Аймақтар • 28 Наурыз, 2018

Әулие­ата өңірінде кәсіп ашқан кейбір азамат­тар салық төлеуден жалтарып жүр

430 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Жамбылым қандай тамаша», деп Шона Смаханұлы жырға қосқандай, Әулиеата өңірінің өзіне тән ерекшелігі бар. Әсіресе көне тарих көмбесіне айналған аймақтың бүгінгі бейнесі, даму деңгейі мен ілкімді істері көпшіліктің көз алдында. Мәселен, осы уақытқа дейін Тараз қаласындағы түрлі мемлекеттік мекемелер мен жоғары оқу орындарының ауласы темір қоршаулармен қоршалып тұратын. Бұл тұрғыда жуырда ғана «Қоршаусыз Тараз» идеясы жүзеге асып, ол жасампаз жобаларға жол ашты. 

Әулие­ата өңірінде кәсіп ашқан кейбір азамат­тар салық төлеуден жалтарып жүр

Сондай-ақ шаһар орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков саябағын және Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Дей тұрғанмен Әулиеата әлеуметінің жиі көтеріп жүрген, шешімін тапса деген мәселелері де жетерлік. 

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, барлық деңгейде қоғамдық кеңестер құрылған еді. Атал­ған кеңестің қоғамдағы мәселелерді жергілікті атқарушы билікке жеткізіп, мәселелердің шешілуіне оң ықпал жасайтыны белгілі. Осы орайда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуі барысында өңір дамуына қатысты бірқатар мәселелер айтылды.

Әкім әуелі облыс орталығындағы «Таразэнергоорталығы» АҚ-тың бүгінгі жай-күйін әңгімеледі. Қазіргі таңда аталған орталықтың толық қуаты пайдаланылмай отыр. Әрі бұл мекеме жекешелендіру тізімінде тұр. Бұл мәселе де тұрғындарды ойландырмай қоймайды. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Қайрат Шотбақовтың айтуынша, инвесторларды тарта отырып орталықты жаңғырту маңызды. Өз сөзінде әкім егер бұл орталық жекеге өткен жағдайда салынған инвестицияны өтеу үшін олар тарифті көтеретінін айтты. Бұл қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіреді. Сондықтан мәселе екі тарапқа да тиімді болып шешілуі керек.

Бүгінде Жамбыл облысында шикізат көлемін ұлғайту, қант өндірісін арттыру да үлкен мәселе болып отыр. Бұл орайда аймақта гидромелиорация жүйесін жаңартуда ескі тоғандарды қалпына келтіру және суармалы жерлердің көлемін жаңа технологияның көмегімен ұлғайтудың маңыздылығын әкім атап өтті. Бұдан бөлек жамбылдық жас дарындарды қолдау мақсатында тағы бір «Дарын» мектебін ашу мәселесі көтеріліп, «Тараз-Арена» спорт кешенінің артықшылықтарын пайдалану жайы сөз болды. Бірақ ашылуы тиіс «Дарын» мектеп-интернаты Тараз шаһарында емес, ауылдық жерлерде ашылуы мүмкін. Егер облыстық білім басқармасына тапсырылған іс аяғына дейін жететін болса, ауыл балаларының да дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта білім алатын күні алыс емес. 

Мемлекеттік қызметке келген жас мама­ндарға қолдау көрсету де айтар­лықтай маңызға ие. Кеше ғана жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маман жағдайының тұрақты болмайтыны белгілі. Асқар Мырзахметов өңірге «Жастар тәжірибесі» арқылы келген жас мамандардың айлығы жергілікті бюджет есебінен қарастырылғанын, бірақ есепті мерзім аяқталғанда тиісті басшыларға сол жастарды жұмысқа қабылдауды міндеттеу артық болмайтынын жеткізді. Мәселен, жыл сайын Жамбыл облысының өзінде жүздеген жас маман жоғары оқу орындарын қызыл дипломмен бітіреді. Олардың бәріне бірдей жұмыс табыла бермейді. Осы тұрғыдан алғанда білімді жастардың білімін аймақ экономикасын ілгерілетуге пайдалану керектігі де сөз болды.

Қаһарына мінген қыс мезгілі өтіп, көктем келіп қалды. Бұл тіршіліктің қайтадан түрленіп, қарбаластың қызатын шағы. Бірақ өңірде егіс науқанына қажетті техника жетіспейді. Мәселен, Байзақ ауданындағы «Талап» шаруа қожалығының жетекшісі Мауыт Фазулов биыл аудан шаруалары 2 мың 300 гектар жерге қызылша өсіруді жоспарлап отырғанын айтты. Айта кетейік, жалпы облыс бойынша болашақта тәтті түбір өсіруді 11 мың гектарға жеткізу жос­парлануда. Бірақ техникамен қамту мәселесі шаруалар үшін өзекті болып тұр. Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­масына осы мәселені күзге дейін шешу тапсырылды. 

Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті дамытуға маңыз беріліп отырғаны белгілі. Әрбір азамат кәсіп ашу арқылы адамдарды жұ­мыс­пен қамтып, өңір экономикасын дамы­туға үлес қосқаны жақсы. Бірақ Әулие­ата өңірінде кәсіп ашқан кейбір азамат­тардың салық төлеуден жалтарып жүр­гені шындық болып тұр. Мысалы, осы уа­қытқа дейін Тараз қаласының «Ауыл-Береке» базарындағы саудагерлер заң та­лаптарын орындамай келе жатыр.  «Әнел» сауда кешенінің директоры Әбдірахым Едігеевтің айтуынша, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-тың Жам­был облыстық филиалы тұрғындарға ұсына­тын қызметінің құнын 30 пайызға көтеріп жіберіпті. Өткен жылы Астана қалалық соты аталған мекеменің ісін қарап, акционерлік қоғамның 9 облыстың тұрғындарынан негізсіз алған ақшасын өздеріне қайтадан қайтарып беру туралы шешім шығарған. Оның ішінде Жамбыл облысы да бар. Алайда олар соттың шешімі шықса да қаржыны әлі күнге дейін қайтармай отыр.

Иә, мәселе тек айтумен ғана шешіл­мейді. Жамбылда бұдан өзге де шешімін күт­кен мәселе көп. Осы уақытқа дейін талай ұсы­ныстар айтылған. Алдағы уақытта тиісті ме­кемелер өздеріне жүктелген жауап­кер­шілікті толығымен сезініп, шешім қа­был­дай алса, нақты нәтиже де болар еді. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы