Алып жануардың бұл сүйектері Қызылжар өңірінде 1923 жылы табылып, әлем бойынша құнды экспонаттардың біріне жатқызылған. Оны ғалым Н.Кузнецов жетекшілік еткен экспедиция мүшелері Есіл өзенінің су шайып кеткен жағалауынан кезіктіріпті. Азу тістерінің ұзындығы 4,5 метрге дейін жетсе, салмағы 100 кило тартқан.
Жуырда Петропавл қаласының тұрғыны Александр Ремшов сылдырай ағып жатқан Есіл өзеніне балық аулауға барғанда су арнасынан төменірек жерде таңғажайып олжаға кенелген. Аяғы қатты затқа тиіп, топырақты қазып қараса, ірі сүйектердің көмілгенін байқаған. Оны ұқыптап жинастырып, тарихи-өлкетану музейіне тапсырған. Ондағылар ежелгі дәуірде тіршілік еткен алып жануардың ортан жілігі мен мойын омыртқасы деген болжам жасап отыр. Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Анатолий Плещаков піл тұқымдас жабайы жануарлар өңірде осыдан 11 мың жыл бұрын өмір сүргенін, мына мол қазына да ғылым үшін таптырмас мағлұмат көзі саналатынын алға тарта отырып, қазіргі Долматово елді мекені маңайынан бірнеше мәрте мамонттың қаңқа бөлшектері шыққанын жеткізді. Осыдан екі жыл бұрын Тайынша ауданына қарасты Зеленый Гай ауылының тұрғыны Әнуар Қабылжапаров мал бағып жүріп тереңдігі 12 метр сайдан жердің бетіне шығып қалған сүйектерді көрген. Осыдан 30-35 мың жыл бұрын жойылып кеткен мамонттың омыртқасы, қабырғалары, азу тісі және жілігі екені жорамалданған. 1951 жылы Петропавл қаласы маңынан көне заманғы піл тектес – мастодонттың қаңқалары қазып алынған. Ол мамонттан да ірі болған, осыдан екі миллион жыл бұрын өмір сүрген деседі. Бұған Явленка, тағы басқа өңірлерден табылған мамонт сүйектерін қоссақ, ежелгі дәуір олжаларының бәрі тарихи тұрғыдан баға жетпес өте құнды жәдігерлер екені талассыз.
Арнайы зерттеу орындары болмағандықтан облыстық музейдің ғылыми қызметкерлері петропавлдық тұрғын тапқан соңғы олжаға жалпылама сипаттама берумен шектеліп отырған жайлары бар. Жоғарыдағылардың көмегіне жүгінейін десе, тағы да қолды болып кете ме деген қауіп жоқ емес. Әйтпесе, өңірде мамонт іздері сайрап жатқанын археологиялық қазбалар талай рет дәлелдеген.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»