Ұлттық спорт • 28 Мамыр, 2018

Этноойындар олимпиадасы елімізде өтуі мүмкін

382 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қыз­метінде Астана қаласының 20 жылдық мерекесі аясында, маусым айының 1-2 күндері халқымыздың ұлттық спорты – теңге ілуден ІІ және аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатын өткізуге байланысты баспасөз конференциясы өтті. Шараға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ұлттық спорт қауымдастығы президенті, Мәжіліс депутаты Бек­болат Тілеухан қатысты. 

Этноойындар олимпиадасы елімізде өтуі мүмкін

Жиынды ашып, шараның мақсат-мүддесі жайлы таныстырған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, соңғы уақытта министрлік тарапынан ұлттық спорт түрлерін дамытуға зор назар аударылып отыр. Бұл дегеніміз – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жолында ұлттық код пен тарихи санамызды жаңғырту үшін қажет, деді. Сонымен қатар ведомство басшысы елорданың мерейтойы қарсаңында министрлік өте үлкен ауқымды мәдени шаралар тізбесін жоспарлап отырғанын да жеткізді. 

Чемпионатқа келетін болсақ, бұл реткі додаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей, Ауғанстан, Қытай, Түркия қатарлы тоғыз мемлекеттен 44 спортшы қатысады, аударыспақ сайысы бес салмақ дәрежесі (60, 70, 80, 90 және +90 кило) бойынша өткізіледі, деді жарысты ұйымдастырушылар. Қос чемпионаттың жүлде қоры – 14 000 000 теңгені құрап отыр.

 Аталмыш спорттық шараға ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорт ойындары комитетінен өкілдер шақырылыпты. Ұлттық спорт қауым­дастығының президенті Бекболат Тілеу­ханның пікірінше, бұл қонақтардың келуі – еліміздегі ұлттық спорттың даму қар­қы­нына деген әлемдік қауымдастықтың қы­зы­ғу­шы­лығын білдірсе керек. Тіптен бола­шақ­та қазақ этноойындарының әлемдік дең­гейге шығуына есік ашылуы да ғажап емес. 

Өйткені ЮНЕСКО 2021 жылы дүние жүзі халықтарының этноойын түрлерінен олим­пиада өткізуді жоспарлап қойған. Әзірге бұл шараны қабылдауға Канада, Жапо­ния сияқты елдер ықылас білдіруде. Бұл жерде атап өтерлік жаңалық, мұндай әлем­дік доданы «біз өткізейік» деп еліміз атынан Мәдениет және спорт министрлігі де өтініш білдірген. «Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жоғарыдағы шараның елімізде өтуі әлем қауымдастығы алдында зор бедел болар еді» дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында мәлім болғандай, Ұлттық спорт қауымдастығы Астана­ның 20 жылдығына орай ұлттық маңыз­ға ие 20 түрлі спорттық шара өткізу­ді жоспар­лапты. Осылардың беташары жоға­ры­дағы қос чемпионат болса, алдағы күн­дері ат үстінде садақ атудан әлем чем­пионаты, сонымен бірге өнер-мәдениет сала­сындағы танымал тұлғалардың қатысуымен «Жұлдызды көкпар» жобасы, жыл сайын өтетін «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі т.б. шаралар күтіп тұр. Ал көкпардан ІІ әлем чемпионатын өткізуге Түркия тарапы қызығушылық білдіріпті. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45