Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2017

Жамбыл облысында жобалар жүзеге асуда

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел тәуелсіздігінің тарихында Әулиеата өңірінің әлеуетін арттырып, экономикасын қарқынды дамытқан жарқын жобалар жам­был­дықтардың жадында. Бүгін­де облыс халқы инвестиция игілі­гін көріп, жүзеге асып жатқан жақсы жұмыстардың куәсі болып отыр. Бұл орайда мемлекеттік бағ­дарламалардың да өңірлер үшін өркенді істерге бастамашы болып отырғанын айта кеткен жөн. 

 

Жамбыл облысында жобалар жүзеге асуда

Елбасы Ұлт жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамда» индустрияландыру және экономикалық өсім туралы айтқан болатын. Өз кезегінде өңірлерге инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу да егемен елдің ерекше қарымын айқындайтын үрдіске айналуда. Осы орайда Жамбыл облысында өткен төрт жылдың және ағымдағы жылдағы он айдың көлемінде 1096,9 миллиард теңгеге инвестиция тартылыпты. Ал Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамыту­­дың 2015-2019 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасы аясында өңірде Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша жалпы құны 568 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобаларды іске асыру барысында құрылыс жұмыстары кезеңінде 6951, іске қосылу кезеңінде 6085 жаңа жұмыс орнының ашылуы жос­парлануда.

Мұндағы әрбір жобаның өңір дамуы­на ғана емес, мемлекеттің өрлеуіне де қосатын үлесі аз емес. Мәселен, өңірде Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Нидер­ланд, Франция, Чехия, Италия, Иран, Германия, Түркия, Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері және Малайзия сияқ­ты мемлекеттердің инвесторлары инвестициялық жобаларды іске асырып келеді. Тартылған инвестициялар да сан алуан. Айталық, ет экспортын жүзеге асыруда БАӘ инвесторлары жарқын жобаларды қолға алды. Сол сияқты Франция инвесторлары да өңірде құрылысқа қолданылатын цемент өндіруде белсенділік танытып отыр. Ал Ұлыбритания инвесторлары жүзеге асырған күн көзінен қуат алатын «Бурное Солар» электр станса­сы жасыл экономиканың серпінділігін арт­тыруда.

«2015-2016 жылдары және 2017 жыл­дың он айында жалпы құны 35,2 мил­лиард теңгені құрайтын 19 жоба іске асырылып, 1170 тұрақты жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылдың аяғына дейін құны 4,7 миллиард теңге болатын тағы 4 жобаның іске асырылуы көзделуде», дейді облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке.

Бұл күнде Әулиеата өңірі инвес­ти­циялық аймаққа айналып үлгерді деуге болады. Мәселен, қазір жалпы құны 6 миллиард АҚШ долларына жете­тін 32 инвестициялық жоба қарас­ты­рылуда. Сол сияқты қытайлық ком­пания­лардың қатысуымен жалпы құны 1,9 миллиард АҚШ долларын құрайтын 9 инвестициялық жоба қолға алынған. Елбасының тапсырмасы бойынша облыста жалпы құны 2,2 миллиард АҚШ долларын құрайтын 4 трансұлттық ком­панияның 4 инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақ.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы