Аймақтар • 23 Маусым, 2018

Серік Түсіповтың отбасы әрдайым назарымызда - семейлік құқық қорғаушылар

387 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Рысгүл Хасенова Семей қалалық Ішкі істер Басқармасында  мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекші маманы қызметін атқарады. Оның осы құқық қорғау саласына қызметке келуіне ерекше бір оқиға себеп болған екен. 

Серік Түсіповтың отбасы әрдайым назарымызда - семейлік құқық қорғаушылар

-Ішкі істер органына қызметке келуге тікелей ықпал еткен жағдай, жолдасым Серік Тұрсынұлы Түсіповтың 1993 жылы осы салада жұмыс істеп жүріп, қылмыскерлер қолынан қаза тапқаны себеп болды,-деді Рысгүл Рафаэлқызы,-өмірімді бір күнде аумалы-төкпелі қылған сол кезеңнен бастап, күйеуім қызмет еткен мекеменің бастықтары, жеке құрамдағы әріптестері бізді назардан еш қалдырмай, әрбір мейрам сайын құттықтап, жәй күндері әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымызды біліп тұратын болды . Серік Ішкі істер Басқармасында қызметте жүріп, қылмыскер кісі қолынан қайтқан кезде, менің басымда түрлі қиыншылықтар болғаны жасырын емес. Кішкентай сәби қызым екеуміз пәтер жалдап тұрып жаттық.  Семей қалалық ішкі істер басқармасының ұжымы бізді үнемі қамқорлығында ұстады. Содан өзіңіз білесіз, тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік тілге терең көңіл бөлініп, қазақ тілінің аясы кеңіп жатты ғой. Осыған орай құқық қорғау саласына қазақ тілі пәні мұғалімі керек болды. Мен Семейде мектепте жұмыс істеп жүрген ем. Өздеріне жұмысқа шақырды. Сонымен осы Семей қалалық ішкі істер басқармасындағы өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуді тапсырды. Түрлі ұлттардың қазақ халқына деген құрметі шексіз екендігін сол жолы байқадым. Барлығы бірден мемлекеттік тілді, салт-дәстүрді білуге ерекше ықылас танытты. Осылайша құқық қорғау саласында өмірін қиған марқұм жұбайымның зайыбы ретінде менің де көңілім орнына біртіндеп түсіп, ұжымымыздың арқасында өзіме өзім келе бастадым. Семей қалалық ішкі істер басқармасына осы қамқорлығы үшін мың да бір рахмет!

Келісім шартпен тоғыз ай жұмыс істегеннен кейін, Семейдегі мамандандырылған күзет мекемесіің кадр бөліміне қазақ тілін меңгерген маман керек болады да, Рысгүл Хасенова  сонда ауысады.  2002 жылдан бастап, құқық қорғау саласында, Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер Департаменті Семей қалалық ішкі істер Басқармасының мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің инспекторы лауазымымен полиция капитаны шеніне дейін көтеріледі.

- Ол кезде бізге құқық қорғау саласының қызметкерлері сияқты арнайы форма киім кигізіп, сонымен жүретін едік,-деді Рысгүл Рафаэлқызы,-кейінірек ішкі істер органы саласындағы қосалқы қызметтегі адамдар аттестатталған құрамнан Үкімет қаулысымен біржола алынатын болды. 10-12 жыл жұмыс өтілім, арнайы капитан атағым бар еді. Бірақ, біз қосалқы жұмыс деп аталатын болғандықтан, енді қазірде осы жұмысымды тек мемлекеттік қызметші ретінде жалғап, жұмыс істеп келемін.

Рысгүл Хасенова  бізге өзінің күйеуі  Серік Түсіповтың қызмет барысында қалай қаза тапқаны туралы айтып берді. Қолында  ШҚО ІІД Семей қалалық  ІІБ МТАБ  аға инспекторы полиция майоры Д. Қалимұратова деген әріптесінің осыдан көп жыл бұрын жазған естелігі бар екен. Естелік Рысгүлге қымбат, өйткені ол өткен күннің дерегі. Сонымен қатар ол қылмыскердің қолынан қаза тапқан ері Серік Тұрсынұлы Түсіповтың фотосуреттерін бізге көрсетті. Суретте әдеміше келген жас жігіт отағасы кішкентай қызы үш жасар Әйгерімді алдына алып, Рысгүлмен үшеуі бірге түсіпті. 

Рысгүлдың айтуынша, бұл оқиға былай болған екен. 1993 жылдың 22 қарашасында Семей қаласындағы сыртқы трикотаж-тоқыма фабрикасы жұмысшыларының  жатаханасында алкогольді ішімдікке масаңсып алған екі қараниет сотқар жұмысшылардың берекесін алып, былапыт сөздер айтып, келеңсіздік туғызады. Оларды қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырған милиция қызметкерінің ескертуіне құлақ аспай, бейпіл қылықтарымен қарсылық көрсетеді. Арты «үлкен әңгімеге айналып бара жатқанда»,  оқиға болған жерге, яғни жатахананың 4-ші қабатына қатардағы милиционер Серік Түсіпов қоғамдық тәртіп сақтау мақсатындағы кезекшілікте болған милиционермен бірге әріптестеріне көмекке келеді. 

-Шектеншыққан тентектердің біреуі бұрын екі рет сотты болған  азамат «Б»,  «милиция нысанды үлгісінде киінгендерді» онша  көрмейтіндігін  бейпіл сөзбен жеткізіп, «жақындасаңдар өлтіремін» деп, сырт киімінің қалтасынан суырып алып шыққан пышағымен қаһар көрсете, сытыла қашып, астыңғы қабатқа түсетін жаққа беттеген,-деді Рысгүл Хасенова,-қараниет сотқар ештеңеден тайынбайтындықтан осы бетте оны жіберуге болмайтынын, өйткені оның жолында кезіккен қандайда бір кінәсіз адамның жәбір көретінін сезген қатардағы милиционер, менің күйеуім оның  ізіне түскен.   Серік 1-ші қабаттың фойесінде оны қуып жетіп, құрықтай бергенде қылмыскер қолын  босатып  алып, оның  іш тұсына пышағын  сұғып алған.

Серіктің жарақат алғанын әріптестері байқап қалып, артынан  жетеді. Олар бұзақыларды жатақхананы айнала бергенде көше қиылысында құрықтайды.  Осылайша 1993 жылдың 25 қарашасында Семей облысы ішкі істер басқармасы Әуезов аудандық ішкі істер бөлімі жанындағы күзет бөлімшесінің милиционері, қатардағы милиционер Серік Тұрсынұлы Түсіпов бұзақылықтың жолын кесуде жарақат алып, облыстық ауруханада үш тәулік бойы  өз-өзіне келместен, қызметтік борышын орындау кезінде алған жарақаты нәтижесінде қайтыс болады. Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 24 қазандағы Қаулысымен қатардағы милиционер Түсіпов Серік Тұрсынұлы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Балалық шақ естелігі бүкіл ғұмырға жететін қазына емес пе? Әкесі қайтыс болған кезде үш  жастан енді ғана асқан сәби аурухана терезесінің шетінен бір қолымен тырмыса ұстай  ұмтылып, екінші қолымен «папалап», терезе әйнегіне қол созады...,деп сол сәтті беріле суреттеп жазады Д. Қалимұратова өз естелігінде.  Сәбиді арқасынан демеп тұрған анасының ойы – үш  тәулік бойы жасанды дем алу құралы арқылы  өмір сүру үшін күресіп  жатқан жолдасының   амандығы еді. Орнында бар оңалар деген, сол сәби Әйгерім Серікова қазіргі күнде Шәкәрім атындағы Семей  мемлекеттік университетінің студенті атанып, оны үздік тәмамдады. 

-Серік Түсіповтың жанқиярлық ерлігін біз қашанда құрметпен еске аламыз,-деді қалалық ішкі істер басқармасы қызметінің баспасөз жетекшісі Елубек Оспанов,-жұбайы Рысгүл Хасенованы 23 маусымда Қазақстан полициясының кәсіби мейрамы қарсаңында, басқа да мерекелерде Семей қалалық ішкі істер басқармасы үнемі қатардан қалдырмай, қамқорлық жасап отырады. Рысгүл Хасенова сияқты жұбайы қапылыста қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасы әрдайым біздің ұжымның басты назары мен қамқорлығында болады.,

Раушан Нұғыманбекова, суреттерсавторға тиесілі

СЕМЕЙ

 

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45