Қазақстан • 02 Шілде, 2018

Астана – Ұлы Дала елінің шұғылалы шалқар-шыңы

1087 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Адам баласының жаратылысы сондай, мереке-шаттықсыз өмір сүре алмайды. Бұл – бізге күйбең тіршіліктен соң тыныс табу үшін ауадай қажет өзіндік серпіліс сәттері. Жұрт оларды тағатсыздана тосып, алдын ала дайындалады.

Астана – Ұлы Дала елінің шұғылалы шалқар-шыңы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР

Басталған осы апта ерекше. Бірнеше күннен соң бәріміз ме­же­лі мерейтойды – тәуелсіз Қазақстанның символы болып саналатын Астананың 20 жыл­дығын мерекелейміз.

Бұл мейрамға бейне та­би­ғат­тың өзі шуағын ша­ша­тын­дай. Шілдеде әрдайым сағын­дыр­ған сәулелі жаз орнайды. Сон­дықтан баршаның көңілі кө­те­ріңкі болады, барлық тұстан ба­қыттан бал-бұл жанып, күлкі ойнаған жадыраңқы жүздерді көресіз. 

Бұл күндері халық Астанаға елдің түкпір-түкпірінен бүкіл отбасымен жина­лады. Өзге мемлекеттерден де меймандар келеді.

Адам әрқашан сұлулық пен асқақтыққа құштар келетіні белгілі. Біз­дің Астана – респуб­ли­камыздағы қазір­гі ең әсем дү­ние десем, қателес­пес­пін. Сон­дықтан да жұрт Еуразияның за­манауи мегаполисіне жан-жү­ре­гінің қалауымен жол тартады.

Мұнда жаһандық урба­нис­тика­ның жетістіктерін тамаша­лап қана қой­май, әлем­дік пәл­сапалардың ғаламат сәу­леткерлік үйле­сімін көруге болады. Ең бастысы Астана за­манауи және қа­рыш­ты Қазақстанның – біз­дің ру­хы­­мыз­дың, барлық жетіс­тік­теріміздің, қуат-күшіміздің бей­несі екенін түйсінесің.

Бүгінде Астана күнін тек қана мем­ле­кеттік мереке ретінде қабыл­даумен шектелмейтінімізді айта кету керек. Ол шын мәні­сін­де ха­лық­тық, ұлттық мейрамға айналды.

Астананың әрдайым жүре­гі­міздің төрінде тұратыны үшін біз ең алдымен бір адамға – Ұлы Дала елінің Ұлы перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қарыздармыз. Ұлан-ғайыр Ота­ны­мыздағы әрбір дерлік отбасында көп адам қазір осылай ойлайды және солай айтып та келеді. Елба­сының бас­шы­лығымен бо­ла­шаққа ұмтылған байтақ по­лис бой көтерді, оған қазір қа­зақ­стан­дық­тар мен біздің қонақ­та­ры­мыз футуристік қала деген атау бе­ріп жүр.

Астана – академиялық классика және сәулеткерлік модерн ғана емес, Шығыс пен Батыстың, Нi-Tec пен Smart City-дің жарасымды үндестігі.

Астана – экономиканың қо­з­ғаушы күші, елдің қаржы орта­лы­ғы. Мәдениет пен өнердің мәй­егі, ғы­лым орталығы, жаңашылдық  қаласы.

Бүгінде Астана – мойындалып үлгерген жаһандық орталықтың бірі.

Белгілі америкалық экономи­ст Ри­чард Флориданың шың­дар мен жазық­тар­­ға қатысты тұ­жы­рым­дамасы бар.  Оған сәй­кес, әлем­нің елеулі бөлігі эко­но­­­ми­­ка­­лық тұрғыдан төмен дамы­ған жа­зық­тарға ұқсайды. Ал олар­дың бетінде инновациялық шыңдар түріндегі мегаполистер асқақтап тұрады. Шыңдар – инклюзивті өсімнің тірек нүктелері.

Біздің елдегі сондай шалқар-шың, сөз жоқ, Астана. Ол биік мақ­сатқа бастап, біртұтас маз­мұн мен эволюцияның үйле­сім­ді алгоритмін құрап отыр. Мұн­да озық қоғамдық-саяси, әлеу­меттік-экономикалық, мә­де­­ни-гуманитарлық жобалар әзір­ленеді және жүзеге асырылады. Сондықтан үздіктердің үздіктері осы жерге келеді. Яғни бәсекеге дай­ын, жеңіс пен жетістікке құш­тар жандар ағылады.

Әлемде үкіметтердің қазіргі өзекті мәселесі болып отырған мемлекеттік басымдығының бірі – экологиялық саясат. Қоршаған айналаның ластану ауқымы жыл өткен сайын барынша ұлғайып, қатері көбейіп келеді.

Мәселен, көршілес Қытай­да көп­теген аудандар эко­ло­гия­лық апат аймағы деп жария­лан­ған. Онда «ластанған» су қойм­а­ла­ры­ның қасын­да орын тепкен 450 «қатерлі ісік қалашығы» бар. Лас су көздеріне жақын бол­­ған­дық­тан ол мекендердің тұр­­ғын­да­ры онкологиялық науқасқа шалдығуда.

Ағаш кесінділерін алу үшін, жер жырту үшін тұтас ормандар құрбан болып, табиғи су көздері құрғап қалды. Шөлей­ттену, егістік пен жайы­­лым жер­лер­дің жойылуы –  соның кесірі.  Нәти­же­сінде ауа да лас­танды. Адамның агрес­­сиялық өнеркәсіп саясатының апат­қа ұрын­дырған салдарлары, міне, осын­дай. Ол жер бетіндегі барлық индус­трия­­лық мемлекеттерге азды-көпті тән жағ­дай.

Сондықтан ҚХР 2020 жылға қарай ел аумағының 23%-ын орманмен қамту­ды көздеуде. Ол үшін қытайлықтар жасылдандыруға арналған «Ұлы Қытай жасыл қорғаны» атты ауқымды жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл – ұзындығы 4500 шақырымнан асатын, ені 100 шақырым болатын, ағаш егілген қорғаныс белдеуі. Аталған жобаға бүкіл халық жұмылдырылуда. Жасы 11 мен 60 аралығындағы әрбір қытайлық жыл сайын 3-тен 5-ке дейін ағаш егуі тиіс. Міне, бізбен достас және көршілес елде осындай саясат жүргізіліп отыр.

Біз Президентіміздің көрегендігі туралы жиі айтамыз. Соның айшықты айғағының тағы бірі – жүйелі орман шаруашылығын жүргізу саясаты.

Алдымен бірқатар жалпы мәлімет­тер­ді келтіре кетейін. Қазақстан орман-тоғайы аз мемлекетке жата­ды. Ор­ман­ды бөлігі – аумағының 4,7%-ы ғана және оның жартысы дерлік сексеуіл егілген жер­лер үлесінде. Арал теңізінің құрғаған та­банында 2008 жылдан бері ауданы 56,5 мың га жерге сексеуіл егу жұмысы жүр­гі­зілгенін айта кету керек.

Мемлекеттік орман қорының (табиғи және жасанды ормандар, қорғаныс үшін егілген ағаш алқаптары) жалпы ауданы, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бо­йынша, 29,3 млн. га мөлшерді немесе республика аумағының 10,7%-ын алып жатыр. Ағаш егілген орманды алқап 12,7 млн га жерді немесе орман қоры ауданының 43,1%-ын қамтиды.

Орман алқабының жалпы ауданы жөнінен біз Шығыс Еуропа және Орта­лық Азия елдері арасынан тек Ресей мен Түркиядан кейінгі үшінші орында тұр­­мыз. Ағаштарының діңі биік ор­ман­дар ғана есепке алынатын (3,08 млн га) еуро­палық стандарт бойынша, Қазақ­стан­­­ның орман көлемі  1,1 %-дан ас­пай­­ды. 

Отандық тарихымызда далалық мем­ле­кетті орман державасына айналды­ру мақ­сатын көздеген ешкім болған емес. Ал ол – бүгінде біздің көз алды­мызда іске асырылып жатқан ғаламат өзгеріс. Көшбасшымыздың батыл әрекеті осыны анық дәлелдейді.

1997 жыл баршаның есінде шығар. Сол кезгі 10 желтоқсанда  елорда Алма­ты­дан Ақмолаға көшірілді. Прези­де­нт­тің алғашқы қадамының бірі елдің бас қа­ласы төңірегіне орман ектіру бол­ға­нын айта кеткім келеді.

Осы мақсатпен 2000 жылдың өзінде «Жасыл аймақ» республикалық мем­ле­кеттік кәсіпорны құрылды. Бүгінде оның 8 (Астаналық, Батыс, Вячеславск, Қызыл­жар, Шортанды, Аршалы, Ерей­ментау және Сарыоба) орман шаруа­шы­лығы бар, оларда орманды бақтар орнату, табиғатты пайдаланудың және орман өсірудің шектеулі режімі сақталатын жасыл және қорғаныс аймақтарын қалыптастыру жұмыстары атқарылады.

Бұдан бөлек, аталған шаруашылықтар ауқымды ғылыми-өндірістік қызметпен; сынақ­тық-өндірістік мақсатта ағаш отыр­ғызу және бұталы ағаш түрлерін сы­нақ­тан өткізумен айналысады; орман өндірісі және орман өсіру саласындағы жаңа технологияларды апробациядан өткізеді; плантацияларда түрлі мақсатқа арналған ағаш-тал өсіреді. 

Аталған жылдары бой көтерген ор­ман­ның жалпы ауданы қазірдің өзінде 80 мың га-дан асты. Жыл сайын қосымша тағы 5 мың га егіледі. Нәтижесінде осы уақыт ішінде іс жүзінде екінші Бурабай ұлттық саябағы пайда болды. Ал 2021 жылға дейін Астана төңірегіндегі жасыл аймақты 100 мың га мөлшеріне жеткізу жоспарлануда.

«Жасыл белдеудің» арқасында енді Астанада қазір ауа райы бұрынғыдан мүлде басқаша, жұмсағырақ. Қала тұр­ғын­дары мен қонақтары желдің өткірлігі айтарлықтай бәсеңсіп, шаң-тозаң едәуір азайғанын жіті сезінуде.

Ал қала маңындағы жасанды ормандарда қазір үйеңкі, шетен, қарағай, қайың, шегіршін, терек, мәжнүн тал, алма ағашы жапырақтары тынымсыз сыб­дырласып тұр; тіпті сүйікті қара­қат­қа да қарық болуға болады – оның мұнда 26 түрі өседі.

Аталған ағаштар арасын марал (марал шаруашылығында), бұлан, елік, суыр, қарсақ, ондатр, қоян, қосаяқ тәріз­ді түрлі аң мекен етеді; балқарағай тор­ғайы, сұрғылт шіл, сұр сандуғаш, көк­қар­ға, жасымық құс, шиқылдақ торғай, қырғауыл сияқты құстар жарыса әндетіп жатады.

Сондықтан демалыс күндері табиғат аясында тың тыныс тауып, күш-қуат алу үшін мұнда астаналықтар отбасымен жиі келіп тұрады. Бір жақсысы – алысқа барудың да керегі жоқ, бәрі жақын, іргеде.

Әдетте біз өзімізде бар нәрсенің баға­сын біле бермейтініміз рас. Мұны, сірә, әлемдегі басқа елдердің халқына да қа­тыс­­ты айтуға болар.

Біздің Президентіміз маңызды жа­һан­дық үрдістерден әрдайым хабардар болып отырады. Ол біздің елімізге зала­лын тигізуі мүмкін қандай да бір сын-қатердің алдын алу үшін барлық ықти­мал қауіптерді жан-жақты және егжей-тегжейлі елеп-екшейді.

Бұл ретте қазір Қазақстанның маңыз­ды саясатының бірі – экологияны жақ­сар­ту үшін күрес.

Мемлекет басшысы тал-ағаш деген­нің не екенін, ел-жұрт үшін орман­ның қандай мәні бар екенін өте жақсы біледі. Ол шет-шегі жоқ байтақ даласы көгілдір-жасыл шыршалармен көм­ке­ріліп, мәңгілік мұздақтары күнге ша­ғы­лысқан асқар таулармен ұштасып жатқан киелі Жетісу өңірінде туып-өсті. Қазақ халқы бұл өлкені жер бетіндегі жұмаққа балайды.

Президент өз өмірінде, сірә, бүгінге дейін өз қолымен мыңдаған ағаш – тұтас орман еккен шығар десем де, қате­лес­песпін.

Орман дегеніміз – экономика үшін шикізат көзі немесе бағалы азық-түлік қоймасы ғана емес екені белгілі.

Ағаштар мен талдар – таза ауа, таби­ғат­тың тыныс алар «өкпесі», қоңырқай кө­леңке және аптап ыстықта жан рахат­танатын салқын сая, өткінші жауын мен ақтүтек бораннан қорғайтын сенімді басқалқа.

Орман шаруашылығы басқарма­сында ұзақ жыл еңбек еткен әкемнен орман – тұмса табиғаттың тұнық жыры, опти­мизмнің қайнар-көзі, рухани тыныштық екендігі жөнінде мен бала кезімнен естіп өстім.

 Ал қазір біздің Елбасы іс жүзінде ондай мүмкіндік туғанда өз қолымен ағаш егіп, талмай үлгі көрсетіп, барлық қазақстандықтарды сенбіліктерге белсене қатысуға, табиғи байлықтарды сақ­тап, аялауға шақырып отырады. Ол эко­логиялық жағдайды жақсарту үшін елі­міздің әр өңірінде орман өсіру ісін да­мыту міндетін қойды.

Табиғатты қорғаудың маңыз­дылығы, оның ауқымын ұлғайту, туған өлкеге деген қамқорлық ісінде Астана даусыз көш бастап келеді. Бүгінде мегаполис төңірегінде тұтас жасанды оазис – елорданың жасыл белдеуі қалыптасты.

Мемлекет басшысы «Жасыл аймақ­ты» Көкшетау ормандарына ұластыру жөнінде тапсырма берді, ал одан соң орман Павлодар, Қарағанды, Қостанай бағытына қарай жалғасады, осылайша  республиканың бас қаласы маңын түгел қоршап жатпақ.

Шынына келгенде, еліміздің жүре­гін орман арқылы барлық өңір орта­лық­тарымен жалғастыру – тағы бір ма­ңыз­ды ұлттық жоба, Қазақстанның XXI ғасырдағы басымдығының бірі. Бола­шақта әйтеуір бір кез Астанадан барлық облыстарға дейін қалың орман жолдары бір-бірімен ұштасып жататын болады. Ал облыс орталықтарынан мұндай жасыл жыл­ға­лар барлық аудандарға жалғасады. Әрине сұлулығы жан тербейтін дала бейнесі де бұрынғыша көз қуанта бермек, кей жерлерде «бұйығы» шөлдер де сақталып қала береді. Дегенмен ең бас­тысы – Қазақстан жаңарып-жаса­рып, негіз­і­нен жасыл желекке оранып тұра­тыны анық.

Әлемде қазіргі кезде орманға ең бай ел – Финляндия. Оның аумағының 73%-ын ор­ман көмкеріп жатыр. Бұл оларға та­би­ғ­ат-ана­ның жомарттықпен сыйлаған тар­туы.

Келешекте Қазақстан да дәл сондай жасыл желекті елге айналуға тиіс.

Еліміздің әрбір тұрғыны біздің жер­ді Жаратушының ештеңеден кенде етпе­ге­нін біледі. Бізде барлығы молынан бар. Бұл жағынан әлемдегі көп жұрт бізге қызыға, қызғана қарайды.

Суоми және өзге де орманға бай елдер­дің деңгейіне жету жолындағы біз­дің ең басты капиталымыз – ерік-жіге­рі берік, талантты әрі еңбексүйгіш, кәсіп­қой­лығы күн санап өсіп келе жатқан және даңқты тарихы бар халқымыз.

Біздің елге сырттан, әсіресе жылы-шуақ Еуропадан келушілер мұндай күрт құбылмалы қатал континенттік кли­мат жағдайында қалай күн көріп жат­қа­­ны­мызға әрдайым таңғалыс білдіріп жатады.

Бірақ біз күн көріп жатқанымыз жоқ, өмір сүріп және еңбектеніп, жарқын бо­ла­­шағымыздың негізін қалап жатыр­мыз. Табиғат қазақстандықтарды ден­саулығы тұрғысынан айтарлықтай мық­ты, сонымен қатар мойымайтындай рухы күшті етіп жаратқанын мойындау керек. Сондықтан да біз толыққанды және еркін өмір сүреміз.

Жас әрі жасампаз мемлекет құрдық.

Білімге ұмтылған жаңа ұлт қалып­тастырып жатырмыз.

Заманауи және жаңа елорда – Астана­ны салдық.

Біз алдымызға әрдайым ең бір биік мақ­саттар қойып және оларды бағын­ды­рып келеміз.

Әлемдік әдебиеттің классигі Антон Чехов бірде: «Орман жерге көрік береді... ол адамды сұлулықты бағалауға үйре­теді»  деген екен.

Мұны біздің Президент барлығынан артық біледі және түсінеді.

Ол – өзі де үнемі сұлулықты қолымен туын­датып, бізді де оны аялауға шақы­рып келе жатқан адам.

Бұл мақсатқа да міндетті түрде жете­ті­німізге мен сенімдімін. Ал Ұлы Дала елі дүние жүзінің түкпір-түкпірінен де­ма­луға келетін туристер үшін орман-то­ғай саясында тыныс табатын сүйікті орын болмақ.

Өйткені өзінің барлық ой-арманын шындыққа айналдыра білетін,  жаһандық әлемде көшбасшы әрі прогресивті реформатор ретінде мойындалған біздің кемеңгер Елбасымыз бар ғой.

Алдымызда – керемет мерейтой. Сіздерді қонақжай әрі әсем елорда мен болашақта алып аумақты алып жататын және ғасырлар бойы жайқалып тұратын жасыл желекті жас орман күтіп тұр.

Мерекеңмен, сүйікті Астана – Прези­денттің жүзеге асқан идеясы мен Қазақ­стан халқы еңбегінің жарқын жемісі!

Мерекелеріңізбен, қымбатты қазақ­стандықтар!

Гүлшара Әбдіқалықова,

Мемлекеттік хатшы

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45