Білім • 18 Шілде, 2018

Шекара туралы толғау

1005 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шекара, шекарашы туралы кітап жоқтың қасы. Әсіресе еліміз тәуелсіздік алған соңғы 27 жыл­дың көлемінде туған елінің шекарасын көзде­рінің қара­шығындай күзетіп келе жатқан шека­рашы­лардың Отан алдындағы міндеті, жаңа патриоттарды тәрбиелейтін тыныс-тіршіліктері жайлы еңбек тапшы десек, артық айтқандық емес.  

 

Шекара туралы толғау

Шекара, шекарашы туралы сол шекараны адақтап, шекарашылардың арасында жиі болатын әскери тілшілер жақсы біледі. Сосын да өзінің саналы ғұмырын шекараға арнап, соның жолында өзін аямайтын, туған Отанының қасиетті шебін нағыз жаужүрек батырдай қорғап, аялап, ардақтайтын бүгінгі күннің батырлары – еліміздің шынайы патриоттары ғана шекарашы журналистерге шабыт сыйлап, қаламына қуат бітіреді. Сондықтан ҰҚК Шекара қызметінің байырғы тілшісі, запастағы подполковник Тамара Дәулетбаеваның «Шекара соқпақтары» атты туындысы еліміздегі әскери-патриоттық тақырыптарда жарық көріп, қалың жұртшылық жылы қабылдап жатқан әдебиет дариясына тамған тамшы секілді.

Еліміздегі жоғары білім ордаларының ішіндегі шоқтығы биік әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің түлегі әскери журналистердің қатарын толықтырып, шекарашылардың газетінде үзіліссіз еңбек етіп келе жатқан Тамара Қуанышбекқызы өзінің бұл кітабында «Менің шекарашылармен бірге қызмет жасасып келе жатқаныма 20 жылдан асып барады. Осы жылдар ішінде байқағаным, «шекара» – олар үшін қастерлі, қасиетті. Мәселен, үйірінен үзіліп бөлек, оқшау жүрер еркін мінезді жылқыны қазақтар «саяқ» дейді. Маған шекарашы сол саяқ арғымақ секілді болып көрініп тұрады. Өйткені шекарашы мамандығын таңдау – кез келген адамның маңдайына жазылмаған. Мыңның ішінен біреуі болуы мүмкін...», деп шекарашыларға өзгеше баға береді.

Осының өзі-ақ әскери тілшінің шекарашыларға – еліміздің жаңа патриоттарын тәрбиелеу ісіне орасан зор үлес қосып келе жатқан шекара сақшыларына деген көңілінің алабөтен екенін айқын білдірген. Өйткені біздің әріптесіміздің қолына қалам алдырып, әдеби шығармасының арқауына айналғандар – желдің өтінде өмір сүріп келе жатқандар. Саналы ғұмырларын шекараға арнаған сардарлар мен «Отан қорғаушы» мамандығын еншілеген жас офицерлер. Сосын да сыртқы келбет-көркемдігі жағынан болсын, ішкі мағына-мазмұны тұрғысынан да бұл кітап шекарашылар үшін де, олардың ел шебіндегі жас достары – болашақ шекара қор­ғаушылар үшін де ерекше басылым болып шыққаны хақ. 

 

Асқар БАТЫРБЕКОВ