Қазақстан • 24 Мамыр, 2018

СҚО әкімі Канн кинофестивалінің жеңімпазына үш бөлмелі пәтер тарту етті

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов 73-ші Халықаралық Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымы бойынша жеңімпаз атанған жерлесіміз Самал Есләмованы арнайы қабылдап, үлкен жеңісімен құттықтады.

 

СҚО әкімі Канн кинофестивалінің жеңімпазына үш бөлмелі пәтер тарту етті

Кездесуге актрисаның ата-анасы Ілияс, Гүлмайра Есләмовтер, алғашқы сынып жетекшісі Зухра Сапарова, Сәбит Мұқанов атындағықазақ сазды-драма театрының актерлері, өнер колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Құмар Іргебайұлы өз сөзінде оның осы жоғары атаққа ТМД елдері арасынан бірінші болып қол жеткізгенін, үнемі шығармашылық ізденістерге ұмтылып, жанкешті еңбегімен, табиғи дарын-қабылетімен биік белестерді бағындырып келе жатқан атап көрсетті. Әлемдегі ең танымал кинобайқаудағы бұл жетістік Қазақстан үшін зор мәртебе.Қазақтың атын шығарып, рухын көтерді. Алыстағы ауылдан, қарапайым отбасыдан шықса да өнердегі биік жолына бәріміз куәміз. Адамның ішкі рухани әлемі ата-жұртынан, туған жерінен, тарихынан нәр алады. Оған Самалдың бүгінгідей марапаты дәлел. Жұлдызының жарқырай түсуіне тілектеспіз, деді .

Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы жерлестерінің ыстық ықыласқа толы құттықтаулары мен қолдаулары үшін жүрекжарды алғысын жеткізді. Туған жерге табаным тиіп еді, қобалжыған көңілім сап басылды. Көп жыл бойы жырақтажүрген мен үшін атамекеннен асқан қымбат дүние жоқ, деді ол үлкен тебіреніспен. Сөз арасында оның Петропавл өнер көлледжін, Ресейдің театр өнері университетін бітіргенін, «Қызғалдақ» фильмінде тырнақалды рөлін сомдап, Францияда «Ерекше көзқарас» конкурсының бас жүлдесін олжалағанын айта кеткен жөн.

Жылы жүзді жүздесу соңында Қазақстанның абыройын асқақтатып, мерейін өсірген Самал Есләмоваға үш бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Ата-анасы алғыс хатпен марапатталды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы