Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Ағайындылардың атамекенге тартуы

534 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Қазталов ауданының Әжібай ауылында қуанышты жағдай болды. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ағайынды Асқар, Нұрлан, Ақылбек, Мейрам, Абзал Сыралиевтер туған ауылына фельдшерлік-акушерлік пунктті сыйға тартты. 

Ағайындылардың атамекенге тартуы

Әжібай аулында өсіп-өнген, бүгінгі күнде облыс орталығында құрылыс жұмыстарымен айналысатын ағайынды жігіттер өз қаражаттарынан 15 млн теңге жұмсап, нысанның құрылыс жұмыстарын екі айдың ішінде бітірді.

Нысанның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков Әжібай ауылы­ның тұрғындарын фельдшерлік пункттің ашылуымен құттықтап, жомарт азаматтарға ел атынан алғысын білдірді.

Салтанатты шарада Асқар Сыралиев фельдшерлік-акушер­лік пункттің кілтін аудандық орта­лық аурухананың директоры Қайырбай Алтаевқа табыс етті. Айтулы шараға арнайы келген об­лыстық денсаулық сақтау бас­қармасы басшысының орынбасары Гүлнара Абдрахманова жомарт жігіттерге Алғыс хат пен естелік сыйлықты тарту етті. Ал осындай игі іске ризашы­лық­тарын білдірген әжібай­лық­тар ағайынды жігіттерге шапан жауып, сәйгүлік мінгізді.

Салтанатты шарада жаңадан салынған нысанның лентасы қиылып, жиналған көпшілік фельдшерлік-акушерлік пункттің ішін аралап көрді. Бүгінгі за­ман­ға сай салынған нысанға қа­жетті коммуникациялар жүйесі тартылған, фельдшерлік кабинет, екпе бөлмесі, акушерлік кабинет, күндізгі емхана бөлмесі де бар. Кабинеттердің бәрі де толықтай жаңа қондырғылармен жабдықталып, білікті мамандар ауыл тұрғындарының барлығына қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір.

Асқар Сыралиев, кәсіпкер: – Біз осы жерде оқып, білім алдық. Еңбекке араластық. Өзіміздің туған аулымызға көмек жасап, осындай бір игі істі бастауды кө­птен бері жоспарлап жүрген едік. Сол жоспарымызды орындауда қолдау көрсеткен және кеңестерін берген аудан, округ әкімі және ауыл азаматтарына ризашылығымыз зор. Елге көмек көрсету әрбір азаматтың борышы деп білемін.

Меңсұлу Батырханова, зейнеткер: – Мен бұл азаматтардың ата-анасымен жақсы араластым. Елге сыйлы отбасы еді. Енді, міне, олардан тараған ұрпақтары туған ауылдарына үлкен тарту жасап жатқанына куә болып отырмыз. Ел атынан аналық ал­ғы­сымды білдіріп, ақ батамды бердім.

Гүлзира Төлегенова, Әжі­бай ауылдық фельдшерлік-акушер­лік пунктінің фельдшері: – Ауы­лымызда орналасқан бұ­рын­ғы ФАП-тың тозығы жетіп, ес­кіріп тұрған еді. Бұл мәселе­нің ше­шімін тауып, өз қаражат­тарына осындай тамаша ғимарат салып берген ағайынды жігіттерге ризамыз. Жаңа ғимарат ауыл хал­қы­ның денсаулығының жақ­саруына үлкен үлес қосады деген сенімдеміз.

Қайрат ЖАҚЫП

Батыс Қазақстан облысы,

Қазталов ауданы