Медицина • 06 Маусым, 2018

Cолтүстікке қоныс аударған отбасылар­дың жағдайы жақсы - Айжан Әлімбекова

482 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда азаматтарды әлеуметтік қорғаудың әлеуеті артып, мемлекеттік бағдар­ла­малар­дың бұқараға тигізіп отырған пайдасы жетерлік. Азаматтардың еңбек құқығын сақтай отырып еңбек ресурстарының ұтқыр­лы­ғын арттыру мәселесі бұл күнде өзекті. Негізгі мақсат халық­ты нәтижелі жұмыспен қам­тып, олардың кәсібіне жол ашу, тір­лігін тіктеуге септесу болып отыр. Бұл орайда «Нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды және жаппай кә­сіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» қарапайым халық үшін маңызы ерекше. 

Cолтүстікке қоныс аударған отбасылар­дың жағдайы жақсы - Айжан Әлімбекова

Бұл күнде еліміздегі жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету үшін қолға алынған бағдарламаның бұқараға берері көп. Әрі атал­ған бағдарламада өз еркімен қоныс аударуға жәрдемдесу есебі­нен аумақтық ынталандыру да қарастырылған. Өткен жылы осы бағытта жоспарлы шаралардың қолға алынуы нәтижесінде Жамбыл облысынан 54 отбасы еліміздің солтүстік облыстарына қоныс аударып, еңбекке қабілетті отбасы мүшелері тегіс жұмыс­пен қам­тылған еді. Бұл күнде Әулиеата өңірінен солтүстікке және шы­ғысқа қоныс аударған азамат­тар сол өңірлерде өмір сүруде. 

Жалпы, еліміздің солтүстік өңірлері биыл да оңтүстіктен келер көшті қарсы алуға әзір екен. Жуырда ғана Тараз қаласында өткен өңіраралық жәрмеңкеде Қостанай және Павлодар облыстарының өкілдері жамбылдықтарға бос жұмыс орындарын ұсынған болатын. Бұл орайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің айтуынша, еңбек ресурс­тары­ның ұтқырлығын арттыру көзделген.  

«Бір сөзбен айтқанда, еңбек нарығындағы сұранысы өте жоға­ры солтүстік және шығыс өңір­лерін жұмыс күшімен қамта­ма­сыз ету жолдары қарас­тырылған. Бос жұмыс орындарына бәсекелестік жоғары ай­мақ­тар­дан, яғни халқы тығыз қоныстанған Алматы, Оңтүс­тік Қазақ­стан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарынан тұр­ғындар солтүстікке көшіп бар­са, оларға тиісті әлеуметтік пакет­тер беру, баспанамен қамту, жұмыс­қа орналастыру мәселесі толық қарастырылған. 

Былтыр солтүстік облыс­тарға 54 жамбылдық отбасы қоныс аударса, биыл 34 отбасы – 159 адам көшіп барды. Қазір олардың еңбек­ке қабі­леттілері жүз пайыз жұ­мыс­пен қамтылған», дейді әкім­нің бірінші орынбасары. Ал облыстық жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылы Қордай ауданынан 17 от­басы, 78 адам, Шу ауданынан 3 отбасы, 9 адам, Байзақтан  1 от­басы, 4 адам, Тараздан 4 отбасы, 23 адам және Меркі ауданынан 2 отбасы, 12 адам, сонымен қатар Талас ауданынан 1 отбасы, 3 адам, Жуалы ауданынан 1 отбасы, 6 адам өзге өңірлерге қоныс аударған. Оларға тиісінше мүмкіндіктер де қарастырылған. 

Аталған басқарманың көші-қон бөлімінің басшысы Айжан Әлімбекованың айтуынша, еліміздің солтүстік облыстарына қоныс аударған отбасылар­дың бәрінің бұл күнде жағдайы жақсы. Әлеуметтік қорғаудың әлеуетін сезініп отырған азаматтар лайықты жұмысқа орналасып, күн кешуде. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысына Жамбыл өңірінен 27 отбасы көшіп барған екен. Жиыны 126 адамды құрайтын отбасы мүшелері Солтүстік Қазақ­стан облысының Қызылжар, М.Жұмабаев, Мамлют, Аққайың, Тайынша, Шал ақын және Жам­был аудандарының елді мекендеріне қоныстанып, жеке қаражат есебінен тұрғын үймен қамтылыпты. Және отбасы иелері мұнда «Наурыз 2030», «Андреевка» ЖШС, «Булаевский элеватор» АҚ, сондай-ақ «Виктория» шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар Павлодар облысына 5 отбасы, 22 адам қоныс аударған екен. Жамбыл өңірінен қоныс аударған азаматтар Павлодар, Екібастұз қалаларына және Лебяжі ауданына қоныстанған. Мұнда да қоныс аударушы азаматтар жалдық тұрғын үймен қамтылып, отбасы басшылары «Қазақстандық вагон құрылыс компаниясы», «Промсервис Отан» ЖШС-ға жұмысқа орналасыпты. Ал Шығыс Қазақстан об­лысының Катонқарағай және Шемонаиха аудандарына биыл 11 адамнан құралған әулиеата­лық 2 отбасы қоныс аударыпты. Тараз қаласынан және Байзақ ауданынан келген отбасылар жалдық тұрғын үймен және жұмыспен қамтылған екен.

Әрбір азаматтың несібесі – кәсібінде. Бұл орайда өзге өңірлерге қоныс аударған жам­былдықтардың сол жерде кәсібін ашуға да мүмкіндігі бар екенін айта кеткен жөн. Тіпті жуырда өткен солтүстік облыс­тар тарапынан ұсынылған бос орындар жәрмеңкесінде талапкерлерге тиісті мәліметтің бәрі беріліп, мән-жай түсіндірілген еді. Сондықтан да биыл солтүс­тік өңірлерге қоныс аудар­у­шылардың көрсеткіші арта түсуі мүмкін.

Осы уақытқа дейін Жамбыл облысының Қордай ауданы Қордай ауылында тұрып келген Жарылғасыновтар отбасы биыл Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Архангельск ауылына қоныс аударыпты. 

Отағасы Сәбит Жарылғасынов сол ауылдағы егістік жұмыстарына атсалысып, жұмыс атқарған. Тіпті үш бөлмелі пәтермен қоса, бағдарлама шеңберіндегі қаражатын да алып үлгеріпті. Алайда жұбайы Жанна Әметованың айтуынша, Архангельск ауылында қазақтілді мектеп жоқ екен. Сондықтан да қазақ тілінде білім алып жүрген балалардың бірден орыс мектепте оқуы оңайға түспейді. Енді балаларының қазақ тілінде білім алуы үшін Жарылғасыновтар отбасы облыстың Тимирязев ауданы, Дзержинский ауылына көшіпті. Жанна Әметова жұбайы Сәбит Жарылғасыновтың сол мектепке жұмысқа орналасқанын жеткізді. Ендігі жерде бұл отбасы сол жерден шағын болса да кәсіп бастап, тірлігін тіктеу үшін жұмыс істеуге дайын.

Айта кетейік, Тараз қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде солтүстік облыстар тарапынан тұрғындар назарына мамандық түрлері бойынша бос жұмыс орындары мен көшуге болатын аумақтар ұсынылған еді. Бұл ретте жұмыс берушілердің де талаптары мен ұсыныстары тыңдалған болатын. Мәселен әр ауданнан келген тұрғындар тиісті мамандармен кеңесіп, өзге өңірлерге қоныс аударуға қызығушылық танытқан еді. Тіпті тұрғындарға қажетті құжаттар тізбесі мен телефон нөмірлері жазылған парақшалар да таратылған болатын. Ал жәрмеңкеге келген Тараз қаласының тұрғыны Айгүл Мансұрова солтүстік өңірлерге көшіп барып, сол жақта өзінің кәсібін ашқысы келетінін айтты. «Мамандығым мұғалім болғанымен, қосымша кәсіптік білім алдым. Сондықтан да солтүстік жаққа көшіп барып, сол жақта кәсібімді ашсам деймін. Бұл бағдарлама шеңберінде қандай мүмкіндіктер берілетінін бір танысым айтқан еді. Ол отбасымен өткен жылы Қостанай облысына көшіп кеткен. Қазір де хабарласып тұрамыз. Жұмысқа орналасыпты, тиісті көмектер түгел көрсетіліпті. Жағдайлары да жақсы екен. Енді мен де отбасыммен солтүстікке қарай көшсем деймін», дейді ол. Жәрмеңкеге келген азаматтардың көпшілігі өзге өңірлерге қоныс аудару мәселесіне қызығушылық танытып жатты. 

Жалпы, көштің қазақ ұғымында үлкен маңызға ие екені белгілі. Адамдардың тағдыры, арманы мен үміті де көштің қалтарысында қалмай, алға шығуы шарт. Алайда бүгінгідей бейбіт заманда Алатаудан басталып, Алтай мен Арқаға аялдаған көштің мазмұны ерек. Елімізде қолға алынған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде тұрғындарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру мәселесі тәуелсіз ел тарихындағы тағы бір белес, салиқалы саясат. Ал Қаратаудың басынан құлаған көш бағзыдағыдай «Елім-айлап» емес, егемен еліміздің ерекше бастамаларына қолдау болып табылады. Атырау – Арқа, Алатау – Алтай, қазақтың төрт құбыласы. Жердің жаттығы, елдің бөтендігі жоқ. Мұндайда қазақтың «Көш көлікті, іс өнікті болсын!» дейтіні бар...

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы