Аймақтар • 18 Қаңтар, 2018

Табиғаттың тосын мінезі Әулиеатаны әбігерге салып тұр

1463 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Желтоқсан айында қар көрмеген Жамбыл облысы қаңтар айының екінші онкүндігінде ақ ұлпаның астында қалды. Жалпы, қыс мезгілі қатал аймаққа жатпайтын өңірде үш күн бойы қардың толассыз жаууы тұрғындар үшін шынында да айта қаларлық құбылыс болды. Тосын мінез танытқан табиғат қарапайым халықпен бірге шаруаларды да әбігерге салуда. Сонымен қатар балалардың мектепке қатынауы қиындай түсе ме деген қауіп те жоқ емес. 

Табиғаттың тосын мінезі Әулиеатаны әбігерге салып тұр

Негізі күз келіп, күн суытқаннан бастап көпшілік биылғы қыстың қатал болатынын айтқан еді. «Ха­лық айтса қалт айтпайды» деген ма­­қа­лдың шындығына мұн­дай­да көз анық жете түседі. Бірақ өткен жыл­дың қазан мен қараша ай­ла­рында-ақ Әулиеата қалың қар­дың құшағына оранады деген бол­жам қаң­тар айында ғана расқа шық­ты. Қа­зір жапалақтап жауған қар тіпті кү­реуге де дес бермей отыр. Де­ген­мен жергілікті билік тарапынан бұл мәселеде қиындық туындай қойған жоқ.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Тараз қаласында қардың қалыңдығы 22 сантиметрге жеткен. Ал облыстың шалғайдағы Сарысу мен Талас аудан­дарында 25-30, табиғаты тосын Жуалы ауданында 28-35, ал Мойынқұм ауданында 20-22 сан­ти­метрді құраған. Облыстың өзге ау­дандарында да жағдай осындай. Бірақ биылғы жауған қардың азая­тын, қыс қаһарының қай­та­тын түрі жоқ. «Қазгидромет» қардың әлі де қалың түсетінін хабар­лап отыр. Табиғаттың бұл то­сын мінезі соңғы онжылдықта өңір­­­де болмаған жағдай. Тек осыдан он екі жыл бұрын қар бір­шама қа­лың түсіп, елді әбігерге сал­ған еді. Қалааралық жолдарды айт­па­ғанда, аудан мен аудан, ауыл мен ау­ыл арасын жалғайтын жолдар­да қатынауда біраз қиындықтар туын­даған. Ал көнекөз қариялар  мұндай қалың қардың соң­ғы рет 1969 жылы жауғанын айтып отырғанын естігенбіз. Содан бері Жамбыл өңірінде қырбақ қар бол­ға­­нымен, дәл мынандай қыстың бол­ғ­аны сирек құбылыс екен. Тіпті теле­фонға күн сайын үздіксіз келіп жат­қан хабарламалардың өзі де әлі де күннің суытатынын, қардың бұ­дан да қалың жауа түсетінін ай­ғақ­тай­тындай. Не болса да өңір тұр­ғы­ндары үшін бұл бұрын-соңды бол­маған оқиға болып тұр.

Алайда халықтың қала ішінде облыстық, республикалық маңызы бар жолдарда еркін қозғалуы үшін үш күннен бері өңірде қар тазалау науқаны басталып кетті. «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ Жамбыл об­лыс­тық филиалының басшысы Дәурен Тоқтаровтың айтуынша, қар тазалау жұмыстары бүгінде басты назарда. Облыстың қауіпті аймақтары болып саналатын Қордай және Жуалы аудандарының Күйік асу­ларында да тазалау жұмыстары жүр­гізілген. «Бүгінгі таңда облыс арқылы өтетін халық­ара­лық, рес­пуб­ликалық маңызы бар жол­дар­дың бәрі ашық. Тұрғ­ынд­ар­дың қау­іп­сіздігі басты назарда. Қазір қар таза­лау жұмыстарына алпыстан астам тех­ника тартылып, мамандар тиісті жұмыстар атқаруда», дейді ол.

Қыстың көзі қырауда қала ішін­дегі қозғалыстың да қиындай түсе­тіні анық. Бірақ күнделікті тір­шілік табиғаттың тосын мінезін тағы күтіп тұрмайды. Сол себепті қа­ла көшелерін ретке келтіру мәсе­ле­сінде тынымсыз еңбек қажет бола­ды. Бұл орайда «Жасыл Ел Та­раз» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігінің жұмысы маңызды. Атал­ған мекеме басшысының өнді­ріс­тік атқару бойынша орынбасары Мұхамеджан Арзымбетов се­рік­тестікке тиесілі қаланың 88 кө­шесі үш күннен бері тазаланып жатқанын айтады. Жалпы, ме­ке­­менің меншігінде 42 арнайы тех­ни­ка болғанымен, бүгінде олар ес­кірген екен. Әйтеуір жұмысқа жарап тұр.

Облыс орталығына жақын Т.Рысқұлов ауданының Тереңөзек жә­не Қайыңды ауылдарында қар­дың қалыңдығы 45 сантиметр­ге жет­кенімен, әзірге жағдай қалыпты екен. Жалпы, аудан бойынша 9 ел­ді мекеннен 13 орта мектепке 656 бала тасымалданады. Бұл мақсатқа ауылдық округтер 14 автобус бөлген.

Жамбыл және Байзақ аудандарында да жағдай тұрақты. Жамбыл ауданында 9 ауылдық округтен 12 мектепке 997 оқушыны тасымалдау үшін көлік қарастырылған. Ал 10 мектепке барып-келіп оқитын 704 бала үшін Байзақ ауданында 10 көлік бөлініпті.

Өңірдегі шалғай аудандардың бірі – Мойынқұм. Аталған аудан­да­ғы Мыңарал кенті мен Мыңарал стан­сасындағы мектептер салқын екен. Дегенмен бұл мәселе де ше­ші­мін тауып, 200-ге жуық бала ау­дан орталығындағы Т.Рысқұлов атын­дағы орта мектептің интернатына орналастырылған. Бұл да болса ата-аналардың алаңдаушылығын тудырмайтын, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдай.

Қыстың қатал сыншы екені аян. Әсіресе шалғай жатқан елді мекендер үшін бұл мезгілдің мұңы көп. Мал шаруашылығымен жан бағып отырған отбасылардың да алаңдауы орынды. Сонымен қатар балалары келесі ауылдағы мектепке барып оқитын ата-аналар үшін де қыстың қаупі мол. Дегенмен табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл жоқ. Тек «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, қапы қалмаудың жолын іздеп қамданғанда ғана үлкен мәселелер туындай қоймайды.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы