Әдебиет • 02 Қазан, 2018

Қазақ детективінің атасы - Кемел Тоқаев

7962 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Соғыс қасіретін суреттеген тақы­рыпқа жазушы Кемел Тоқаев та қалам тартқан. Бірақ ол соғыс шын­дығын басқа қырынан көрсетуге тырысты. 

Қазақ детективінің атасы - Кемел Тоқаев

Өйткені үстем ұлт өкілдері бір бұйданың жетегінде жүрсек те шовинистік көзқарасын сұрапыл соғыста да өзгертіп, рухани жаңғыра қоймаған-ды. Өзге ұлттың солдаттары ел басына түскен ауыртпалықты бірге көтерісіп, бірге қайғы-қасірет шегіп, тар жол, тайғақ кешіп жүрсе де оларды адам санатына қоспады. Соғыс құрбаны деп қарады. Сөйтіп қайдағы қиын барлауға жұмсап, өлмесең – өмірем қал деп жат пи­ғыл ұстанды. Олардың жұмыр басын қатерге тігіп, жасаған көзсіз ер­ліктерін де елемеді. Бұның ақ-қа­расын айырып, ашып жазуға ешкімнің батылы жетпеді. Ал жазушы К.Тоқаев соғыстың осы бір шындығын шырқын бұзбай астарлап шебер суреттей білуімен ерекше көрінді. Өйткені ол түлкі құрсақ болып жұпыны тірлік кешсе де ділі шырайлы, тілі шұрайлы кезде әдебиетке келген еді. Соның әсері тимей қалған жоқ, әрине. 

Соның нәтижесінде талантын жылдар жаныған тарлан жазушы­ өзінің күш-қуатына сеніп, әдебиет әлеміне бұрын тосын көрінген де­тектив жанрына түрен салып,­ іргесін бекітіп, сапасын аса жоға­ры деңгейге көтере білді. Рас, тұң­ғыштың жолы қашанда ауыр бол­ған. Сонау аштық жылдары әке-ше­шеден ерте айырылып, тағдыр тауқыметін көп тартып, көз жасына­ суарылып жетілген ол қандай жағ­дайда да жасып, мойымады. Қа­рағайға қарсы біткен қайсар бұ­тақтай тағдырына қасқайып қар­сы жүрді. Мұратына жетпей мұ­қал­мауды ойлады. Ертеде бір жетім айтқан екен: «Өмір деген өксік қой,­ өксіп жүріп өстік қой» деп. Ал түбіт мұрты жаңа тебіндеп шы­ғып, жиырмаға толар-толмас көк өрім балауса шағында соғысқа ат­танып, небір сұрапыл күндерді бас­тан өткеріп, қайғы жұтқан сайын­ қатайып, өксік атқан сайын өр­кеш­те­ніп үйренген Кемел бұл салада да өзінің кім екенін, қандай азамат тұлға екенін айқын көрсетті. Сөйтіп ол шытырман оқиғаға құ­ры­лып, әртүрлі шеберлік үлгіде шы­­найы жазылған шоқтықты кі­тап­тары жарық көрген сайын қа­лың­ қауымның сүйіспеншілігіне бө­ле­ніп, биіктен биікке көтеріле берген... 

Ол, шын мәнінде, текті буынның бекзат болмысына көлеңке түсірмей тереңнен толғай білетін тегеурінді өкілі еді. Оның қалам тартқан қай туындысы да тартымды жазылып, қоғам назарын өзіне аударып, шы­ғар­машылық әлемі кемелденіп, шоқ­тықты көрініп тұратын болды. Сол кезде бүкіл баспа ісін бас­қар­ған Шерияздан Елеукенов Кемел Тоқаевтың 450 мың данамен тараған бір кітабын тілге тиек ете оты­рып: «Әуезов шығармалары да мұн­дай тиражбен шықпаған еді» деген еді.

К.Тоқаевтың суреткерлік биік деңгейге көтеріліп, шиыршық ат­қан аса шебер үлгіде жазған кө­лем­ді туындысының бірі – «Солдат соғысқа кетті» романы. Қанға бөккен майдан даласы жан-жақты суреттеліп, ара-арасында солдат күнделігімен тұздықталып оты­ратын бұл көлемді туындыны кө­кірегің ыза-кекке толып, қы­зынып, бұрқанбай оқу әсте мүм­кін емес. Өйткені романның ал­ғаш­қы беттерінде: «Қызыл вагон­дар жол бойын тұтас алып самсап тұр. Бәрінің есігі айқара ашылған. Қанша кісі кірсе де апыр-топыр жұтып жіберетін түпсіз апан се­кілді» деген суреттеменің арғы тұң­ғиық астарында сұмдық бір сырдың ұшқындап жатқанын сезіп, шыбын жаның шырқырап қоя береді. Өйтпегенде қайтеді – қызыл вагондар шойын жолдың бойымен сырғып жүйткіген күйі солдаттар­ды тиеп алып барып, қанды қырғын майдан даласына – араны ашылған ажалдың аузына топырлатып то­ғытып тастап кетіп жатса.

«Мұхамед самолет құлдилай бер­­генде ішін тартып, демін тоқ­татып тұрып атып қалды. 

Бұл оның жауға атқан алғашқы оғы еді... жауға атқан алғашқы оғы­ның дарығанын байқады.Ұшқыш бір сәтке самолетті игере алмай бұл­талаңдап, шайқалып барып шапшаң көтерілді. Ұшқыш өзін атқан нысананы анық байқаған секілді. Ызалана шүйлігіп пулеметтен оқты боратып өтті. Мейірманов пен Мұхамед те қатарласа үсті-үс­тіне атып жіберді. Ұшқыштың жар­қыраған көзілдірігін қан жуып кетті. 

Мұхамед орнынан атып тұрып:

– Жарайсың, бауырым! Самолет­ті атып түсірдің! Нағыз батырсың! – деп досын құшақтай алды. Жау самолеті жүгері алаңынан асып ба­рып тоңқалаң асты. Жалын аралас қара түтін бұрқ етіп аспанға көтерілді. Власов жүгері арасынан қуана жүгіріп шықты. 

– Жолдастар, мен жау самолетін қираттым. Атып түсірген мына мен! Мен! – деп тұмсығымен жер тірей тоңқалаң асқан самолетке мойындарын созып қарап қалған солдаттарды жағалай құшақтап айқайлап жүр».

Бірақ сол арада бұның рас, өті­рігін тексеріп, шындыққа көз жет­кізуге ешкім ұмтылмады. Бәрі «сен нағыз геройсың!» деп Вла­сов­ты жапа-тармағай дәріптеуге көш­кен. Өйткені ол кезде бұл сар­жағалардың өтірігі де өрге жүзіп, айдын асырып тұрған.

Алайда құрсағында жетіліп туған Мұхамед бұл әділетсіздікке к­өпе-көрінеу төзбеді. «Малым – жа­нымның садағасы, жаным – арым­­ның садағасы» деген ата қа­­зақтың азаматы болсам, бұған қалай шыдауым керек деп ши­рық­қан. Сол бойда екеуінің винтов­ка­сын тексертіп, шенділермен көп ыр­ғасып, айтысып-тартысып, ақы­рында жау самолетін атып түсірген Мейірманов екенін дәлелдеп шығады.

«Мә, қараңыз! – деп затворын сарт еткізіп қайырып тастады. –Ствол таза, оқ атылмаған. Ал мынау сержант Мейірмановтың винтовкасы. Дәрінің ізі де, иісі де бар. Сонда Власов самолетті несімен атып қиратып жүр?».

«Тура айтқан туғанына жақпай­ды» деген осы. Мұхамедтің әділ сөзі онсыз да төңірегінен жау із­деп жаланып жүрген Власовты кектендірмей қоймайды. Оны оның: «Сен сволочьтың кім екеніңді енді білдім. Майдан кең, біз әлі кез­десеміз. Айтпады деме, қан қақ­са­тамын! Зарлайсың!» деген сөзінен аңғару қиын емес-ті.

Кейде өмірде адам айтса нанғы­сыз жағдайлар болып жатады. Жау самолетін атып түсірген Мейір­ма­новқа түсінде біреу келіп: «28 октябрьде өлесің» дейді. Бұның шын­дығына көз жеткізбек болып оны қауіпсіз жерге оңаша қамап, сыртынан күзетеді. Алайда Мейірманов дәл сол күні жұмбақ жағдайда қаза табады. Ол неден өлді, кім өлтірді – ешкім білмейді. Өйткені бұл кезде соғыстың ішінде тағы бір майдан астыртын жүріп жатқан. 

Арада екі жыл өткенде бұл май­данның сыры ашылған. Ашқан – командованиенің ерекше тапсырмасын орындаған Мұхамед болатын. Сөйтіп ол Польша жерінде Ломда қаласының түбінде Мейірмановты өлтірген Власовпен бетпе-бет кездескен еді.

Рас, соғыста солдаттар арасында егесіп, шекісіп қалу сияқты әртүрлі келеңсіз жайттар болмай тұрмайды. Бірақ мәселе мұнда емес. Мәселе автордың ел басына екіталай күн туғанда екі майданда да қатар соғысып, кейін жеңген жағына оңай сытылып шығып кетуді көздеген Власов сияқты сатқындардың бет-пердесін ашып, көрбілтеленбей айқын көрсетуінде болып тұр. Соғыс тақырыбына бұрын да талай шығарма жазылған-ды. Алайда солардың бірде-бірінде әлгіндей зымыстандардың екіжүзділігі бұлай шындық тұрғысында бедерлі бейнеленіп, ашық айтылмаған еді.

Осы орайда мына бір жайтты еске сала кеткім келеді. Қай тақырыпқа қалам тартса да тереңнен толғап жазатын Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінде бұрын болмаған детектив жанрының негізін қалап, күш-жігерін жұмсап, тың бағыттың сапасын аса жоғары деңгейге көтеріп, сол жанрдың атасы атанған еді. Енді, міне, соғыстың қаһарлы күндері кең қамтылып, жан-жақты суреттелген мына романы арқылы ол тың бағытқа тағы да түрен салып, өз мүддесін көздеп екі майданда да қатар соғысқан екіжүзді сатқындардың бет-пердесін сыпырып, сойдақтаған қанды іздерін қорықпай ашық жазған тұңғыш автор екенін және көрсетті.

Замана тудырған ұлы тұлға Д.Қонаев ел басқарып тұрған ке­зінде атаман Дутовтың көзін құртуға қатысқан чекистердің ерлігі мен Орал қаласында ақ гвардияшыларға қарсы шайқасқан жергілікті ха­лық­тың күресін бейнелейтін фильмдер түсіріңдер деп тілек білдірген. Сөй­тіп  бұл екі фильмнің де сюжетін өзі айтып берген. Бірінші тапсырмасы бойынша картина жедел түсіріліп, «Атаманның ақыры» деген атпен экранға шықты. Екінші картинаға да қыруар қаржы, көп күш-қайрат жұмсалып, «Уральск в огне» деген атпен тез түсіріліп біткен еді, бірақ жолы болмады. Фильмнің бас кейіпкері – Орал казактары армиясының қолбасшысы, генерал Тольстовтың ағылшын тілшісіне берген сұхбатында: «Если мне пришлось бы возвращаться опять в Россию, я бы поставил в эрмитаж скилет последнего туземца (қазақтарды айтып отыр) как уникальный памятник для потомства» деген бір ауыз сөзі картинаның бағын байлады. Генералдың бұл сандырағын әдепкіде фильмнен қиып тастамақ та болды. Сонда да картинаның өне бойына тілінген тас­падай тартылып өрілген әлгіндей жат пиғыл, суық көзқарастың ызғарын бәрібір жұмсарта алмады. Бұның өзі, түптеп келгенде, фильмнің омақаса құлауына әкеп соқты. Ал Дінмұхамед Қонаев әйгілі актер, белгілі режиссер Шәкен Аймановқа идеясын айтып түсірткен бірінші фильм экранға шыққан бойда бағы жанып жүре берген. Бірақ фильмде Қасымхан Чанышев деген өмірде болған адамның есімі өзгертіліп, атаман Дутовты өлтірген Қасымхан Шадияров болып көрсетілді. Оның экрандағы тұлғасын сомдаған атақты актер Асанәлі Әшімов.

Бұл жөнінде жазушы, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы былай деп қалам тербейді: «Жазушы Кемел Тоқаев арада он бір жыл өткенде, яғни, 1981 жылы «Жазушы» бас­пасынан 49000 данамен шыққан «Соңғы соққы» романында атаман Дутовты атып өлтірген басқа адам екені туралы ақиқат Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметінің Орталық архивінен табылған және онда «При входе к Дутову я передал ему записку, тот стал ее читать, сидя на стуле за столом. Во время чтения я незаметно выхватил револьвер и выстрелил в грудь Дутову. Дутов упал со стула. Бывший тут адъютант Дутова бросился ко мне, я выстрелил в упор ему в лоб. Тот упал, уранив со стула горевшую свечу. В темноте я нащупал Дутова ногой и выстрелил в него еще раз» деп жазған М.Қожамияровтың хатын пайдалана отырып, именбей ашық айтты» («Тұңғыш». «Алматы ақшамы», 16 маусым, 2016 жыл).

Сөйтіп жазушы Кемел То­қаевтың туралып кетсе де турасын айтып жазған романында атаман Дутовты атып өлтірген Шадияров емес, Қожамияров болып бедерлі бейнеленіп, аласапыран уақыттың бір қалтарысында ұмытылып қалып қойған азамат ердің есімі қайта жаңғырып, шындық салтанат құрған еді.

Тоқ етерін түйіп, бір-ақ айт­қанда, Кемел Тоқаев оқиғаларды ойдан шығарып, жасанды тартыс құрып, шығарма жазған емес. Ол көңілін тербеген көркем туындысын мына қылмыс әлемі мен жықпыл қатпары көп жымысқы қоғамның тұңғиық сырына жіті үңіліп, сезіп-түйсінгенін жүрегінен өткізіп барып, өркештеніп отырып жазады. Бәлкім, содан шығар, оның қаламынан туған қай шы­ғармасынан да тұтас бір дәуірдің шындығы сахараның жусанды жотасындай білемденіп көрініп жатады. Сөйтіп оқушы жүрегіне сара жол тауып, қолдан қолға өтіп, ел аралап кете барады.

Рафаэль НИЯЗБЕК,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 

Чешенстан Мемлекеттік сыйлығының және

«Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлықтың лауреаттары