіз жинаған мақал-мәтел, өлең, аңыздар, шежірелер – ұрпақтан-ұрпаққа қалар киелі дүниелер, мәңгілік ғибрат.

Аубай ағамыз қайтпас қайсар алып күш иесі, үлкен қайраткер азамат еді. «Жақсының алды – кең» демекші көп, өте көп адамдарға шапа­ғатыңыз тиді. Еліміз­дің танымал ақыны Нәзі­кен Алпамысқызы кіта­бының тұсаукесерін қалай өткізерін білмей алдыңызға барғанда бар мәселесін шешіп, келістіріп тұрып ақын кешін өткізіп беріп едіңіз. Көптеген өлең­дерін жатқа оқитын және өзіңіз жақсы көре­­­тін Жарылқасын Аман­ұлының кітабын шығаруға да қолұшын бердіңіз. «Кеңесіп іс басқару – келелі елдің белгісі, Жұмыла жұмыс ат­қару – өрелі елдің белгісі». Адам ғұмыры – оның азды-көпті жасаған жасымен емес, істеген ісімен өлшенеді емес пе?!

Аубай ағаның азан шақырып қойған аты – Әбубай. Ол кісі 1937 жылы қарашаның жеті­сінде Алматы облысы Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданы Әйтей батыр ауылында дүниеге келген. Әкесі Байға­зы Ұлы Отан соғысынан оралмай жаста­йынан жетімшілік көріп өскен Аубай, Қас­келеңдегі балалар интернатында тәр­биеленіп, Абай атындағы қазақ орта мектебін 1956 жылы бітірді. Отан алдын­дағы төрт жылдық әскери міндетін әскери-теңіз флотында өткерген соң, 1965 жылы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық инс­ти­тутының электр факультетін бітіріп, Қазақстан Республикасының энергетика және электр­лендіру мекемелерінде еңбек етті. 1975 жылдан партия және кеңес органдарында лауазымды қызметтер атқарды. Алматы қаласының Әуезов, Медеу аудандары әкімшілігінде бөлім бастығы, аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Қазақ мемлекеттік Жоспарлау комитетінде бөлім басқарды. Қазақстан Республикасы Даму (Эксимбанк) банкінде әкімшілік департаментінің бастығы болды.

1972 жылдан бастап қазақтың түп-тарихын, шығу тегін, тарихи генеология­лық даму тармақтары мен ататектік ше­ж­іресін зерттеп, жинастырумен айналыс­ты. 1998 жылы Мекке-Мединеге барып, қажы­лық парызын орындап қайтты. «Ауыл шежіресі», «Демалыс», «Әйтей батыр», «Бәйдібек баба – алып бәйтерек», (1-том), «Шапырашты» атты кітаптарды жарыққа шығарды. Қандай істі қолға алса да аяғына дейін жеткізіп, тиянақтап бітіргенше жан таппайтын. Әсіресе «Бәйдібек баба – алып бәйтерек» атты шежіре кітапты жинап, кітап етіп бастырудағы жанкешті, орасан ізденімпаздық жұмысына таң қалмасқа болмайды. Ұзақ жылдар бойы тірнектеп жинаған еңбегін одан әрі жалғастырып, Бәйдібек ұрпақтарынан кейін жалайыр, қаңлы, шаңышқылы, сіргелі, содан кейін бүкіл қазақтың біртұтас шежіресін жинап, жеке-жеке көптомдық шығарсам деген арманы бар-тын. Оған дайындалып, көптеген дерек, мәлімет, құжаттарды жинап та қойған болатын. Бүкіл еліміздің шежіресі жайлы қандай сұрақ берсең де егжей-тегжейлі терең білетін керемет шежіреші-тарихшы еді Аубай аға. Соңғы жылдары ол кісі әртүрлі аңыздар мен ғибратты әңгіме, мақал-мәтелдерді жинауға айрықша ден қойды. Өзі ақылдастар алқасының мүшесі болған «Қазақ батырлары» газетінің әр санында танымдық-тарихи материалдар жариялап тұруды әдетке айналдырды.

Ай – түнде керек болса, ақыл – күнде керек. Аубай аға аспандағы жарқыраған күн­дей көпшілікке мейірімін төгіп, шапаға­тын шашып тұратын ақылман тұлға еді. Жасы­ған­ды қайраттандырып, жылаған­ның көз жасын сүртіп, ел-жұртына жақсылық істесем деген ізгі мақсатты пір тұтқан, та­би­­ғат ерекше жаратқан асыл жан болатын. Айлар да өтер, жылдар да жылжыр, уақыт керуені бір әуенмен алға жүре берер. Әйтсе де халық жүрегінде, ел есінде Аубай Бай­ғазы­ұлының есімі мәңгі қалары ақиқат. Сіз бүгін биік-биік таулардың ар жағында аппақ бұйра бұлттарды асып, тәкаппар басы мәңгі мұз-қардан дулыға киген ғажап шыңға айналып кеттіңіз Аубай аға! Сіз тым биікте, шырқау көкте мына біздерге, жеті қат жердегі қарапайым тіршілік иелеріне қиырдан көз салып, бағыт-бағдар беріп тұратын ұлы рухқа айналдыңыз. Сізді қанша сағынып, аңсап, көргіміз, жүз­де­сіп, дидарласқымыз келсе де тым биікке шырқап кеткенсіз. Сізді бұлт жасырып көрсетпейді.

...Міне, таң атпай жұмысқа келдім. Телефон да үнсіз. Сізді ойлап отырмын. Сөй­леспей, пікірлеспей бір күніміз өтпеуші еді. Көңілім шерлі, көзімде жас, көкірегім толы сағыныш... Әлі сіз жөнінде айтылар, жазылар дүниелер, естеліктер көп, өте көп, аға...

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы

АЛМАТЫ