Әдебиет • 28 Қыркүйек, 2018

Оралда Ғайсағали Сейтақтың шығармашылық кеші өтті

867 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал қаласында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Ғайсағали Сейтақтың «Мен – Нарынның ұлымын» атты шығармашылық кеші өтті. 

Оралда Ғайсағали Сейтақтың шығармашылық кеші өтті

Рафхат ХАЛЕЛОВ

Өмір бойы туған жерінде қалып, қазақ поэзиясына қалт­қысыз қызмет еткен, қазы­налы қара өлең мұхитына жеке арна болып адаспай қосыл­ған ақындар елімізде көп емес. Қарағандыда – Серік Ақ­сұң­қарұлы, Семейде – Тыныш­тықбек Әбдікәкімұлы, Ақтауда – Светқали Нұржан, Ақтөбеде Ертай Ашықбаев бар десек, оралдық жырсүйер қауым Ғайсағали Сейтақтың есімін осы қатарға қосады. «Нарынның нар ұлы!» деп мақтаныш тұтады. 
Ғайсағали Самиғоллаұлы Батыс Қазақстан облысының қазір­гі Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында дүниеге келген. Ғайсағамның бойындағы ақсүйектік, маңғаздық, тектілік туған топырағынан дарығандай. Өмір бойы журналистиканың қазанында қайнап, аудандық газет тілшілігінен бастап рес­пуб­ликалық БАҚ өкілі ара­лығындағы барлық сатыдан өткен ағамыз өлең өлкесін де өгейсітпей келеді. 1987 жы­лы «Қарлығаш» ұжымдық жинағына топтама өлеңі жарияланса, содан бері «Маңдай» (1990), «Аман бол, атамекенім» (1996), «Нарынның нар ұлдары» (1998), «Ай-арудың алқасы» (2001), «Тек пен тамыр» (2005), «Жақыным менің – жалпақ ел» (2007) атты жыр жинақтары жарық көрген.

Ғайсағали ағамыз 1987 жыл­дың қорытындысы бойынша республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлық­тың лауреаты атанды. Шыны керек, бұл өз иесін дәл тапқан сыйлық болатын. Өйткені ақынның сол кезеңде жарық көрген төмендегі шығармасында Төлегеннің шалқар шабыты, шынайы сезімі атойлап тұр: 

Келіп пе едіңдер сағына
күткен­ той деп бұл,
Жеткенше оған тозған да
шығар көйлек мың.
Мен үндемеді деп
өкпелемеңдер,­ адамдар,
Жүрегім менің сөйлеп тұр!

Адыра бәрі, шықпаса жүйрік 
қосқаның,
Бәйгеден келсе, бекерге онда
тоспадың.
Тойымды әркез басқарып
беріп,
Мен жайлы
Айтсын да бәрін достарым.

Жанымды ұдай әлдилеп
тұрар пәк сезім,
Жалғаннан әсте жамандық 
көрмей өт, көзім.
Адамға деген алғысым кейде
айтылмай,
Көмейде қалар көп сөзім.

Алдымда әлі аспаған талай 
өткел көп,
Біреулер ойлар бақытқа 
қолы жеткен деп.
Толғанып ұзақ, шабытты 
шақты күтемін,
Оралып келер көктем боп.

Келіп едіңдер сарыла күткен
той деп бұл,
Жеткенше оған тозған да
шығар көйлек мың!
Мен үндемеді деп
өкпелемеңдер, адамдар,
Жүрегім менің сөйлеп тұр! 
(«Тойда айтылған сөз»)

Осы өлең – ақынға берілген шынайы мінездеме. Өз басымнан өткен бір қызықты айтайын: 1995 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін тәмамдап, Оралға келген бетім. Алматыдағы жас ақындар арасынан күн сайын бір-біріне жаңа өлеңін жарыса оқып, думандатып жататын дулы ортадан ажырап, айдалада қалғандай күй кешіп жүргенмін. «Оралда кім бар?» дегенде әрине, осы Ғайсағам ойға оралды. Ақжайық ақындарының «атасы» атанған Жанғали Нәбиуллиннің атақ-даңқы да биік, жасы да үлкен. Сондықтан бірден асқарға қол ұруға бата алмай, жасы үш мүшелге енді келген Ғай­са­ғамды, ақын Ғайсағали Сей­тақты іздеп бардым. Ол кезде ағамыз Батыс Қазақстан облыс­тық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары-тұғын. Алғашқы жүздесу қалай өткені нақты есімде жоқ, бірақ Ғайсағам алып-ұшқан албырт көңілді су сепкендей басқаны рас. Ауыр мінезді ағамыздың аузынан екі ауыз лебіз шықты ма, жоқ па, білмеймін...

Сол кезде өкпелесек те, кейін ағамыздың өз мінезі сол еке­нін білдік қой. Ақындық – «ұжымдық шаруашылық» емес, әр адамның өз жүрегіне үңіліп тапқан асылы екендігін де соңынан ұқтық. Астанадағы үйірсек ақындар үйірінен алыс жүрген ағамыз өз әлемін ерте жасап алған екен. 

...Ғайсағамның жүргізушісі болған бір жігіттің айтып күл­дір­­гені бар: Орал қаласынан туған жері Ордаға бет алған ағамыз межелі жерге жеткенше бірауыз сөз айтпапты. Ал бұл – 600 шақырымға жуық жол, жарты күн уақыт болатын! 

Жайық жұрты ақынының алпыс жасын лайықты атап өтті. Өңір басшысы өз резиденциясында қабылдап, мерекелік лебізін білдірді. Хадиша Бөкее­ва атындағы қазақ драма теа­трында «Мен – Нарынның ұлы­мын» атты әдемі кеш өтті. Алматы қаласынан арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лау­реаты Бақыт Беделхан барша Қазақстан қаламгерлері атынан асқақ сөз сөйлеп, мерейтой иесінің мәртебесін көтерді. Ақын тойына құрметтің ең үлкенін ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Арыс» қорының прези­денті, республикалық «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес жасады – талай жылдан бері үзеңгілес жүрген қаламгер досының «Қасиет қонған қара жер» атты жаңа жинағын шығарып алып келді. 

Қазақтың ғана емес, төрткүл дүниенің шығармашылық тұл­ға­ларын жинап тұра­тын Ас­танадан шалғай жат­қан шы­ғанда шынайы шығарма­шылық жиындар жиі бола бермейді. Ғайсағали Сейтақтың мерейтойы – оның өзі айтқандай «Өлеңнің төрге шыққан күні» болды. Сахнада ақын өлеңдерін оқыған қыз-жігіттер қара өлең­нің бойындағы сұмдық сырды залдағы әр қазақтың санасына сіңіріп жіберді. Қаламның қуаты, сөздің күші мойындалған сыңар сәт өтті.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы