Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2017

«Ұлы даланың Ұлы перзенті» атты кітаптардың авторларымен кездесу өтті

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде «Ұлы даланың Ұлы перзенті» атты Елбасы туралы жазылған кітаптардың авторларымен кездесу кеші өтті. Әуелі келген қонақтар арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесімен танысты. Онда Елбасының жазған еңбектерімен қатар, Президент туралы кітаптар қойылып, Елбасының өмірі мен еңбек жолынан мол деректер қамтылды. Содан кейін келушілерге Елбасы туралы деректі фильм көрсетілді. Жиынға келушілер мұнда Мемлекет басшысының жуырда ғана Жамбыл облысына арнайы келген іссапарын тамашалады. Бұдан кейін кештің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, кешті университет ректоры Махметғали Сарыбеков жүргізіп отырды.

«Ұлы даланың Ұлы перзенті» атты кітаптардың авторларымен кездесу өтті

Әуелгі сөзді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев алып, Елбасының ерен еңбегіне тоқталды. Әкім өз сөзінде Мемлекет басшысының қамқорлығын жамбылдықтардың да жете сезініп отырғанын жеткізіп, өңірде түрлі жобаларды іске асыруда Елбасының маңызды рөлін атап өтті. Ал Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған Елбасының әр жылдары жазған тарихи-саяси еңбектерінің маңыздылығын айтты. Ғалым өз сөзінде Елбасының әрбір еңбегі қазақ елінің даму бағдарын айқындап, келешекке жол сілтеп отырғанын да жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай өзінің журналистік қызметіндегі Елбасының шет мемлекеттерге іссапарын жазу барысындағы есте қаларлық оқиғаларымен бөлісті.

Жазушы, журналист Айтбай Сәулебектегі Елбасы өмірінен кітап жазу қызық әрі қиын екенін айта келе, өзі Елбасы туралы кітап жазу барысында мол мағлұматтарға қаныққанын айтып өтті. Елбасы алғаш еңбек жолын бастаған Қарағанды облысының Теміртау қаласынан Мәскеуге дейін барғанын, сол сапары барысында Елбасы туралы көптеген маңызды деректер кездестіргенін әңгімеледі.

 Жалпы, Елбасы қамқорлығымен «Болашақ» бағдарламасы аясында еліміздің мыңдаған жастары әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алып келеді. Елбасының бұл бастамасы талай жастың тұғырға қонуына ықпал еткенін айтқан «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Қанат Әуесбай тәуелсіз қазақ елі үшін алдағы уақыттарда еңбек ететінін жеткізді.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы