Аймақтар • 02 Наурыз, 2018

Алып даланың аңызы мен ақиқаты

1813 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел мен жердің тарихынан тағылым алып, өнеге өрген өлкеден аңыз ғибратын ұғынудың өзі бір ғанибет. 

Алып даланың аңызы мен ақиқаты

Есте жоқ ескі заманда ұлы даламыздың әр қиырында өмір сүрген, артына айтарлықтай із қалдырған, сондықтан арада заманалар мен дәуірлер өткенде аңызға айналып сала берген адамдардың тарихы бүгінде шежіре. Шығыс әдебиетіндегі Ләйлі мен Мәжнүн, Хұсрау мен Шырын хикаялары, қарға тамырлы қазақтың қастерлі құндылықтары Төлеген мен Жібек, Қозы мен Баян қиссалары да адамзат сүйіспеншілігін, адал махаббатын айқындаған дүниелер. Сол секілді қазақтың әрбір жерінде әдеби айналымға енбеген, жырланбаған аңыздар әлі күнге дейін бар. Тек ауызекі әңгімелер арқылы атадан балаға мирас күйінде қалған қиссаға бергісіз құнды мұралардың мәңгілік өмірі сол топырақтың тереңінде қалып келеді. 

Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданына қарасты Көкдөнен деген ауыл бар. Ертеден бәйге аттарын баптауда әйгілі болған Құлан өңіріндегі бұл ауылдың аты да бірден назар аударатындай. Ал ел аузында сақталған Көкдөненнің көркем шындығы аңыз болып өрбиді. Ерте заманда Тарты жерінде ел ішіне ерекше қайсарлығымен, жүректілігімен танылған Көкдөнен деген жігіт өмір сүріпті. Тарты деп отырғанымыз – Құлан жерінің байырғы атауы. Ол уақыт жаугершілік заманы, елдің әбден қажыған мезгілі екен дейді. Күндердің күнінде Көкдөненнің Керім деген ағасының әйелі жеті жыл құрсақ көтермей жүріп, жүкті болады. Жеңгесі жабайы қабанның жүрегіне жерік болғандықтан, жас жігіт қабан аулауға аттанады. Анасы аңшы Әмір қарияға барып жолығуды тапсырғанмен, қайсар жігіт жабайы қабанды жалғыз аулау үшін жолға шығып, Тартының нулы қамысының арасына кіреді. Межелі күн өткенде астындағы Қаракер атын ылдиға қалдырып, өзі өрге қарай жаяулатып жүре бергенде қапияда қақпанға түсіп қалған бір бозбаланы көреді. Аяғынан ауырсынып жатқан әлгі бозбаланы қақпаннан босатып, торсығынан су беріпті. Бірақ бозбала деп отырған адам бөркін шешкенде жігіт емес, сұлулығы келіскен, қолаң шашты, қара көзді қыз болып шығады. Көкдөнен бұл тылсымға қайран қалып отырғанда, ту сыртынан атылған жабайы қабанмен алысып, ақыры едәуір шайқастан соң қабанды өлтіріп, өзі талықсып кетеді. Арада біраз уақыт өткенде бетіне әлгі қыздың тамып кеткен ыстық жасынан Көкдөнен есін жинайды. Қыз жігіттің аузына су тамызып отырыпты. Бұл қыздың есімі Көгершін екен. 
Ауылына келіп, үй-ішімен аман-есен қауышқан Көкдөнен Көгершін қызға ғашық болып қалғанын сезіп, оны ұмыта алмапты. Ақыры сол кездегі рубасы Шал бабаға келіп, мән-жайды түсіндіреді. Аз-кем үнсіз отырған Шал баба Көгершіннің Барақ батырдың қызы екенін, алайда әкесі түнеугүні соғыс кезінде ерлікпен қаза тапқанын, енді Көкдөненге бұл райынан қайту керектігін айтады. Қазақ халқы жеті атасына дейін қыз алыспаған ел екенін айтып, екеуінің арасы жеті атадан аспағанын жеткізеді. Бұл жайды естіген Көкдөнен Көгершінге барып, Шал бабаның айтқанын жеткізгенінде, қыз ендеше өзін аға тұтатынын, бұдан былай бауыр болып қалатынын әңгімелейді. Т.Рысқұлов ауданындағы тағы бір ауыл бүгінде Көгершін атымен аталады. Бұл екі ауыл да қос ғашықтың құрметіне солай аталған екен деседі.

Енді Көкдөнен атауына байланысты тағы бір мынадай деректі Т.Рысқұлов аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Жиенбек Жұмағұлов Көкдөнен ауылының тұрғыны Жантақбай Есбергеновтен жазып алыпты. «Бала кезім. 1955 жылдар болар. Әкем Есбергеннің тірі кезі. Күз айы еді. Сол уақытта Жаңабай елінің беделді қариясы болған марқұм Садырбай ақсақалдың балалары Әбдіқадыр, Есімақ әкелеріне ат шаптырып, ас береді екен. Ат шаптыратын жер қазіргі теміржолдың теріскей жағы. Аттар «Құла байтал» деген жерден жіберіледі. Арасы жиырма шақырым жер. Осы атшабарға әкем мені де бір құнанға ашамай ер салдырып мінгізіп, ертіп барды. Сонда әкеммен бірге шыққан дос-жарандары бәйге жайында әңгіме қозғады. Осы ауылда Жаңабай елінде Көкдөнен деген жүйрік ат болғанын, ол ат сол кездері ірі тойларда бәйгеге қосылып, бәйгенің алдын бермегені айтылды. Сәйгүлік еді-ау шіркін, десетін. Одан әрі әңгімелерін жалғап, сол кезеңдерде Кенесары хан бабамыз осы өңірде орыс әскерлерімен соғыс сала жүріп, Қордай аумағына дейінгі аймақта қырғыз ағайындармен шәлкемдесіп қалғанын әңгімелеп отырар еді. Осы өңірдің сол кездегі билеушілері Байзақ датқа мен Сыпатай батыр Кенесары бабамызды қарсы алғанында, ақылдаса келіп Көкдөнен бәйге атын ханға сыйламақшы болады. Кейіннен Байзақ датқа Жаңабай туыстарынан Көкдөнен бәйге атын сұрап алып, Кенесары ханға сыйға тартқан деседі. Көкдөнен бәйге атының құрметіне Құланның тау баурайы Көкдөнен ауылы мекені аталып кеткен екен деген әңгімелерін естіген едім», депті Жантақбай қария.
Қазақ пен жылқыны егіз ұғым деп жатамыз. Бұл ауылдың кісі атына болса да, Қамбар ата түлігінің құрметіне болса да солай аталуы тегін емес. Алып даланың аңызы мен ақиқаты қатар өріліп, бүгінде ұрпағына тек шежіре шертеді.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы