Президент • 16 Наурыз, 2018

Орталық Азия мемлекеттерін ортақ мүдде тоғыстырады

1167 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуі өтті. Ке­лелі мәселелер талқыланған алқалы жиынға Өзбекстан Республикасының Пре­зиденті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков және Түрікменстанның Меджлис төрағасы Акджа Нурбердыева қатысты.  

Орталық Азия мемлекеттерін ортақ мүдде тоғыстырады

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды

Бұл – Орталық Азия өңірінде соңғы жылдары болған ең айтулы оқиғалардың бірі болды және бесжақты келіссөздердің барлық қатысушы ел үшін ортақ мереке – Наурыз мейрамы қарсаңында өтуінің де символдық мәні бар.

Тарихы мен мәдениеті, дәстүрі мен дүниетанымы ортақ бауырлас елдердің басқосуы мемлекеттердің ынтымағын жарастырып, байланысын нығайтуда қашанда маңызды орын алады. Орталық Азия елдері басшыларының мұндай алқалы кездесуі соңғы рет осыдан тоғыз жыл бұрын өткен. Осы мерзім ішінде әлемде талай өзгеріс болып, небір оқи­ғалар өтті. Әсіресе Орталық Азия аума­ғында өзара ақылдаса отырып, ортақ ше­шім қабылдайтын өзекті мәселелер аз емес. Сондықтан күллі халықаралық қауым­дастықтың назарын өзіне аударып отырған бұл кездесуде мемлекет бас­шылары өңірдегі қауіпсіздікті нығай­ту, орнықты дамуды қамтамасыз ету, ел­дер­дің әл-ауқатын арттыратын ортақ мәсе­лелерді кеңесе отырып шешуді басты мақсат етті. 

Орталық Азия елдері арасындағы ішкі мәселелерді шешу үшін тұрақты консультативтік жұмыс кеңесін өткізу туралы бастаманы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев көтерген. Ал өңір елдері көшбасшылары кездесуінің Астанада өтуі еліміздің бет-беделін айғақтаса керек. 
Сонымен Ақордада өткен Орталық Азия елдері басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесудің барлығы үшін ортақ көктем мерекесі – Наурызда өтуінің өзіндік мәні бар екенін атай отырып, Орталық Азия елдерімен тығыз экономикалық ынтымақтастыққа ұмтылудың маңызына тоқталды. Оның ең біріншісі, мұндай келелі кездесу мемле­кет­теріміздің әлеуетін біріктіріп, ын­тыма­ғын арттыра түсу үшін аса тиімді. Екін­шіден, өңірішілік сауда мен бірін-бірі толықтырып отыратын экономика кө­лемінің артуына да септігін тигізеді. Үшін­шіден, өңірлік қауіпсіздікті нығайтуда септігі мол болса, төртіншіден, тарихи, эт­ностық және мәдени тығыз бай­ла­­ныстар өңір халықтарын бір-бірі­мен жа­қындастыра түсуге ықпалын тигізеді. 

Қазақстан Президенті кездесу барысында Орталық Азия елдерінің арасындағы саяси ынтымақтастықта айтарлықтай ілгерілеу мен күш бірік­тіруге деген ортақ ұмтылыс бар екеніне тоқталды. Бұрыннан жарасымды байланысы бар мемлекеттер бір-бірін қолдауға келгенде де тартынып қалған емес. Соның бір айғағы ретінде Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық еткен кезде Нью-Йоркте Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің жиынға қатысқанын жоғары бағалап, елдердің бір-біріне деген мұндай жақ­сы қолдауы ешқашан үзілмеуге тиіс екенін баса айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өңірлес елдер арасындағы әріптестіктің нығаюын жоғары бағалап, осы орайда Орталық Азия елдері көшбасшыларының үлесі үлкен екенін ерекше атады. Кездесуде Орталық Азия елдерінің Қазақстанмен байланысы да жоғары деңгейде екені айрықша айтылды.

– 2017 жылы Қазақстанның әр елге экспорты 35 пайызды құрады. Бұл – ай­тарлықтай көрсеткіш. Бұған қоса, үкіметаралық комиссия мәжілістері де тұрақты өткізіліп жатыр. Шека­ра­ларымызда жаңа өткізу пункттері ашылып, төлқұжатты бақылау жеңілдей түсті. Елдер арасын жалғайтын жаңа кө­пір­лер мен жолдар салынып, авиарейстер мен жүрдек пойыздар көбейді. Мұның бәрі біздің Орталық Азия мемле­кеттерімен байланысымыздың жандана түскенін айғақтайды, – деді Президент.

Елбасының айтуынша, Орталық Азия елдері басқа мемлекеттермен, соның ішінде Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен де ынтымақтастықты нығайта түсуі қажет. 

Сөзінің соңында Қазақстан Пре­зиденті кездесудің өзара түсіністік пен тұрақтылықты тереңдете түсетініне және оның қорытындысында қабылданған шешімдер елдің игілігіне қызмет ете­тініне сенім білдірді. 

Бұдан кейін Қырғыз Республикасының Президенті С.Жээнбеков сөз алып, өңірде қалыптасқан мәселе бойынша ортақ шешім қабылдауға деген ұмтылыс елдерді өзара жақындастыра түсетінін атап өтті. «Бұл кездесу мем­ле­кеттеріміздің бұрыннан қалыптасқан достық рәуіштегі қарым-қатынасына тың серпін береді деп сенемін. Осы орайда әсіресе Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа зор алғысымды білдіргім келеді. Осындай жылы кездесу ұйымдастырып, қонақжайлылық танытқаныңыз үшін ризашылығымыз шексіз», деді ол. 

Ал Тәжікстан Президенті Э.Рахмон Орталық Азия мемлекеттері арасындағы көлік-транзиттік байланысты дамыту мәселелеріне тоқталып, су және энер­гетикалық ресурстарды тиімді пайдалану жайын қаузады. Оның айтуынша, терроризм, экстремизм секілді қауіпсіздікке төнген сын-қатерлер Орталық Азия елдерінің жұмыла жұмыс істеп, тиімді шешім қабылдауын талап етеді. Мұндай өзекті мәселені оңтайлы шешу басты басымдық ретінде қарастырылуы тиіс. Өйткені бір елдегі жағдайдың өзі барлық аумаққа салқынын тигізуі мүмкін.

Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиёев елдердің арасындағы сауда-эко­но­ми­калық байланыстарды үдете түсу қажеттілігіне тоқталды. «Біздің бірлесе қабылдаған бағдарламаларымыз, ше­шім­деріміз өзара сенімді нығайтып, бір-бірімізге деген құрметімізді арттыра түсетіні шүбәсіз. Бұл халықтар арасындағы достық пен бауырластықты бекемдей түсуге де әсер етеді. Сондықтан Орталық Азия елдері қай салада да күш-жігерін біріктіріп, бір-біріне деген сыйластығын, қолдауын үдете түсуге тиіс», деді ол. 

Түрікменстанның Меджлис төрағасы Акджа Нурбердыева ел Пре­зи­денті Гур­бан­гулы Бердымұхамедовтің үндеуін жа­риялады. 

– Орталық Азиядағы жақын көр­ші­лерімізбен байланысты бекемдей түсу – Түрікменстанның сыртқы сая­сат­тағы негізгі басымдықтарының бірі. Біз­дің ел кең көлемдегі көп салалы ын­тымақ­тастық орнатуға және бірлесе қимыл­дауға қашанда дайын. Сондықтан елдер арасындағы ынтымақтастықтың артуына Түркіменстан да мүдделі, – деді А.Нур­бердыева.

Кездесу аяқталғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуінің қоры­тын­дысы бойынша брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы алдымен Ор­талық Азия мемлекеттерінің жұмыс (консультативтік) кездесуі өзара түсі­ніс­тік пен тату көршілік рәуіште өткенін ерек­ше атап өтті. Басқосуда өңірлік және халық­аралық деңгейдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылғанын айтқан Пре­зидент олардың кейбіреулеріне нақты тоқталды.

– Біздің өңірлік мәселелерімізді өзі­мізден басқа ешкім де шешпейді. Сондықтан ортақ мүдде тұрғысындағы барлық проблеманы бірлесе шешуіміз қажет. Осыған байланысты ортақ басым­дықтарды қарастырып, алдағы жоспарларды кеңінен талқыладық. Соның ішінде қауіпсіздікті сақтау, тұрақтылықты нығайту, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық, басқа да салаларды дамыту мәселелері қаралды, – деді Елбасы. 

Нұрсұлтан Назарбаев елдер ара­сын­дағы сауда-экономикалық байланыстың нығайып келе жатқанын айтып, әлеуетті арттыруға әлі де мүмкіндіктер жетерлік екеніне назар аударды. 

–БҰҰ мәліметі бойынша, соңғы он жыл ішінде Орталық Азия елдерінің ішкі жалпы өнімінің орташа өсімі 6,2 пайызды құраған. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 2,6 пайызға артық. Өңір елдерінің сыртқы сауда көлемі де өскені байқалады, – деді Мемлекет басшысы. 

Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстың дамуы халықтың әл-ауқатын жақсартуға да игі ықпалын тигізіп, өңірлік тұрақты экономикаға қол жеткізілген.

Елбасы инвестициялық әріптестікті қолдау бағытында бірлескен шаралар жүргізу қажеттігін және экономиканы жаңа инновациялық-цифрлы платформаға көшіру, тарифтік саясатты оңтайландыру, транзиттік тасымал саласындағы әкімшілік процедураларды жеңілдету секілді мәселелер күн тәртібінде тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарын барлық елдердің мүддесін ескере отырып, ортақ құқықтық көзқарас тұрғысында шешу де маңызды рөл атқаратынын баса айтты. 

Президент кездесу барысында вице-премьерлер деңгейінде бесжақты жұмыс комиссиясын құру жөніндегі ұсыныс та қарастырылғанын атап өтті. Бұл комиссия өңір елдерінің экономикалық әріптестігін нығайтуды мақсат етпек. 

Кездесуде мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру бағыттары да жан-жақты талқыланған. Осы орайда Пре­зидент Қазақстан Орталық Азия ел­дерінің студенттерін оқуға қабыл­дауға дайын екенін жеткізді. Соны­мен қатар ортақ спорттық шараларды жан­дандырып, Орталық Азияның турис­тік бағдарларын қалыптастыру жайы да жұмыс (консультативтік) кезде­суінде сөз болған. «Бұл бағыттағы ынтымақ­тас­тықты одан әрі арттыра түсу қажет. Орталық Азия елдері мәдениетінің фестивалін, жастар кездесуін, спорттық кездесулерді, өңірдегі туризмді дамыту қажет. Осы жиында бұл мәселелердің барлығын талқыладық және нақты жұмыс болады деп сенемін», деді Қазақстан Президенті.

Брифингтің соңында Елбасы Ор­талық Азия елдері басшыларының келесі жұмыс кездесуі 2019 жылдың науры­зында Өзбекстанда өтетінін мәлім­деп, мұндай жылы шырайдағы кезде­судің тұрақты өткізілуі елдер арасын­дағы достықты, өзара сенім мен тұрақ­ты­лықты нығайта түсетініне сенім білдірді. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, 
«Егемен Қазақстан»