Қазан айының 19 күні Польшаның бас қаласы Варшава шаһары туризмнің шынайы орталығына айналып шыға келді. Оның себебі сол күні Варшавадағы «Ptak Warsaw Expo» көрме және конгресс орталығында «World Travel Show» халықаралық туристік жәрмеңкесі өз жұмысын бастаған болатын. Осы орайда ірі масштабтағы іс-шараларды өткізуге арнайы салынған аталған нысанның Орталық Еуропадағы ең үлкен көрме кешені екендігін айтуға тиіспіз. Шартараптан жиналған жүздеген туроператордың, туризм саласына қажетті тауар өндірушілердің басын қосқан жәрмеңке «Жергілікті және шетелдік туристік салоны», «Camper&Caravan» (автоүйлер) және «Варшава яхта» салондары құрылымында жұмыс жасауда.
Польша тарапының «World Travel Show» халықаралық туристік жәрмеңкесін ұдайы өткізуі кездейсоқтық емес. Себебі Еуропаның орталығында орналасқан бұл мемлекет туризм саласын қарқынды дамыту бағытында көп жұмыс атқаруда. Қазір Польшада туризм индустриясы қалыптасқан деп айтуға толық негіз бар. Елдің аталмыш саладағы құзырлы спорт және туризм министрлігінің келтірген ресми мәліметіне сәйкес, бүгінде мемлекеттегі ІЖӨ-нің 6%-ы туризм саласының үлесіне тиеді екен. Ол дегеніміз – жүздеген мың жұмыс орындары.
Биыл туристік салада өзіндік орны бар, төртінші рет өткізіліп отырған осы жәрмеңкеде Қазақстан павильоны ашылып, шараға қатысушылар арасында үлкен қызығушылық туғызды.
Еліміздің павильонына арнайы келген Польша Республикасының спорт және туризм министрі Витольд Банька Қазақстанның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұханмен бірге оның лентасын қию рәсімінде ұлттық тағамдарымыздан дәм тата отырып, павильон жұмысымен танысты.
«Қазақ туризм» ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен және Қазақстанның Польшадағы елшілігінің қолдауымен жұмысын бастаған отандық павильонның түпкілікті мақсаты – айтулы халықаралық шара аясында еліміздің туристік әлеуетін шетелдіктерге кешенді таныстыру, келешекте мемлекетімізге туристер легін көбірек тарту.
«World Travel Show» халықаралық туристік жәрмеңкесінің көрнекті жерлерінің бірінде орын тепкен Қазақстан павильонында Польшамен, жалпы Еуропа елдерімен тығыз жұмыс жасасып келе жатқан 5 туристік оператор келушілерге өз қызметтерін таныстыруда.
Қазақстан үшін еуропалық, оның ішінде поляк туристерінің көптеп келуі аса маңызды. Еліміздің Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан мырза Елбасының отандық туризм саласының дамуына айрықша назар аударып отырғанын атап өтіп, қазіргі уақытта салада үлкен серпілістің бар екенін сөз етті. Елшінің сөзіне қарағанда, өткен жылы елімізге келуші поляк азаматтары үшін визалық режімнің алып тасталуы бүгінде оң нәтижесін беруде. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың межелі уақытымен салыстырғанда елімізге келуші поляк туристерінің саны 27%-ға артқан. Сонымен қатар Еуропа құрлығынан келген туристердің үштен бір бөлігін поляк туристері құраған екен.
Шара аясында Қазақстанның туристік павильонын тамашалаушылар бір сәтке де үзілмеді. Келушілер арасында оқушы және студент жастарды, немересін ерткен зейнеттегі кейуананы, шетелдік туристік фирмалар өкілдері мен журналистер болды. Жиын барысында солардың бірқатарын сөзге тарттық.
Цезары РУДЖИНЬСКИЙ, ардагер журналист: Мен өмір бойы саяхаттап келе жатқан жанмын. Қазақстан – үлкен мемлекет. Сіздердің елдеріңіздің туристік әлеуеті зор. Елдеріңізде заңғар биік таулар да, ұш-қиыры жоқ жазық дала да бар. Сонымен қатар сіздерде туристер үшін қызықты болатын жерлер жетіп-артылады. Осы орайда Қазақстан тарапының мұндай шараларға қатысып, өз туристік мүмкіндіктерін таныстыруы аса қажет деп білемін.
Мечислав ЛАПАНОВСКИЙ, «REMIX S.A.» компаниясы басшысының кеңесшісі: Мен өз өмірімнің бес жылын Қазақстанда өткізген адаммын. Мемлекеттеріңіз түрлі белдеулер үйлескен, тамаша қайталанбас табиғаты бар ел. Бірақ еуропалық туристер үшін бастысы жергілікті халық, олардың ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрлері қызықты болмақ. Осы орайда сіздерде қазіргі Еуропада сирек кездестіретін берік отбасылық құндылықтар жақсы сақталған. Қазақстанда бір рет болған адам оны әсте есінен шығармайды, үнемі қайта болуға аңсары ауып тұрады.
Туристік жәрмеңке аясында еліміздің туристік әлеуетін таныстырудан өзге «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы мен поляк туристік ұйымы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған келісім қос мемлекеттің туризм саласын үйлестіруші орталық мекемелеріне өзара ақпарат және тәжірибе алмасу, бірлескен іс-шаралар өткізу, мамандарды оқыту мен біліктілігін арттыру сынды тың мүмкіндіктер бермек.
Жандос ӘУЕЛБЕКҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Польша