Қазақстан • 13 Ақпан, 2018

Елорда әкімдігінде қала тіршілігінің маңызды мәселелері талқыланды

290 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астана әкімдігінде апта сайын болатын аппараттың кезекті жиыны өтіп, онда жылу маусымы, көшелерді тазалу және қаладағы құқық тәртібі мәселесі қаралды.

Елорда әкімдігінде қала тіршілігінің маңызды мәселелері талқыланды

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун жаяу жүргіншілер жолы мәселесін шешу мен жаяу жүргіншілер жолындағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша әкімнің тапсырмасы қалай орындалып жатқаны жөнінде баяндады. 

«Жолаушылар тасымалдау басқармасы мен Астана қаласы ІІД ӘПБ бірлесіп, бақыланбайтын қауіпті жаяу жүргіншілер учаскесін анықтады. Олардың жалпы саны – 104. Оның ішінде  транспорт қиылысында орналасқан 16-на жобалау-сметалық құжаты дайындалды, ал қалған 88-і – жаяу жүргіншілер жолы. Бұларға да ІІД ӘПБ келісіп схема жасалмақ», – деп хабарлады С.Хорошун. 

Естеріңізге сала кетейік, Астана әкімі Әсет Исекешев 2018 жылы жаяу жүргіншілер жолына қатысты қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Яғни барлық магистральді жолдағы жаяу жүргіншілер жолын алып тастап, бағдаршам орнатуды, кедергісіз біріктірілген «жасыл толқын» деп аталатын автотранспорт ағымын қамтамасыз ету. Ал кішігірім көшелердегі жаяу жүргіншілер жолағын қалдырып, оын жарықтандыру керектігін айтқан-ды. Бұл мәселені де осы 2018 жылы шешуі тиіс. 

Әсет Исекешев аудан әкімдеріне қарата автобус аялдамаларын білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау басқармаларымен бірлесіп, жылы аялдамалар орнататын орынды жоспарлау керектігін айтты. Бәрінен бұрын олардың орналасқан жері мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы, мектепке, ауруханаға, басқа да әлеуметтік нысандарға жақын болуы керек. Биыл күз бен қыс айы жақындағанша қажетті жерлерге жылы аялдаманы орнатып үлгеру қажет. 

Осыған байланысты, әкім Сергей Хорошунге бір аптаның ішінде аялдаманың тізімі мен жоспарын бекітіп, жобаны іске асыруды тапсырды. 

Ал төтенше жағдай, санитарлық-эпидемиологиялық, қала тіршілігіндегі ағымдағы нысандардың ахуалы және жылу маусымының барысы туралы қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов баяндады. Оның айтуынша, өткен аптада төтенше жағдайлар тіркелген жоқ, жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты, жағдай бақылау деңгейінен асып кетпеген. Астанада жылу маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Энергия көздері жанар-жағармай қорындағы нормативпен қамтамасыз етілген. 

Қылмыстық ахуал мен астанадағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде қолданған шаралар жөнінде қаланың ІІД басшысы Марат Қожаев есеп берді. 

«Астанада оперативті жағдай тұрақты. Өткен аптада 502 қылмыс тіркелді. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 101 оқиғаға аз және өткен жылмен салыстырғанда 326 оқиғаға азайған. Қылмыстың ізін суытпай 73 оқиға ашылды, бұрын жасалғаны – 41, өткен жылғысы – 25. Сот пен тергеуден қашып жүрген 9 қылмыскер ұсталды, із-түзсіз жоғалып кеткен 5 адам табылды. Уақытша тергеу изоляторына 39 адам жіберілді», – деді М.Қожаев. 

Бейнебақылау камерасының көмегімен 14 қылмыс анықталып, 1 303 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. 

Құқық бұзбаудағы «Нөлдік төзімділікті» енгізу жұмыстары жалғасуда. 1 142 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның 75-і ұсақ бұзақылық, 85 – тыныштықты бұзу, 256 – алкогольді ішімдік ішу, қоғамдық орындарда масаң күйде жүру, бекітілмеген жерлерде 303 темекі шегу оқиғасы, 394 – абаттандыру ережесін бұзу, белгіленбеген орында сауда жасау – 29. 

Дәрі-дәрмек пен оның қоры туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров баяндады. 

Айтуынша, қаланың барлық стационары қажетті дәрі-дәрмектер қорымен және медициналық құралдармен жабдықталған. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үнемі бақылауда тұр. 

Қаланың қоғамдық транспортының жұмысы жайлы «Астана LRT» ЖШС басқармасының төрағасы Бекмырза Игенбердинов айтып шықты. 

Әсет Исекешев халықтың тарапынан қоғамдық көліктің жұмысына қатысты әлі де көптеген сауалдары барын айта кетті. Осыған байланысты, кәсіби жүргізушілерді тарту бойынша жұмысты күшейту қажеттігін, кәсіби дайындықты қамтамасыз етіп, халыққа ыңғайсыздық тудырмас үшін автобустардың уақтылы өз линиясымен жүру керектігін алға тартты. Сондай-ақ, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде апта сайын есеп беріп тұруын тапсырды. 

Аппарат отырысында қаланы абаттандыру мәселесі бойынша Алматы, Есіл, Сарыарқа ауданы әкімдерінің баяндамалары да тыңдалды.