Қазақстан • 26 Ақпан, 2018

«Қарағанды – Елбасымыздың еңбек жолын бастап, маңдай тері төгілген жер»

207 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов халыққа есеп беру кездесуін дәл осындай сөздермен бастады. «Жалпы алғанда, – деді өңір басшысы, – облысымыздың өткен жылғы дамуы жаман болған жоқ. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен бір жыл ішінде бірқатар оң өзгерістерге қол жеткіздік. Экономиканың барлық саласында ілгері даму бар. Атқарылған жұмыстар да аз емес». 

«Қарағанды  – Елбасымыздың еңбек жолын бастап, маңдай тері төгілген жер»

Облыста, бір күнде...

Есептік кездесуде Ерлан Қошанов Қарағанды облысының бір күнін нақты цифрлар  арқылы сөйлетіп, қызғылықты мысал-мәліметті алға тартты: «Орташа есеппен бір күнде Қарағанды облысында 100 мың тонна көмір, 75 мың тонна мыс және 45 мың тонна темір кені өндіріледі. Аймақ экономикасына орташа есеппен күніне 1 млрд теңге инвестицияланады. Бюд­жетке 933 млн теңге салық түседі. Ста­тис­тика бойынша, бір күнде шартты түр­де 371 тонна ет, 183 тонна нан, 1,7 млн жұмыртқа, бір тоннадан астам сүт өн­діріледі. 2 млрд теңгеге тауарлар сатылады. Күніне орташа есеппен мың шаршы метрге жуық тұрғын үй немесе 10 жаңа пәтер салынады. Облыс бойынша күніне 62 жаңа тұрғын дүние есігін ашады».

Бұдан кейін облыс әкімі өткен жылы атқарылған істерге шолу жасап өтті. Мысалы, 2017 жылы облыста өнер­кәсіп өнімінің көлемі 2,3 трлн тең­гені құрап, нақты көлем индексі 104,1% болыпты. Облыстың индустриялан­дыру картасында 11,5 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 103 жоба барлығы айтылды. Бүгінде 252,1 млрд теңгенің 84 жобасы жүзеге асы­рыл­ған. Кәсіпорындарда 6 мыңнан ас­там жаңа жұмыс орны ашылған. 2017 жылы 7,7 млрд теңгенің 8 жобасы іске қосылып, 301 жұмыс орны  құрылған. Жаңғырту және цифрландыруға облыс кәсіпорындары 11 млрд теңге көлемінде инвестиция құйыпты. Аймақ экономикасына тартылған инвестиция көлемі 10%-ға өсіп, 358,8 млрд теңгені құраған.

Ауыл – алыстағы аутсайдер емес

Құрылыс бойынша облыста 2017 жылы 5 әлеуметтік маңызды нысан тұр­ғы­зылған. Бір жыл ішінде 374 мың шар­шы метр тұрғын үй (3393 пәтер) салы­нып, 45,1 млрд теңге инвестиция құйылыпты. 2017 жылы 33,5 млрд тең­геге жалпы қолданыстағы 863 шақы­рым автокөлік жолдарына жөндеу жүргізіліп, екі мыңнан астам жұмыс орны ашы­л­ған. Республикалық маңыздағы авто­жолдардың 477 шақырымы, облыс­тық маңыздағы жолдардың 61 ша­қы­рымы, қалалық және аудандық ма­ңыз­дағы жолдардың 325 шақырымы жөн­деліпті. Білім саласы да басты назар­да болған. Былтыр аталған саланың бюджеті 12%-ға өсіп, 94,5 млрд теңгені құрады. Денсаулық сақтау саласына 2017 жылы 76,4 млрд теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,2%-ға жоғары. Медициналық көмек көрсету жағдайын жақсарту мақсатында 2017 жылы денсаулық сақтау саласының 31 нысанына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінген. Жалпы алғанда, аурухана­лар мен емханалардың 35 мың шаршы метріне жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Агроөнеркәсіп кешені былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 246,5 млрд теңгені құрап, нақты индекс көлемі 101,6% болыпты. Ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерге 14,6 млрд теңге сомасында мемлекет­тік қолдау көрсетілген, бұл 2016 жылға қарағанда 39,5%-ға көп.

Ауыл демекші, облыс әкімі баянда­масының бас жағында әрбір қазақтың жүрегіне жылы тиер сөздерді айтты. «Жалпы, ауыл – бұл қазақтың ат байлар ата қонысы, алтын бесігі. Ұлттың ұйытқысы, рухтың қуат алар қайнар көзі. Мемлекеттің тірегі де, жүрегі де сол ауылдардан басталады деп есептей­мін. Бүгінгі ауыл алыстағы аутсайдер, меңі­­реу түкпірдегі мекен емес», деді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, әкім­нің биік мінберден айтқан бұл сөздерінің аста­рынд­а алдағы уақытта ауылға деген көңіл мен көзқарастың айрықша болатыны жатқандай көрінді.

Облыста шағын және орта бизнестің дамуына мемлекеттік қолдау мол сеп­тігін тигізуде. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша өңірде  250 жоба қолдау тапқан. Соның нәтижесінде, аймақ экономикасына бөлінген 1,5 млрд теңге көлеміндегі субсидияға 32 млрд теңге көлемінде инвестициялар жұмыл­дырылған. 2017 жылдың қоры­тын­дысы бойынша, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 4,1%-ға өсіп, 2,3 трлн теңгеге жеткен.

Есептік кездесу барысында залдағы екі микрофонға жету үшін кезекте тұрғандардың қарасы мол болды. Өңір басшысына толғақты проблемаларды арқау еткен сұрақтар қойылды.

Әлихан – біздің жүрегімізде

Өткір сұрақтың бірі Теміртаудағы экология мәселесі туралы болды. Еске салсақ, қаңтар айында металлургтер қаласына түнде жауған қар таң ата қап-қара түске боялып, бұл төтенше оқиға қала тұрғындарының орынды наразылығын тудырған болатын. Об­лыс әкімі Теміртаудағы экологиялық жағ­дайды тәуелсіз сарапшылардың қа­ты­­суы­мен құрылған жұмыс тобы жан-жақты зерттеп жатқанын жеткіз­ді. Мәселені оң шешу үшін жедел және жүйелі түрдегі шаралардың қарас­тыры­­лып жатқанын айтты. «Кешендік жос­парға бірінші кезекте кәсіпорынды жаңғыр­ту бойынша шаралар енгізіледі. Негіз­гі әрекеттің бірі – қаланы көгал­дан­­дыру. Бұл мақсатқа облыстық бюд­жет­­тен қаражат бөлеміз», деді Ерлан Қошанов. Бұған қоса, облыс әкімі ақпан­­ның аяғына таман Теміртаудағы эколо­гиялық жағдайды зерттеу үшін халық­аралық сарапшы­лар келетінін, сол кезде ұйымдастыры­ла­тын дөңгелек үстел жұмысына өзінің де қатысатынын жеткізді.

Қарағандының тұрғыны Ләззат Қожах­метова қаладағы Октябрь ауда­ны­на не себептен Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың есімі беріл­мей отырғаны жөнінде сұрақ қойды. Ө­ңір басшысы бұл маңызды мәселеге байыппен қарап, ең бастысы, сол аудан­да тұратын 200 мыңнан астам тұрғын­ның пікірімен міндетті түрде санасу керектігін атап өтті. «Әлихан Бөкейхановтың кезінде «Қазақ» газетіне «Халқына қалтқысыз қызмет еткен, еңбегі сіңген  тұлғаның есімі қағазда емес, жүрек түкпірінде сақталуы тиіс», деп жазғанын оқығаным бар еді. Олай болса, Әлихан Бөкейхановтың есімі біздің жүрегіміздің түбінде сақтаулы, ал жүректің түкпіріндегі нәрсе қағазға түбінде түседі», деді Ерлан Қошанов.

Бір жылдың жемісі

Төрт сағаттан астам уақытқа созылған есептік кездесуде облыс әкімі қойылған сұрақтардың бәріне егжей-тегжейлі жауап беруге тырысты. Керек жерінде көтерілген мәселелер бойынша тиісті мекемелердің жауапты басшыларына қолма-қол тапсырмалар беріп, олардың орындалу мерзімін нақтылап отырды. 

Жалпы, Қарағанды облысы әкімінің қызметіне тағайындалғанына бір жылға жуық  уақыт болған Ерлан Қошановтың жұмысына тұрғындардың басым бөлігі оң баға беріп жатты. Аймақ басшысының аяқ алысына жылы лебіз білдіргендердің қатарында үнемі сыни бағыт ұстанып жүретін Айтқожа Фазылов та болды. Әсіресе, ол облыс әкімінің өткен жыл­дың желтоқсан айында кеншілер мен «АрселорМиттал Теміртау» компания­сы арасындағы еңбек дауының оң ше­шілуіне себепкер болған мәмілегерлік ісін  атап өтті. Сонымен қатар облыс әкімі­­нің тікелей араласуымен ірілі-ұсақ­ты про­блемалары шешімін тауып, көңіл­дері жайланған өзге тұрғындар тарапынан да көптеген алғыс айтылып жатты.

Ең бастысы, облыс әкімі тұрғын­дар­мен тікелей байланыста болуға, олармен ашық үнқатысуға түсуге әрдайым дайын екенін көрсетті. Көмек қолын созуды өтін­гендерге құрғақ уәдені үйіп-төгіп бер­ме­генін де айта кеткен жөн. Көп жағ­дайда алдымен қозғалған мәселенің зерт­телетінін, содан кейін барып заң аясында тиісті шешімдер қабылданатынын  айтты. Дұрыс шешімнің  қашанда егесе жүр­ген елде емес, кеңесе білген жерде ғана болатынын еске салды Ерлан Қошанов.

Қарағанды облысы әкімінің есептік кездесуіне Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Президент Әкім­шілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлім­­герей Бекбергенов, «Нұр Отан» пар­­тия­сының хатшысы Ғабидолла Әбді­рахымов, Парламент Сенатының депу­таттары Рысқали Әбдікеров, Сергей Ершов және Мәжіліс депутаттары Нұрлан Әбдіров, Нұрлан Дулатбеков қатысты.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ