Өнер • 28 Наурыз, 2018

Күй-ғұмыр: «Бес төре»

4917 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Нәрік тағы шошып оянды... Бас­тығырылып қалған алпамса денесі өзінікі емес сияқты. Ұйып қалған қолдарын икемге келтіріп көрді. Баяғыдан қалып қойған әдеті ме екен, Нәрік ондайда салалы саусақтарымен саз балшық илегендей жай икем жасамайды. 

Күй-ғұмыр: «Бес төре»

Қырық буын «Қосбасардың немесе «Бес төренің» бір-екі қиын қалтарысын перне бойы жүгіртіп көреді. Қапысыз бірнеше қа­ғыс. Дәл ырғақ. Жаңылыссыз қай­­таланған күрделі ноталар кө­ңілін делбегендей болды. Бі­рақ бұл жолы өзін шошытып оятқан ауыр түстің жорамалына іштей тіксініп қалған. Тіпті қамырықты сол күйдің баянсыз сазынан жаны түршігеді. Ондағы ауыр қасіретті кімге айтып бергендей? Түс дейін десе түгел жұ­лын-жүйкесімен сезініп, сол қан қасаптың қақ ортасынан өзі жаңа келіп отырған жоқ па? Нәріктің бә­рінен де жанына бататыны – осы бір қорқынышты үрейлі елес­ті күнде көретіні... 

Кекілік Сеңгірдің бойында қал­қандарына сүйеніп қауқарсыз тізерлеп тұрған қазақ батырларын құтқара алмай ылғи жарым түн­де жылап оянады. Қолдарын көте­руге де шамалары келмей тағдыр талқысына үнсіз мойын­сұнған жаралы сарбаз оның көз алдында жан тәсілім етеді. Жан­сыз үрей, дәрменсіз мойынсыну... 

Тізерлеп отырған ардагер ба­тыр­ларды қырғыз манаптары мен айыр қалпақ киіп түр жа­сырған орыстың жансыз солдаттары ше­тінен тамақтап келеді. Та­мақ­тап келеді... Қазақтың қапыда қа­йы­рылған қос топшысы хан Кене мен Науан сұлтанның жалқы ғұ­мырының жау тақсырына тап­сыр­ған өкінішті мезеті осылай аяқ­талады... Нәрік, көз жасына булығып қолын қызыл арша домбырасына созды. Ішіне түсіп кеткен бұл беймаза күйден ол өзінің мәңгілік құтыла алмайтынын біледі. Неге оның санасының сартап болған көне сүрлеуінен бір бала жол қарайды ылғи? «Әлі де болса бақ талайым сендерден найза бойына биік тұр!» деген жалғыз сөз ғана жанына медеу...

«Наурызбай төре кеткен соң,
Бастан ауды бағымыз.
Кенесары кеткен соң,
Иесіз қалды тағымыз...
Бұлбұлдай сайрап жүр едік,
Байланды тіл мен жағымыз.
Азғанымыз емес пе,
Қойшыдан сынды сағымыз...
Осындай болды хәліміз...» деп іштей күбірлейді... «Бес төре» – бес күн жалғандай бастан көшкен екен...
Қайталап шертті... 
* * *
Қазақтың теңдессіз күйшісі Тә­текеңнің көп күйлері қанның теп­кісімен тартылады. Мұны Тәттімбет мек­тебінің соңғы өкілі өнертанушы, күй­ші Таласбек Әсем­құлов айтады. Адамның бойындағы кәдімгі ыстық қанның лекі­ген толқын-толқын лүпілі сер­пілген саусақтың ұшына келіп, жүректің шерлі басынан төгілген ыстық қан шекті қауып тартады. Шертпе күйдің құдіреті де осы жерден басталса керек. Онда қара шертістен гө­рі қантебіс ырғаққа көп мән бе­ріледі. «Бес төре» күйі де осындай мәнермен орындалатын аяулы күй. Ондағы ішкі ағыстар мен сырт­қы қағыстар қатар қабыспаса ұлы күйдің табиғаты бұзылып, тар­тушы қалақ домбыраның қақ­пағын тырнап қалғаны. Тіпті Ар­қа жағында, тура айтқанда Мо­йынты құмында Тәттімбеттің осы «Бес төресіне» бе­рілген мы­на баға да бұл сөзімізді ор­нықты ма­құлдатады. Егер күйге қол жал­ғаған домбыраңыз «Бес төрені» шертуге жараса, онда ол домбырамен барлық күйді мүлтіксіз мәнермен орындай беруіңізге болады. Бұл ретте Құрманғазының «Төремұратын» да осындай күр­делі күй есептейді. Әрине, ол басқа тараптағы әңгіме. 

Тәттімбеттің өмір сүрген дә­­уі­рі шынымен де қазақ саха­ра­сындағы күй өнерінің ренессанс дәуірі болатын. Қазақтың әрбір күйінде алаш тағдыры жат­ты. Күй арқылы қоғамның үл­кен оқиғалары жырланды. Ондағы өмір өрімдері, саяси көз­қарастардың барлығы күй та­биғатында өмір сүрді. «Бес төре» сондай тағдырлы күй еді. 

Оның ел ішінде сол кезеңде қа­заққа билік етіп, патшаның ай­тағымен ұлтқа тізесі батқан би-бо­лыстарға арнап шығарылған күй екен деген өте бір өрескел әрі па­йымсыз, білімсіз айтылатын тарихы бар. Олай дейтіндей қазаққа билік айтқан қай әміршінің ондай тексіз әрекетін Тәттімбет сы­на­ғандай. Тәттімбетті түле­тіп, Құ­нан­бай, Құсбектерді құлат­қаннан табар пайда болса қане? Және тарихтың кеше ғана өткен ауыр естелігін рухани жады ұмытқан жоқ қой. «Бес төре» емес, жегіш, парақорларды айтқан «мес төре» екен деп басқа арнаға бұрудағы саясаттың аяғы – төрелерді жаман етіп көрсеткісі келген Кеңес өкіметінің кезіндегі идеологиясынан туған желеуге жақын. 

Оны күйші Жанғали Жүз­бай­­дың өзі «Бес төрені» зама­нын­­­да Мағауия Хамзиндер өнер жарыс­тырған Бегімсал Орын­беков деген күйші «Кенесары-Наурызбай» деп тартқандығын айтқан болатын. Талас­бек Әсем­құловтың пайымында бұл жай күй емес, жансебіл реквием... Қа­­сым, Есенгелді, Саржан, Ке­не­сары хан мен Наурызбай төре­лерге арналған, Кене­сары өлімінен кейін туған үлкен аза жы­ры. Сары желіс саусақтар сауып тартқан сала-сала сарында самсаған қазақ қолын көз алдыңа келтіреді. Қасым сұлтан төрт бөлтірігін ер­тіп салтанатпен келе жатқан рух­ты дабыс Алаш аруағын ай­бынды жырлап бастайды. Бірақ... Үсті-үстіне мінгескен бір­неше бөлек әуен қырғыздың қомызынан шыққандай бола береді... Өйткені күйдің баянында қырғыздың баяғы күйлерінің үзінділері бар. Таласбек өзі күйші болғандықтан бұл музыканың тілін бізден гөрі әрі терең, әрі биік білетіні даусыз. Талассыз шындық. Күйді баян­­даушы әрі қарай жаңағы салтанаты жарасқан сұлтандардың жеке-жеке аянышты тағдырларын естірте бас­тайды... Қасым төренің ұлы Саржан сұлтанмен бірге қоқандықтардан қа­пыда қан жұтуы... Бәрі-бәрі көз алдыңа келеді... Қайнар бат­­­пақ­ты Қарасудың қазақ бе­тіне өткен алаш әскерінің хан ие­леріне деген риясыз ұлы махаббаты әңгімеленеді. Асау су жорық аттарының өзін ағызып әкетіп жатқанда бір аттан бір атқа мінгізіп, аттылы сарбаздар қатты келген ағынға сонда да көл­денең­деп тұрып ардақты хандары Ке­не­сары мен Наурызбайды өт­кізіп аламыз деп шаһид кешуде... Бі­рақ айрылмасқа серт етер, бір сын­са бірақ морт кетер алаш­тың бұл соңғы ұрысы екенін ол кезде еш­кім сезген жоқ...

Шынымен де морт кетті! Тас­қа тиіп сынбаған сексеуіл-серт сек­сеуілге сарт етіп тигенде шағылды. Күйші де шанақты шаңқ еткізіп соқты... Енді қайтып жиналмастай ша­шылып түсті. Орны толмас қайғы. Шын апат. Болжамсыз бүлік. Бұл қулық кімнің ойына келген? Қазақтың осал тұстарын әбден зерттеген орыс тыңшылары ақыры әлсіз жерімізді осылай тауыпты. Іштен жау шығарып, қырғыздардың айыр қалпағын киіп атқа қон­ғандардың да көбісі солар дейді. Алғаусыз айтқан сөз шын болып шықты. Сатқын сырттан емес, іштен іргелепті. Тап өзімізден. Екі туып бір қалған өз тұқымы сатты. Өз ғаскері келмей отыр...

Тәттімбет – ұлы күйші, осы­ның бәрін күй тілімен жеткізе білген. Себебі қазақтың билеуші хан-сұл­тандарында күй арқылы сөйлесу мә­дениеті ежелден бар еді. Орда ісіндегі кейбір маңызды ақпарларды осындай ұлы музыкалармен білдіріп отырған. Ол дәстүр ежелгі Шыңғыс хан заманынан бері үлкен мектептермен іргеленген. Бұл ретте тарихшы Арман Ахметов «Қазақ сұл­тандары» атты еңбегінде тө­реден шыққан күйшілердің көп болғандығын жазады. Дәу­лет­керей, Жантөре хан, Ораза­лыұлы Сейтек, Үсен төре, күй өнері атасы Арынғазы хан, Абы­­лай хан, Қанқожа төре, тіп­ті Кенесары ханның інісі се­гіз қырлы Наурызбай төре де күй­ші болған. Кенесары хан­ның не­мересі Жүсіпбекұлы Үр­міз ақсақал, оның баласы Фай­зулла төренің де күйшілігін ел мойындаған. Билік ісіндегі мәселелердің жауабы да, сұра­ғы да сол тылсым музыкалардың тілінде түсіндіріледі. Тәттімбет те қаракөк тұқым ретінде ол мектептен сабағы болғаны күмәнсіз. Патшалы Ресейдің қылышы қан қақырып тұрғанда «Бес төре» Кенесарыны жоқтаған аза күйі деу үлкен қатер еді. Бәрібір сол қатер Тәттімбет серіні қырықтан асқан шағында қырына алады... Таласбек талант та тағдыр асып, Алашқа бүгінде аспаннан ғана аялы үн қатады... 

Қайран, Тәттекем-ай...
Қайран, Таласбек...

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45