22 Қаңтар, 2018

Байыпты саясат – баянды болашақ кепілі

1079 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штат­­тарына жасаған ресми сапары екі елдің арасындағы дип­­­ломатиялық байланыстар­ды заман талабына сай уақытпен үндес­тіре отырып, стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түскені сөз­сіз. Себебі Пре­зи­денттің бұл сапа­рының саяси-дипломатиялық мән-маңызы ауқымды әрі астары терең.

Байыпты саясат – баянды болашақ кепілі

Тәуелсіздікті жариялағаннан кейін Сыртқы істер министрлігінде еңбек еткен біздер Қазақстан мен АҚШ-тың арасындағы дипломатиялық байланыс орнатудың басы-қасында жүрдік. Ол кезде Сыртқы істер министрінің мін­детін атқарушы болып жұмыс істей­тін­мін. Алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашқан Америка болып табы­лады. Қазақстанның Орталық Азия өңі­­ріндегі әлеуеті мен оның кемел келе­ше­­гіне көз тіккен АҚШ билігі бұрынғы КСРО құрамынан шыққан тәуел­сіз мем­лекеттердің ішінен бірінші болып Алматы қаласында өз елшілігін ресми түрде ашты. Біз дипломат ретінде осыған тікелей атсалыстық.

Әлі есімде, 1992 жылы шілде айын­да С.Сейфуллин даңғылында бір қабатты ғимаратта бірінші рет қазақ жерінде шет мемлекеттің дипло­ма­тиялық миссиясы ресми ашылды. Шетелдердің біздің тәуелсіздігімізді «де-юре» қағаз жүзінде емес, «де-факто» мойындап, елшілігін ашуы үлкен саяси халықаралық оқиға болды. Қазақстан Үкіметі тарапынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары О.Сосковец және Сыртқы істер министрінің міндетін атқа­ру­шы – мен қатыстым. Бұл үлкен шарада басқа да Үкімет мүшелері, депутаттар, қоғамдық ұйымдар, баспасөз өкілдері болды. Америка дипломатиялық миссиясы басшысымен бірге елшіліктің алдында АҚШ-тың туын қазақ жерінде көтергенде мемлекетіміз қайта қалпына келгенін сезініп, қуанышым қойныма сыймады. Себебі мұндай тарихи оқиға қайталанбайды, ресми түрде елшілік бір рет қана ашылады.

Ал енді Елбасымыздың Орталық Азияның бауырлас халықтарын тату­ластырып, ұлтаралық татулықты ны­ғай­ту бағытындағы жұмыстары әлем­дік сая­сат сахнасында жоғары бағаланады. Мұның бәрі де Нұрсұлтан Әбішұлының алысқа көз тігіп, сарабдал саясат ұстана алатын қасиетінің айқын көрінісі. Бұл сөзімізге мынадай деректер айқын дәлел бола алады. Қазақстан халықаралық құқық негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Жарғысы бойынша әлемдік аренада бейбітшілікті қолдайтын әрі қорғай­тын бағыт ұстанады. Осы арада Н.Назарбаевтың халықаралық шең­берде батыл бастамалар көтеріп, Азия­да­ғы өзара ықпалдастық және сенім шара­лары кеңесінің құрылуы мен оның жұмыс істеуіне тікелей бастамашы болғанын ерекше атап көрсеткім келе­ді. Сондай-ақ ресми Қазақстан 1947 жыл­ғы 29 қарашадағы БҰҰ Бас Ассам­блея­сының шешімі негізінде Палес­ти­на мемлекетін мойындау жөнін­дегі ұста­нымын айқындады. Таяу Шығыс­тағы тыныштық пен бейбітшілік біздің елге қажет. Бұл жердегі көрегендік те Мемлекет басшысының еншісіне тиесілі. Таулы Қарабақтағы армян-әзербайжан арасындағы даулы мәселенің түйінін тарқату ісінде де Елбасымыз тікелей кі­рісті, тара­п­тардың соғысты тоқтатуына елеулі үлес қосты. Бұл жерде Әзербайжан елі ис­­ламдық діни ұстаным мен түркілік те­гі­міз жағынан бізге жақын ел. Ал Арме­ния­­ны бізге КСРО кезіндегі одақтас рес­­пуб­лика ретіндегі байланыс­тарымыз жа­­қындатады. 

Сол секілді, айрықша атап өтуге тұрар­лық тағы бір елеулі оқиға ТМД-ның құрылуы мен оған мүше-мем­ле­кеттер санының артуы еді. 1991 жыл­­дың 21 жел­тоқсанында Алматы қала­­сында Тәуел­сіз Мемлекеттер Дос­тастығына қатыс­ты келісімдерге қол қойылды. Мұның алдында Кеңес Ода­ғы­ның құрамында болған Балтық жаға­лауында орналасқан үш мемлекет «бізге Кеңес Одағы да, ТМД да керек емес. Біз еуропалық елдер­дің санатындамыз» деп ашық мәлімдеме жаса­ған еді. Енді қалған 12 елдің өзара ын­ты­­мағын сақтайтын ұйымды құру мәсе­лесі Алматыда өз шешімін тапты. Оның алдында ғана сол жылдың 8 жел­тоқсанында КСРО-ны таратып, ТМД құруға ынталы үш мемлекет – Бела­русь, Ресей және Украина басшы­сы өз­а­ра келісімге келген болатын. Яғни Ке­ңес Одағы ыдырағаннан кейінгі ел­дер­дің басшыларын Алматыда бір үстел­­дің басына жинап, олардың ТМД-ға мүшелікке өтуіне ерекше жағ­дай жаса­ған Нұрсұлтан Әбішұлы еді. 

Бұл жерде талқыланған негізгі тақы­рып­тың бірі – мемлекет басшы­ларының өз еріктерімен Кеңес Одағын тарату мә­селесі мен оның орнына құқықтық шарт­тар мен бостандығымыз сақталған ба­ламалы ұйымға кіру жайы болды. Әрине, басқосуда мемлекеттер арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнату мен сол уақыттағы шекараларды мойындау, өзара сауда-саттық пен барыс-келістің жай-жапсары сынды мәселелерді жан-жақты қарап, тараптар бір келісімге келгені белгілі. Міне, осындай игі істерге бастамашылық етуде біздің Президентіміздің алдына түскен ешкім болмады. 
Бұл жерде ескере кететін тағы бір жайт, бастапқы үш мемлекет еуро­па­лық славян-христиан елдерінің санаты­на жатса, Орталық Азиядағы тегі – түрік, діні – ислам 5 мемлекет бұл қауымдастықтан шеттеп қалатындай еді. Осы тұрғыдан алғанда түрлі ел­ара­лық және дінаралық алауыздықты өр­ші­тудің алдын алу мақсатындағы ау­қымды шаралар ТМД-ның құрылуы мен Алматы Декларациясының қабыл­да­­­нуына ұласты. Бұл істер ресми түр­де халықаралық деңгейде Кеңес Ода­ғы­ның тарауына соңғы нүкте қойды және Қазақстанды барлық көрші мемлекеттер мойындады. Міне, осы бір аумалы-төкпелі кезеңде күрделі істің барлығының сәтті жүзеге асырылуында Елбасының еңбегі ерен екені сөзсіз.
Ал енді ТМД құрылуының ең алдымен Қазақстан үшін пайдасы мол болды. 

Өйткені мұндай ұйымның жұмыс іс­теуі бұрынғы КСРО аумағында ты­ныш­­тық орнату және сауда-эконо­ми­калық қарым-қатынастарды жандандыруда өз маңыздылығын көрсетті.

Осы орайда, аймақтағы халықаралық тұрақтылық пен тыныштықтың сақта­луына Шанхай ынтымақтастық ұйымы­ның да қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз екенін атап өткен ләзім. Әсіресе соң­ғы жылдары Қазақстанның аталған ұйым­мен жұмыс істеу белсенділігі артқаны сөз­сіз. Ал мүшелікке Пәкістан мен Үндіс­танның қосылуына зор ықылас танытқан мем­лекеттер басшыларының арасында Н.Назарбаевтың беделі жоғары. Соңғы екі елдің ұйымға мүшелікке өтуі оның аясындағы халық санының артуымен ғана шектелмей, қайсыбір елдердің бұл ұйымды басқарудағы басымдығын азайтты.

Н.Назарбаевтың әлемдік саясат сахнасындағы қарым-қабілеті мен абырой-беделі Ресей мен АҚШ арасын­да­ғы сан құбылып жататын шиеле­ніс­тің ше­шіліп, өзара түсіністіктің қалып­та­суы­­на өзіндік оң әсерін тигізетін мүм­кі­н­діктері бар.

Ал енді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіміздің Қазақстан үшін биік мәртебе екені сөзсіз. Өйткені арғы-бергі тарихымызда Орталық Азия, Кавказ республикаларының сыртқы сая­сатында мұндай мәртебеге ие болған ел жоқ десек те болады.

Біздің Президентіміздің әлемдік де­ң­гейдегі ауқымды тағы бір ерлігі – яд­ро­сыз әлем құру бастамасы дер едім. Жер жаһанда қазіргі кезде ядро­лық қару жасау мүмкіндігі бар мемле­кеттер аз емес. Ал енді олар өз деген­дерін іске асырып, бас-басына ядро­лық қару сайлап ала берсе, Жер шары­ның жағдайы қалай болады? Әлем бола­шағын ойлаған, бәрімізге ортақ бір планетамызды қалай аман-есен сақ­тап қалу жолын ойлаған Қазақстан бас­шысы БҰҰ Бас Ассамблеясында ядро­лық қарусыз әлем құруға ұсыныс жаса­ған. Оны көп мемлекеттер қолдады. БҰҰ Қау­іпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мү­ше­сі Қазақстанның Президенті реті­н­де Н.Назарбаев Нью-Йоркте Ұйымның Бас Ассамблеясында сөз сөйлеп осы өзекті мәселені бүкіл әлем алдында тағы да көтерді.

Осындай қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған Үндеуді Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялайтындай жөні бар-ақ. Себебі ол Қазақстан өз тәуел­сіз­­дігін алған сәттен бастап ядро­лық қарудан бас тартып, Семейдегі сынақ полигонын жаптырды. Осындай тағ­дырлы сәтте таңдаулы шешім қабыл­дай білген Елбасымыздың дүние жүзі халқына ядролық қауіпсіз әлем құру бастамасын қалай айтса да жарасымды әрі толық құқылы дер едік.

Қорытындылап айтсақ, Президент Н.Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары, АҚШ Президенті Д.Трампен ке­ліссөзі, БҰҰ-ның Бас Ассам­блея­сын­да сөйлеген маңызды сөзі екі ел ара­сындағы мәселелерді ғана емес, ха­лық­аралық жағдайды ретке келтіруге, ын­ты­мақтастықты нығайтуға бағытталды және бұл мақсат толығымен жүзеге асты.

Сайлау БАТЫРША-ҰЛЫ,
Қазақстанның дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қайраткер, профессор

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45