Аймақтар • 22 Қараша, 2017

Мұхтар Құл-Мұхаммед Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды

295 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед 21-22 қараша күні Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды

- Жақында ғана Елбасымыз партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізіп, сол жиында Қазақстанда Президент тапсырмалары қалай орындалып жатырғанын тексеруді маған тапсырған еді. Міне, сол үшін кеше Маңғыстау облысында, бүгін Батыс Қазақстанда болып, Елбасы тапсырмаларының орындалу барысын қадағалап жүрмін, - деді Мұхтар Абрарұлы журналистерге өз сапарының мәнісін түсіндіріп.

Мұхтар Құл-Мұхамедтің алғашқы бас тіреген жері – «Күбілей» ЖШС болды. Жылына 10 мың тоннадан аса өнім шығаратын бұл кәсіпорында күніне 250 ірі қара, 700-ге дейін қой сойылады. Мал еті әртүрлі тоңазытудан өтіп, бөлшектеліп, вакумды қаптамаға салынып, тұтынушыға жол тартады. «Күбілейдің» 50 пайыз өнімі экспортқа шығады. Осы кезге дейін кәсіпорын дайындаған ет Мәскеу, Санкт Петербург секілді ірі мегаполис сөрелеріне түссе, биылдан бастап Иранға да жөнелтіле бастады. Өндіріске халал технологиясын ендіру арқылы жаңа көкжиек ашылған. Қалдықсыз технология қолға алынып, мал сүйегінен ұн жасайтын жүйе жақында іске қосылмақ. Мұхтар Құл-Мұхамед кәсіпорынды түгел аралап, жұмысшылармен кездесті.

- Президенттің үдемелі-индустриялы дамуға арналған бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан облысына 340 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл – өте үлкен қаражат. Осы қаржыға қазірдің өзінде 30-дан астам жаңа кәсіпорын салынды және өңірге, елімізге жұмыс істеп тұр. Батыс Қазақстан облысы – ауыл шаруашылығына қолайлы өңір ғой. Мұнда 1 миллионнан астам қой, 570 мыңнан астам ірі қара бар. Енді бұл өнімді иігілікке жарату, нарыққа сай өткізу керек. Міне, етті Иран нарығына шығару әрекеті жемісті басталды. Осындай кәсіпорындар көп болса, өңірдің экономикасы да алға жылжиды, - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Бұдан кейін «Стеклосервис» ЖШС-ның жұмысымен танысқан Мұхтар Құл-Мұхамед өңірде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына көңілі толғанын айтты. Әу баста әйнек кесумен ғана айналысқан шағын кәсіпорын бүгінде әйнектің бірнеше түрін шығарып, өнімінің тең жарымын экспортқа жібереді. Жылу сақтағыш, соққыға шыдамды, қауіпсіз бұл өнімдер Австрия технологиясымен дайындалған. Әдеттегі әйнектен 7 есе мықты өнімнің кереметін көзімізбен көрдік: салмағы 100 келіден асатын жігіт үстіне шыққанда күздігүнгі мұздай майысып, солқылдағанымен, шыны сынбады! Сөйтсек, «Стекло-Сервистің» өнімі Астанада өткен өндірістік бағыттағы тауарлар көрмесінде жүлде алған екен. Бұған қоса Финляндияның «Дженерал Финланд» компаниясымен бірігіп шығарып жатқан құрылыс материалдары, есік-терезелер жылу сақтағыштығымен ерекшеленеді.

- Міне, жаңа технологияны өндіріске енгізу нәтижесі осындай болады. Елбасымыз «экономиканы диверсификациялау керек» дегенде дәл осы мәселені айтқан болатын. Қазір Қазақстанның қай жеріне барсаңыз да құрылыс қарқынды дамып жатыр. Астанада, еліміздің солтүстігі мен шығысында ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендейді. Ол жерлерге мынадай жылу үнемдегіш жабдықтар, жаңа технология өнімдері өте керек. Алтай Сейдірұлы, бұл өнімдерді Астанада жақсылап таныстыру қажет, - деді Мұхтар Құл-Мұхамет өңір басшысына қарап.

Әрине, іс тетігін маман шешетіні белгілі. Индустриялық-инновациялық даму жолына түскен елімізге жаңа тезхнологияға сай еңбек ететін білікті мамандар керек. Әсіресе тікелей өнім шығаратын төменгі буын жұмысшылардың маңызы ерекше. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары өңірде арнаулы орта білім беретін оқу орындарының жай-күйімен танысу үшін Орал мұнай-газ және салалық технологиялар колледжіне арнайы келді. 16 түрлі білікті маман даярлайтын бұл білім ордасында 2140 студент білім алып жатыр екен. Барлық зертхана, шеберхана, сынақ алаңдарымен жабдықталған колледжде мұнай-газ саласынан өзге бүгінде сұраныс көбейген мал дәрігері, құрылысшы, өрт сөндіруші, жерге орналастырушы секілді мамандар да оқытылады. Колледж директоры Серік Мұхамбеталиевпен бірге оқу орнын аралап шыққан Мұхтар Абрарұлы өңірдегі барлық арнаулы оқу орындары өкілдері жиналған көрмеге де бас сұқты.

- Батыс Қазақстан облысында жақсы үрдіс байқадым. Мұнда Совет кезінен қалған арнаулы орта білім беру жүйесін жоймай, сақтап, тіпті дамытқан екенсіздер. Кейбір өңірде мұндай колледждер жаппай жекешеленіп кетті. Олар кейін жекеменшік ЖОО-ға «айналып», топырлаған заңгер мен экономист «шығарумен» айналысты. Бізге олардан түк пайда жоқ, бізге жас мамандар, іс адамдары керек. Мәселен, 4-5 жыл оқып, жоғары білім алған мұғалімнің жалақысы 70-80 мың теңге болса, өз кәсібін меңгерген мықты жұмысшылар 100-150 мың теңге жалақы табады, - деді Мұхтар Құл-Мұхамед.

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарының екінші күні «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысады. Мәртебелі мейман аралап көрген 180 пәтерлік үйді «Болашақ-Т» компаниясы тұрғызған. Немістің Vollert фирмасының үлгісімен тұрғызылатын ірі панелді құрамаларды компания өз комбинатында жасайды. Мұндай үйдің ерекшелігі – өте аз уақытта, бар-жоғы 2 ай ішінде құрастырылады. Құрылысқа керекті материалдың 80 пайызы – отандық өнім.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Орал қаласы

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45