Аймақтар • 01 Қазан, 2018

«Өмірді құтқару»: Алматыда әлеуметтік фотокөрменің ашылуы өтті

370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда бүгін «Аман-саулық» қоғамдық қоры мен Алматы қаласының наркологиялық диспансері бірігіп, фотограф Санат Оңғарбаевтың «Өмірге араша түсу» әлеуметтік фотокөрмесінің ресми түрде тұсауын кесті. 

«Өмірді құтқару»: Алматыда әлеуметтік фотокөрменің ашылуы өтті

Бұл көрме фотографтың есірткі шеңгелінде зардап шеккендер туралы авторлық туындыларынан тұрады. Көрме мақсаты – нашақорлыққа тәуелді адамдарды қоғамнан шеттетпей, оларға араша болуды көздейді. Яғни «Метадон терапиясы» бағдарламасына қатысты жобаға Алматы наркология диспансерінің 11 пациенті де қатысты.

«Аталмыш жобада бастарынан өткен қиындық пен түрлі тәлкекке мойымағандарды көрсетуге тырыстым. Мен оларды өмірі үшін, бақытты болуы үшін күресіп жүрген қоғамның толыққанды мүшесі ретінде көрсетуге ұмтылдым. Біз оларға қолдау көрсетіп, өз ортамызға тартуымыз керек», – дейді Санат Оңғарбаев.

Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ЖИТБ алдын алу және күресу жөніндегі республикалық орталықтың бас директоры (ЖИТБ РО) Бауыржан Байсеркин науқастардың көпшілігі есірткі пайдалану арқылы АИВ жұқтырғанын алға тартты.

– Адам иммунтапшылығы вирусының 50 пайыздан астамы есірткі егу кезінде жұғады. Себебі есірткіге тәуелділер инъекция үшін оған дейін АИВ жұқтырған басқа адам қолданған инелерді, шприцтер мен басқа да құралдарды пайдаланады. Сондықтан есірткіні қолданудың алдын алу мен толықтырушы ем арқылы есірткіні бақылауға алу – елімізде АИВ жұқтыруды бірнеше есе төмендетеді, – дейді Бауыржан Байсеркин.

«Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова зиянды төмендету тұжырымдамасын қолдану есірткіге тәуелді адамдардың өмірін сақтап қалуда өте тиімді деп санайды. «Зиянды төмендету тұжырымдамасы балама алмастырғыштарды пайдалану өмірді сақтап қалуға көмектеспек. Мұндай жағдайда метадон арқылы емдеу есірткіге тәуелділерге толыққанды өмір сүруге көмектеседі.  «Өмірге араша түсу» фотокөрмесі – бұл есірткі құрбанына айналуы мүмкін халықтың барлық топтарына бағытталған өте маңызды және қажетті шара. Біз есірткіге тәуелді адамдарды шеттетуге қарсы жұмыстарды ғана жүргізіп отырған жоқпыз, сонымен бірге қоғамның барлық басқа топтарына есірткі пайдаланудың өте қауіпті дерт екенін көрсетеміз», – деді «Аман-саулық» қорының президенті Бақыт Түменова.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ