80 жылдық тарихы бар кәсіпорын қызметінің негізгі бағыты – қауіпті өндірістік объектілерде құтқару жұмыстарын орындау. Кәсіпорын апаттық деңгейі жоғары барлық қауіпті өндірістік нысандарға қызмет көрсетеді. Оның 13 филиалы елдің 12 өңірінде орналасқан. Апаттық-құтқару жұмыстарын орындауға жұмылдыру жарияланған кезде кәсіпорын 2000-нан астам кәсіби құтқарушыларын жібере алады. Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы 4 ауа қысымын түсіру тобынан, 5 канаттық-сынақ стансасынан, 19 аттестатталған зертханадан, 5 мамандандырылған оқу орталықтарынан, өндірістік-жөндеу және жөндеу-механикалық шеберханаларынан, өрт сөндіргіштерге қызмет көрсету жөніндегі стансадан тұрады. Аварияларды жоюға уақтылы шығуды 625 шұғыл өрт сөндіру және арнайы техника бірліктері қамтамасыз етеді, олардың 70 пайыздан астамы жоғары сапалы. Бөлімшелер 30000-нан астам арнайы жабдықтармен жарақтандырылған. Сонымен бірге кадрлық құрамы, кәсіпорынды жарақтандыру күштерін шұғыл жеткізу және күрделілігі терең техногендік аварияларды жою құралдарымен қамтамасыз ету мүмкіндігі жоғары.
Кәсіпорын жоғары рентабельді болып табылады, өз кірісі есебінен қаржыландырылады. 2014-2017 жылдары кәсіпорынның республикалық бюджетке салық және басқа да міндетті төлемдер ретіндегі аударылымы 17 млрд теңгені құрады. Бүгінгі таңда қауіпті өндірістік нысандарға 64 жеке авариялық-құтқару қызмет көрсетуде. Сонымен бірге олардың материалдық-техникалық базасы авариялығы жоғары дәрежедегі нысандарды тәулік сайын және үздіксіз қызмет көрсету режімінде ұстау үшін жақсартуды қажет етеді.
Біз Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, осы деректерді көрсете отырып, мына мәселелерге назар аударуды сұрадық:
Біріншіден, кен және мұнай саласындағы аварияларға талдау жасау олардың санының жылдан-жылға көбейіп бара жатқанын көрсетті. Биылғы жылдың наурыз айында Ресей Федерациясының Кемерово қаласындағы көптеген адам құрбан болған апат халықтың қауіпсіздігі жөніндегі мәселе мемлекеттік органдар тарапынан тыңғылықты және жан-жақты зерттеуді, бақылауды және қадағалауды талап ететінін көрсетті;
Екіншіден, қауіпті өндірістік объектілерге қызмет көрсетуге мемлекеттік кәсіпорынның жүз пайыздық қатысуы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылатынына кепіл бола алады;
Үшіншіден, бұл кәсіпорын жекешелендірген жағдайда қауіпті өндірістік объектілерде апаттық-құтқару жұмыстарын ұйымдастырудың жинақталған жүйесінің тұйықталған циклы бұзылады, мемлекеттің ірі өнеркәсіптік аварияларды жоюға әртүрлі жеке авариялық-құтқару қызметтерді тартуға мүмкіндігі болмайды.
Төртіншіден, неғұрлым төмен бағамен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға мүдделі «қауіптілігі жоғарылар» санатына жататын объектілердің тапсырыс берушілері жеткілікті материалдық-техникалық базасы және білікті мамандары жоқ жеке авариялық-құтқару қызметтерімен шарт жасайтын болады. Ал бұл қауіп деңгейін арттыра түсетіні белгілі.
Біз осының бәрін көрсете отырып, Үкімет басшысынан қауіпті өндірістік объектілердегі апаттардың алдын алу және оны жою жөніндегі бірыңғай мемлекеттік қызмет атынан өкілдік ететін осы кәсіпорынды жекешелендіруге жататын мекемелер тізбесінен алып тастауды қарастыруды сұрадық.
Еділ МАМЫТБЕКОВ,
Сенат депутаты