Бизнес • 05 Қыркүйек, 2018

Астықты елдің экспорттық әлеуеті қандай?

1441 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір күзгі жиын-терім науқаны қызған кезең. Ала жаздай бел жазбаған ша­руа­лардың еткен еңбек, төккен терінің өтеуі, орақ науқанының нәтижесі бел­гілі болатын уақыт та жа­қын қалды. Астық түсі­міне қатысты Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің биылғы болжамы қандай? Бидай және басқа да ас­тық тұқымдастарды экс­порттауға қатысты әлеуе­тіміз көңіл көншіте ме? Осы сауалдарға жауап беретін көрсеткіштерді бұрнағы жылдармен салыстырып, астық державасының әлеуетін таразылап көруге тырысқан едік.

Астықты елдің экспорттық әлеуеті қандай?

Астық державасы демекші, осыдан бірнеше жыл бұрын елімізді осындай атқа лайық дәрежеге көтеру туралы ұран көтерілген-ді. Ол жалаң ұран күйінде қалмай, әжептәуір биік межелер бағындырылды. Аграрлық сектордың өнімділігін арттыруға бюджеттен де, жекелей инвесторлардан да қыруар қаражат салынып, соның арқасында астық экспортының көлемі жылына 9 миллион тоннадан асып түсті.

9 миллион тонна деген рекордтық көрсеткіш Қазақ­стан­ды астық экспорттаушы елдердің тізіміндегі алғашқы ондық­қа енгізді. Ал халықтың жан ба­сына шаққандағы астық көлемі бойынша Аустра­лия, Ресей, Канада сынды ал­пауыттардың өзін артта қалдыр­дық. Ұн экспорты бойынша алғашқы үштіктің қатарынан ойып тұрып орын алдық. Демек бастапқы мақсат орындалды деу­ге болатын сыңайлы.

Одан кейінгі аралықта Ауыл шаруашылығы министрлігінің алға қойған міндеттерінде аздаған өзгеріс орын алды. Бұл өзгеріс аграрлық сектор­ды бір ғана салаға байлап қой­май, әртараптандыруға бағыт­талды. Елдің тұтас экономи­ка­сын әртараптандыру қанша­лық­ты маңызды болса, бұл ауыл шаруашылығы үшін де соншалықты маңызға ие.

Себебі астық державасы әлеуе­тінің өлшемі де әртарап­тан­дырумен тікелей байланыс­ты. Сол үшін де 2017-2021 жыл­дарға арналған агро­өнер­кәсіп кешенін дамытудың мем­ле­кет­тік бағдарламасы аясында бидай алқап­тарының көлемін қысқарту қарасты­рылған-ды.

Бұл не үшін керек? Салалық министр­ліктен алынған деректер бойынша, өткен жылдары елімізде жыл сайын 2-3 миллион тонна астық қоры қажетті мөлшерден артылып қалып отырыпты. Сөйтіп бидайдан басқа да дақылдарды көбірек егіп, тепе-теңдік орнатылу көзделді.

Екіншіден, 2016 жылға дейінгі ара­лықта жалпы өсімдік шаруашы­лығына бөлінетін суб­сидияның төрттен бір бөлігі бидай өсірудің үлесіне тиіп келді. Олай болса, неге бидай алқаптарына тиімділігі жоғары, сұраныс көп майлы дақылдарды, жүгері, тары, қызылша, қант қы­зылшасы, сұлы және бас­қаларын екпеске деген мақсат та кө­кейге қо­нымды. Соның арқа­сында, бидайды шетел­ге шығарғаннан гөрі ішкі нарық­тағы өңдеуші саланы сапалы ши­кізатпен қамтуға мүмкіндік арта түсті. Оған қоса, өсімдік майы, қант сынды не­гізгі тұтыну тауарларының экспорты кеміді. Ұн экспортынан үшінші орын алған­нан гөрі ішкі нарықты макарон өнім­дерімен қамтудың да тиімдірек екені байқалды.

Үшіншіден, өсімдік шаруа­шы­лығын әртараптандыру мал азы­ғын молырақ өндіруге мүм­кіндік берді.

Төртінші, ең басты себеп, би­­дай алқаптарының аумағы ке­мі­генімен, астық держава­сының әлеуетін сақтауға бола­тын­дығына көз жеткізілді. 2016 жылғы көр­сеткіш 3,9 миллион тон­наға ар­ты­­ғымен орындалып, орташа түсім 15,4 центнер­ге жетті. Ми­нис­тр­ліктің ха­бар­­лауынша, бұл ал­қаптарды тыңай­ту, тұқым­дарды асылдандыру, ауыл­ша­руа­шылық техни­ка­ларын жа­ңарту, шаруашы­лықта озық тәсілдер­ді қолдану сынды шаралардың ар­қасы.

Сонымен осы атқарылған қы­руар жұмыстан кейін, биыл қан­дай меже көз­деліп отыр? Ас­­тық түсімі мен экс­пор­тында­ғы көрсеткіштер көңіл көншіте ме? Осы сауалдың жауабын бі­лу үшін Ауыл шаруашылығы ми­­нис­­тр­лігіне хабарласып, был­тырғы және биылғы жылдың алғаш­қы жартысындағы көрсет­кіштер туралы білген едік.

– Қазақстанның астық тұ­қым­дастары (бидай, жүгері, арпа, тары және соя) экспортының дәс­түрлі нарықтары Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ау­ған­стан, Иран және Қытай ел­дерінде. 2017 жылғы көрсеткіш бойынша жалпы сомасы 660 760,04 мың АҚШ долларын құрайтын 4 256 мың тонна бидай экспортталды. 6 397,3 мың АҚШ долларын құрайтын 35,2 мың тонна жүгері сыртқы нарыққа жөнелтілді,– деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ 137 806,3 мың дол­лардың 908 мың тонна арпасы шетелге шы­ға­рылыпты. 17,6 мың тонна соя экс­портталған.

Биылғы жылдың қаңтар-ма­мыр айларына қатысты деректерге көз жүгірт­сек, 378 738,1 мың долларға 2 458 мың тонна би­дай экспортталған. 539 мың тон­на арпа (88 780,3 мың доллар), 18,6 мың тонна соя (8 005,4 мың доллар), 16,2 мың тонна жүгері (3 182,7 мың доллар) шетелге шығарылған.

– 2018 жылы 13 700 мың тонна бидай, 852,7 мың тонна жү­гері, 3095,5 мың тонна арпа, 55,7 мың тонна тары жиналады деп жоспарланып отыр, – деп ха­бар­лады Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі.

Соңғы екі жыл ішінде Қазақ­станның астығы дүние жүзінің 38 еліне экспорт­талыпты. Олар­дың арасында іргем­іздегі Ресей, Қытай, Қырғызстан, Түр­ік­менстан сынды елдердің нары­ғын айт­пағанда, Еуропаның Ита­лия, Испания, Нидерланды, Финляндия, Швеция, Норвегия сынды мемлекеттері бар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда, биылғы қаңтар-мамыр айларында бидай экспорттау бір жарым есеге ұл­ғайғаны байқалады. Біздің би­дайға қызығушылығы жоғары елдердің қатарында Италия, Түркия, Ауғанстан, Өзбекстанды ерекше атап өту керек. Африка құрлығында жат­қан Алжирге де 5 мың тонна бидай жіберіліпті.

Қазақстаннан арпа алатын елдердің тізімінде Иранның ор­ны ерек­ше. Былтыр 127 364,3 мың дол­ларға арпа сатып алған Иран­­ға биылғы 5 айда 414,5 мың дол­лардың өнімі жіберіліпті.

Тағы бір айта кетерлігі, Қа­зақ­станның астық экспор­тының географиясы жыл санап кеңейіп келе жатқаны көңіл қуан­тады. Айталық, өткен жылы экспорт ауқымы 36 елді қамтыса, биыл бұл қатарға Грекия мен Нор­вегия қосылды.

Өткен айдың аяғында Пре­мьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Өмірзақ Шөкеев Үкі­мет отыры­сында күзгі жиын-терім жұмыс­тары штаттық ре­жімде жүріп жат­қанын айтты. Орақ науқаны Жамбыл, Түр­кістан облыстарында аяқ­талып қалса, Ақтөбе, Ал­маты, Батыс Қазақстан, Пав­ло­дар, Қызылорда және Шығыс Қа­зақстан облыстарында қар­қынды жүріп жатыр. Бұл аграрлық өңір­лердегі алқаптардың жалпы ауданы 3 миллион гектар­дан асып түсетінін айта кетейік. Министр айтқандай, өнім­ді экспортқа жіберу үшін дайын­дық жұмыстары қолға алынған, басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп логистика мәселелерін шешу жағы да назарға алынған.

Қарап отырсақ, жылдың ал­ғашқы жартысындағы көр­сет­кіштер, болжанып отырған ме­желер жаман емес. Дегенмен «Ба­лапанды күзде санайтыны» сияқты, биылғы орақ науқа­ны мен астық экспорты туралы түбегейлі нәтиже алдағы уа­қыт­та белгілі болады.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»