1981-1989 жылдары М.Есенәлиев Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Сыртқы істер министрлігін басқарды. Ол басшылық еткен кезеңде республика сыртқы саясат ведомствосының кадрлық әлеуеті артып, қызметкерлерінің біліктілігі де арта түсті. Олар кейінгі уақытта тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің негізін қалаған кәсіби дипломаттардың тобын қалыптастырды. М.Есенәлиев дипломатиялық қызметтегілердің әлеуметтік мәртебесін, білімін, тағылымдамадан өтуін арттыруға және КСРО-ның шетелдік мекемелерінде ілгерілетуге, өмір сүру жағдайларын түбегейлі жақсартуға көп көңіл бөлді. Республикалық СІМ-де консулдық және хаттамалық қызметтер мен ақпараттық-талдамалық жұмыстардың сапасы артты. Михаил Иванович Кеңес делегациясының құрамында Қазақстан өкілі ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йорктегі сессияларына қатысты, төрт құрлықта ондаған елге барды.
Сыртқы істер министрлігі Одақ орталығына тәуелді құрылым болғанына қарамастан, 1980 жылдары бұл мекеме теңдесі жоқ құрылым – Қазақстан Республикасының толыққанды сыртқы саясатының негізін құрушы институт ретінде нығайтылды. Кеңес Одағының соңғы жылдары Қазақстан шет мемлекеттермен сыртқы экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды белсенді түрде дамытты. Республика басшылығы тарапынан сыртқы байланыстардың тиімді қызмет етуінің маңыздылығы да ескерусіз қалған жоқ. М.Есенәлиевтің Қазақстанның халықаралық қарым-қатынастарын нығайтуға қосқан үлесін сол кезде Қазақ КСР-інің Премьер-Министрі ретінде Сыртқы істер министрлігіне жан-жақты қолдау көрсетіп, 1992 жылғы 2 шілдеде егеменді мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының толыққанды дипломатиялық қызметінің негізін қалаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары бағалады.
М.Есенәлиевтің очерктері, кітаптары мен сұхбаттарында баяндалған естеліктерінің біз үшін ұрпақтар арасындағы, өткен күн, қазіргі шақ және келешек, сондай-ақ жалпы дәуірлер арасындағы байланыс ретіндегі маңызы зор. «Бүгінгі істердің маңызын түсіну үшін кешегі күннің тарихын білу қажет», дейді Михаил Иванович. Себебі «әр дәуірдің өз міндеттері бар» (Гейн), ал М.Есенәлиев өз дәуірінің және халқының лайықты өкілі болды.
М.Есенәлиев Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін 1990-жылдардың соңғы күндеріне дейін Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болып жұмыс істеді. Сол кездегі жас дипломаттар – біз үшін жоғары мемлекеттік лауазымдарға ие М.Есенәлиев қол жетпес белес болып көрінетін. Алайда алғашқы әңгіме барысында парасатты, қарапайым, сыпайы және жанашыр әріптес екендігіне көз жеткіздік. Аталған қасиеттер министрлік қызметкерлеріне үлкен әсер ететін және олар біртуар тұлға – М.Есенәлиевке үлкен құрметін білдіретін. Жас буын Қазақстанның жаңа мемлекеттік саласының қыр-сырын біліп, тәжірибе жинау үшін сол кезде М. Есенәлиевтің соңынан ерді.
Жылдар өтіп, дәуірлер өзгереді, алайда Михаил Есенәлиев сияқты көрнекті тұлғалардың мұрасы әрдайым халқымыздың есінде қалады.
Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ,
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрі