Зайсанның Пелесі

Өзі туып-өскен ауданының футболын, футболын ғана емес, спортын биік белеске көтерген, әлі де осы салада тынбай тер төгіп келе жатқан Секен Бодаевқа жерлестері осындай ат беріпті. Бұл атты нақты қашан алғаны кейіпкеріміздің есінде жоқ. Сірә, құйындай құйғытып, тастақ жердің опыр-топырын шығарып, көз ілеспес жылдамдығымен талайды тамсандырған бозбала шағында алса керек.

Егемен Қазақстан
15.01.2018 5615

Тастақ жер демекші, аяқ­доп шеберінің футболдағы ал­ғаш­қы қадамы дәл осы тастақ ста­дионнан басталыпты. «4-сы­ныптағы кезім. «Жұлдыз» деген кинотеатрдың артында тас­тақ стадион болатын. Балалармен сол жаққа барып қалыппын. Үлкен кісілер доп ойнап жатыр екен. Неге екенін өзім де білмеймін, сол сәттен бастап футболға деген қызығушылығым оянды. Сол жылы сыныбымызға жаңадан бір оқушы ауысып келді. Өзінің спорт мектебіне баратынын, футболға қатысатынын мақтана айтып жүрді. Бір күні мені сонда шақырды. Бардым. Аяғымда керзі етік. Үстімде ағамның костюмі. Ойынға кіріп кеттім. Жүгіріп жүрмін, бір құлағанда қалтамдағы шекілдеуігім сау ете қалды. Сол кезде Шорман Мазақов деген алғашқы бапкерім, кейін бірге қызмет еткен ұстазым жаныма келіп: «Сен қайдан келдің? Неғып жүрсің?» деді. Ойынымды сырттан бақылап тұрыпты. Сөйтіп футбол деген сиқырлы әлемге еніп кеткенім бар», деп әңгімесін әріден бастады футболшы ағамыз.

Спорт мектебіне жазылғаннан кейін өз құралпыластарымен бірге аудандық жарыстарға қаты­сады. 8-сыныптан бастап ауданның құрама командасына алынып, бір жылдан кейін обл­ыс құрамасында ойнайды. Онын­шы сыныпты бітіргеннен кей­ін әскери борышын өтеу үшін Калининградқа жол тартады. Әскерде жүргенде де футболдан қол үзбейді. Дивизияның құрама командасының сапына алынып, округ, Балтық жағалауы біріншіліктеріне қатысып, жүл­делі орындардан көрінеді. Бірде өзі әскери борышын өтеп жүрген дивизия Калининград қаласындағы «Балтика» деген футбол командасымен ойнап, 3:1 есебімен жеңіліс табады. Жеңіліп қалса да, жалғыз гол соққан қазақ баласының ойын өрнегіне қарсыластары қызығушылық танытып, өз командаларына шақырады. Бұл команда сапында біраз уақыт жартылай қорғаушы болған Секен Бодаев «қал» деп өтініш жасағандарына қарамастан, елге қайтуды жөн көреді. Елге келгеннен кейін Қарағандыда оқып жүрген кезінде жақсы ойыншы ретінде көзге түсіп, сондағы әйгілі «Шахтер» командасына шақыру алып, екі жарым жылдан астам уақыт жартылай қорғаушы ретінде өнер көрсетеді. Алайда жиі-жиі жарақаттанып, көп ойынға қатыса алмайды. Туған жерге оралып, біржарым жылдай аяғын емдеткеннен соң бапкерлікке біржолата бет бұрады.

1981 жылдан бастап Зайсанның балаларын жаттықтыруды қолға алады. Ең әуелі 1970 жылы туған балаларды іріктеп алып, аяқ­доптың қыр-сырын үйретеді. Нәти­же де көп күттірмейді. Үш шәкір­ті Алматыдағы сол кездегі жал­ғыз республикалық спорт интер­натына шақырылады. Ай­дар Мыра­мытов деген шәкірті Қазақ­стан құрамасында ойнайды. Болат Бопаев пен Жанболат Қале­таев деген оқушылары да тама­ша ойын өрне­гін көрсетеді. 1972 жылы туған шәкірттері де өңірде қарсылас шақ келтірмей, бірнеше дүркін облыс чемпионы болады. Арыстанбек, Дархан деген шәкірттері «Восток» командасының сапына шақырту алады.

Тәуелсіздіктің елең-алаң ша­ғын­дағы қиын­дық­тар Зайсан­да­ғы спорт мектебін де айналып өтпеді. Мектептің бір жылға жуық уақыт жұмысын тоқтатқан кезі де болды. Алайда футбол, еркін күрес пен волейбол бөлімдерінің жаттықтырушылары сол шақ­та­ғы мектеп басшысы Ға­лым Мұқатаевпен бірге сын сағатта сыр білдірмей мек­тепті сақтау үшін бір тиын да жа­лақы алмай бір жыл тегін жұмыс істейді. Ал Бо­даев болса, ба­лаларды футболға баулуын тоқ­татпайды. «Бәрі есім­де. Қиын­дықтар көп болды ғой. «Қалай­да жарысқа бару керек» деп үй­дегі соңғы ақшаны алып кеткен кездері де аз болған жоқ. Кей­де түсінуге тырысасың, бірақ қа­шанғы шыдайсың, рен­жі­ген шақ­тарым да болды. Мұның бәрі оның жұмысына деген адал­дығы, шын көңілімен беріл­гендігі деп ойлаймын», дейді спорт­шы­ның өмірлік серігі Күлімхан Қосан­баева.

Тоқырау жылдарындағы азда­ған үзілістен кейін жаттықтырушы шәкірттері ауданның жеңісті жолын одан әрі жалғастырады. 1987-1988 жылдары туған оқушылар 2002-2003 жылдары екі жыл қатарынан облыс чемпионы болады. Облыс атынан Таразда өткен республика чемпионатына қа­ты­сады. Руслан Сарқытбекұлы мен Ермек Игіліков деген оқушылары «Во­с­токқа» шақырылады. Олар­дың ізін ала 1990 жылы туған тағы бір шәкірті Мақат Мағазға да осы команда «құда» түседі. Бұл – «Востоктың» Премьер-лигада ойнайтын кезі. Алайда об­лыстың бас командасы аттай қалап, шақыруын шақырғанымен қазақтың қаракөздерін шет­қақ­пайлап, алаңға шығармай қойған кездері де болыпты. «Өскеменге барған сайын туыс­тарымды емес, шәкірттерімді аралайтынмын. Жағдайларымен танысып, жаттығуларын, ойындарын қарайтынмын. Жасыратыны жоқ, ол кезде «Востокта» бапкер­лердің көбі орыс ұлтының өкілдері болатын. Орыс балалары кішкене әлсіздеу, дайындығы төмен болса да негізгі құрамда ойнап жү­ретін. Мақат Мағаз деген шәкір­тімді көп уақыт шығармай қойғаннан кейін «Востоктың» жаттықтырушыларына «шығар­ма­саңдар, басқа командаға апарамын» дедім бір күні. «Қайда барады дейсің?! Ертең-ақ қайтып келеді» дегендей мысқылдай күлді. Содан не керек, әлгі шәкір­тімді Алматы облысының «Же­тісу» командасына амалсыздан ауыс­тыруға тура келді. Біраз уа­қыттан соң «Жетісудың» қосал­қы командасы Өскеменде «Вос­токпен» ойын өткізді. 2:1 есебімен «Жетісу» жеңіп, Мақат бір гол соқты. Сол кезде «Востоктың» бапкерінің маған ренжігені бар. Ара-тұра осындай жағдайлар болып тұрады. Шәкірттеріңді басқа облысқа жетіскеннен жібермейсің. Тиісті қолдау болмағаннан кейін бағын байламайын, жолына кедергі болмайын дейсің. Әйтпесе өз өңіріңнің мерейін асырғанға не жетсін?», деді спорт жанашыры.

Отыз жылдан астам уақыт Зайсан аудандық спорт мектебінде футболдан жаттықтырушы қызметін абыроймен атқарған Секен Бодаев 2014 жылдан бері талай таланттарды түлеткен қара шаңырақ тізгінін қолына ұстап келеді. Жаңа директор бұрыннан бар дәстүрлі спорт түрлеріне жеңіл атлетиканы қосып, мек­теп­тің аясын кеңейте түсіпті. Қазір аудандық спорт мектебінде оқушылар еркін күрес, бокс, жеңіл атлетика, футбол, волейбол, қазақ күресі сынды спорттың 6 түрімен шұғылданады. Аз уақыт мұғдарында қол жеткізген нәтижелері көңіл қуантарлықтай. Еркін күрестен үш бала өз салмақтарында облыс чемпионы болып, ел біріншілігінде жүлдегер атаныпты. Екі оқушы Өскемендегі дарынды балаларға арналған интернатқа қабылданыпты. Спорт мектебінде осыдан үш жыл бұрын ашылған жеңіл атлетика бөлімінде тәлім алған екі оқушы – бірі найза лақтырудан, бірі сырықпен секіруден ел чемпионатында күміс жүлде иеленіпті. Бокстан 4 бала Өскемендегі дарынды балаларға арналған интернатқа шақырылып, 2 оқушы Моңғолияда өткен халықаралық турнирде топ жарыпты. Спорт мектебіне бірнеше жас жаттықтырушы жұмысқа алыныпты. «Айдос Қиямазанов, Қайрат Жақыпов, Ермек Досбосынов секілді жаттықтырушы жігіттердің өз жұмысына адалдығы қуантады. Олар спорт үшін, шәкірттері үшін жанын беруге әзір. Кейде балаларды жарысқа апарғанда ақша жетпей жатса өз қалталарынан төлеп, шәкірттерін сайыстан қал­дырмауға тырысады. Зайсан­ның іргесіндегі ауылдарға арнайы барып, балаларды жат­тық­тырып жүр. Осындай азамат­тар­мен жұмыс істеудің өзі бір ға­нибет», дейді мектеп дирек­торы. Спортқа жанашыр азамат әріптестерінің әлеуметтік, отбасылық жағдайларын да назардан тыс қалдырмайтынын аңғардық. Өзі қызметке шақырған қазақ күресінің жаттықтырушысы Ермек Досбосыновқа қызметтік баспана алуға жәрдемдескені сөзімізге дәлел.

Кейіпкеріміз спорт мектебінің директоры қызметін атқарып келе жатса да, балғын футболшыларды жаттықтыруға әркез уақыт табады. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» дегендей, табиғатынан салмақты, артық сөзге жоқ Секен ағамыз өзі­нен гөрі шәкірттері, ұстаздары туралы көбірек айтқанды жөн көре­тінін байқадық. «Маған футбол әліппесін үйреткен Шорман ағаға алғысым шексіз. Өзінің баласынан артық көрмесе, кем көрген емес. Спорт мектебін ұзақ жыл басқарған Ғалым ағадан үй­рен­геніміз көп. Әлі де ақыл-кеңесін тың­дап, бағыт-бағдар алып тұ­рамыз», дейді спорт ардагері.

Осыдан екі-үш ай бұрын Зайсан ауданының әкімі Темір­бек Қасымжанов спорт мекте­бі­не жаңа көлік тарту етіпті. Со­ның нәтижесінде спортшылар қалаған жарысына қалаған уақы­тында баруға мүмкіндік алыпты. Аудан басшылығының бұл қамқорлығына алғысын білдірген мектеп директоры «енді балалардың тамағы мен жатар орнына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылса жақсы болар еді» деген тілегін айтты.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

16.08.2018

Азиада-2018: су добынан Қазақстан қыздар командасы қытайлықтардан ұтылды

16.08.2018

Футболдан УЕФА суперкубогының финалы Ыстамбұлда өтеді

16.08.2018

Партия өкілдері «Ақтау теңіз портының» жұмысымен танысты

16.08.2018

Нұрлан Ноғаев: «Мектеп сауда орны емес»

16.08.2018

Мәулен Әшімбаев Астанада партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді

16.08.2018

Астанада «Таңғажайып Қытай» атты фотокөрме ашылды (ФОТО)

16.08.2018

АҚШ-тың әйгілі кәсіпқой боксшысы Рой Джонс Рудныйда рэп оқыды

16.08.2018

«II Абай оқулары» жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді

16.08.2018

4 қыркүйекте Пәкістанда президенттік сайлау өтеді

16.08.2018

Нұрғали ОРАЗ. «Соавтордың» соры

16.08.2018

Түркістан облысында «Бұ­л – біздің таулар!» фес­­тивалі өтті

16.08.2018

Илья Ильиннің бала күнінен естелік

16.08.2018

«Қызыл сызықтан» асқандар қадағалана ма?

16.08.2018

Футболдан Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде бір сатыға жоғарылады

16.08.2018

Абай ауылы алған асулар

16.08.2018

Ажал аузынан аман қалған

16.08.2018

«Қазақфильмнің» жүзден астам кинокартинасы ТМД мен Шығыс Еуропаның ірі видеосервисіне шықты

16.08.2018

Үстел теннисшілерінің әлемдік рейтингі жаңартылды

16.08.2018

Қостанайда Қытай тракторлары құрастырылады

16.08.2018

Головкин мен «Канело» 26 тамыз күні Лос-Анджелесте ашық жаттығу өткізеді

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Ертеңгі ұрпақтың да еншісі бар

Қойнауы құт қазақ жері тәуел­сіз­дігі­міздің ширек ғасырдан асқан шежіресінде ел экономикасын тұралап қалу қасіретінен сақтап келеді. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Мәдениетке мән берсек...

Үйіміздің жанындағы азық-түлік сататын дүңгіршекке соңғы кезде сатушы құтаймай-ақ қойды, жиі-жиі ауысады. Бұрын тіпті мұнда сатушы қыздардың Павлодардан қатынап істейтінін естіп-біліп жүретінбіз. «Екі апта Астанада сауда жасасақ, екі апта бала-шағамыздың қасында болғанға мәзбіз. Ауылдан қалаға қатынап істеудің азабы мен машақаты мұндайды бастан өткізген адамға ғана мәлім. 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Арбамен қоянға жетер» күн қайда?

1998 жылы Kodak фирмасында 170 мың адам жұмыс істеген екен және әлем бойынша саудаланған фотоқағаздың 85 проценті дәл осы фирманың үлесіне тиген. Небәрі бірнеше жылдың ішінде олардың бизнес-моделі жойылып, фирма банкрот болған. Бұл нені білдіреді?

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Аграрлық саладағы болашақ мамандықтар

Сарапшылардың болжамдарына қарағанда, әлемдік аграрлық салада 15-20 жылдың ішінде революциялық өз­герістер жүзеге асырылады. Жаңа тех­нологиялардың шапшаң қарқынмен дамуы, ғарыш кеңістігін игеруге көптеген елдердің құлшыныс танытуы, гендік инженерия ықпалының күшеюі, азық-түлікке сұраныстың артуы, бос жатқан жерлердің азаюы секілді факторлар әлем бойынша жаңа технологиялармен қаруланған жаңа тұрпатты ауыл ша­руашылығын қалыптастырады. Сөйтіп ауыл шаруашылығы өзгерістерге барынша баяу бейімделетін ең консервативті сала деген бұрынғы түсініктің көбесі сөгіледі.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Бесінші саммит және Каспий «бестігі»

Кеше Ақтау қаласында Каспий маңы мем­лекеттері басшыларының Бесінші саммиті өтті. Аса маңызды халықаралық жиынға Қазақ­станның, Ресейдің, Әзербайжанның, Иранның және Түрікменстанның президенттері қатыс­ты. Тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәрте­бесі, теңізде экономика, көлік-транзит, эколо­гия, қауіпсіздік және басқа да салалар бойын­ша ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу