Әдебиет • 29 Қазан, 2018

Құштар көңіл жазбалары. Сыншы Сағат Әшімбаев күнделіктерінен туған ой

2332 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Белгілі әдебиет сыншысы, мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың үш томдық шығармалар жинағының үшінші томы жарыққа шықты. Аталған томға негізінен 45 дәптерден тұратын күнделіктерінен алынған жазбалары топтастырылған. Сыншылық күнделіктері туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбектің толғамды ойларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Құштар көңіл жазбалары. Сыншы Сағат Әшімбаев күнделіктерінен туған ой

Әлем әдебиетінде күнделік тұр­мыстық жазба ғана емес, көркем әдебиетке айналғалы қашшан! Бұл не? Бұл Ю.Тнянов айта беретін «Тұр­мыстық жазбалар уақыт өте келе әдеби ай­на­лымға түседі. Әдебиет дү­ние­сіне айналады» – деген пі­кірінің растығы! Күнделік әлем әдебиетінде дәстүрге айнал­ғалы қашшан! Бізде ше? Абай күн­делігі – қара сөздері болар. Шоқан күнделігі – ғылыми есепті жазылған дүниелері шығар. ХХ ғасыр басында күнделік әп-әжеп­тәуір төбе көрсетіп, буынын бекі­тіп үлгерген. Өкініші – бүкіл жа­зу-сызуын КГБ жен­деттері тәр­кілеп алып кеткен де біржолата жо­ғалған. Қалғаны болса әлі күнге жарыққа шығып бұқараланған жоқ. Кеңес әдебиеті Алаш әдебиетімен ере­гісе, күресе жүріп жетілсе – көп ежіктеудің ішінде күнделік те жүрген. Кеңес дәуірінде тіршілік кешкен ақын-жазушыларымызда күнделік бірсыпыра бар. Оған да КГБ залалын тигізген. «Үзбей күн­делік жүргізетін едім. 1937-­38 жылдары басымыздан­ қор­қып, өртеп тастадық... Жұлым-жұ­лым жұрнағы ғана жүр осында...». Екеуара әңгімеде Мәриям Ха­кімжанова апайдың айтқан әңгімесі. Мұхтар Әуезов «Басым­нан қанша қуғын-сүргін өткізсем де үш кісінің хатын аман сақтап ке­лемін» депті қанаттасы Бейсем­бай Кенжебайұлына. « – Үшеуі де­ ерекше ақылды кісілер еді». Кімдер олар? Жүсіпбек Ай­ма­уы­тов, Смағұл Садуақасов, Көл­бай Төгісов! Өз күнделігін, өз ес­те­лік, эпистолярлық жазбаларын сақ­тай алмаған ұлы жазушы қазақ әде­биетінің үш тұлғасының үш хатын сақтау арқылы қаншама ерлік жасап отыр десеңізші?

Дамымаған елдерде әдебиет пен өнерге дүркін-дүркін зоба­лаң туып тұрады. Өнерге туған зобалаң алдымен күнделік секілді дүниелерге туады екен дә... Не­ге олай? Өйткені күнделік – тұл­ғаның жан сыры. Азаматтық дү­ниетанымы, жазушылық құпия­сы, адами ынты-зары, өзі өмір сүр­ген қоғам туралы ащы запыран-зары... Осыған қарап күнделікті тұр­мыстың ақиқатшыл жазбасы, әде­биеттің ақиқатшыл жанры десек ше?!

Күнделік – мемуардың іш­кі жанры. Күнделік көпшіл бұқа­ралық жанр. Ол тұрмыстық жазбалардан бас алады. Уақыт өте келе әдебиетке айналу жолы да әралуан. Бұл процесс түрлі жолмен жүреді әс­те. Айталық, орыс жазушысы Д.Н.Гранин ауа райын бақылайтын бір синоп­тиктің күнделігін тауып алып, таңырқағаны бар. Өмір бойы бір қызметте істеген. Өмір бойы күнделік жүргізген. Қайран қал­ған жазушы ақыры 50 жылдық күн­делік жазбаларын арқау етіп хикаят жазды... Соғысқа қатысқан Петр Вершигора, қазақ батыры Бауыржан Момышұлы бес жылдық жаһандық соғыста жүріп, қойын кітабына әлденелерді тү­сіріп отыруды ұмытпаған. Кейін сол күнделік жазбаларды пай­даланып қызықты көркем очерк, табыс­ты мемуар туындатты. Екеуі де өмірде де, (Кеңес Одағының Ба­тыры) өнерде де ерлік жасаған, екі есе ерлік жасаған азаматтар ре­тінде бағаланады.

Күнделік жазбалардың тарихына кетсек, ұлан-ғайыр байтақ жат­қан әңгіме. Ол әзірге тарих білетін эллиндік дәуірде де бол­ған. Плутархтың «Дастарқан басын­дағы әңгімелері» күнделік емей, немене?!

Са­ғат күнделігіне: «Мен бүл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың пайдалы шығар.

Мына оқиға бізді оятып кетті. 22.12.1986 ж.», – деп жазыпты. Үл­кен сөз!

Енді, міне, кезек көрнекті әдебиет сыншысы Сағат Әшім­баевқа келіп жетті. Көзі тірісінде Сағат ағамыздың «Сын мұраты» (1974 ж), «Талантқа тағзым» (1982), «Парасатқа құштарлық» (1985 ж.) аталатын үш кітабы ғана жарық көрді. «Шындыққа сүйіспеншілік» кі­табын бас­тап, үстел үстіне қол­жазбадай қал­дырып, жарық дү­ние­ге қол бұлғап кете барды. Өкі­нішті. Әде­биеттің көркем жа­нрына қарағанда әдеби сын өлім­сек­теу келетін әдет болатын. Сағат ағамыз өмірден өткелі де бірсыпыра уақыт. Ар­­тында кітап­қа жинақталып үл­гергені бар, қол­жазба күйінде қалғаны бар, әдеби мұрасы өткіншілік күй кешіп отыр­ған жоқ. Қайта өміршеңдік таны­тып дүркін-дүркін бір кітап, екі том, таңдамалы сипатында жарық кө­ріп келеді. Қайта Сәкең сынына іліккен, ілікпеген бірсыпыра ақын-жазушыларымыз ұмытылып қалып қойды. Бүгінгі уақыт – көр­­кемөнерге қатал қарайтын, жаңа­ша елейтін, еш­кімнің көңіліне қара­майтын жаңа талаптың уақыты. Осы уақыт аралығында ХХ ғасыр басындағы Алаш аяулылары, та­рихтағы өз орын-орындарына қайы­ра тұра қалды. Ол әдебиеттегі жас­пен алған, ерте жазылғанымен қадірленген, қызмет мансабы арқылы мақталып-мадақталып келген көп-көп қаламгерді тарих төрінен ығыстырып-ығыстырып жіберді. Тіпті кейбірін «келместің кемесіне мінгізіп» қоя берді... Өмірде жоғы өз алдына, өнерде де ештеңе бітірмеген болып саналып отыр. Аты, шығармасының аты айтыла қалса әдебиет тарихында дерек ретінде аталар. Ал әдеби айналымда жоқ. Классик жазушыларымыздың өзін түйе шайқаған дауылдай шайқап-шай­қап алды уақыт-тарих. Міне, осындай дауылды алмасулар, дүр­белеңді шайқаулар жүріп өтіп жат­қан қатыгез уақытты Сағат Әшім­баев сынды дүниелерінің іріктеліп-сұрыпталып қайыра жарық кө­ріп жатуы бізді сүй­сін­діреді. Сүй­сініп отырып, жа­ңа жүздесудің («Армысыз, Са­ғат аға?» атап арнайы мақала жаз­ғанымды еске алып отырмын.) сырына үңілеміз.

Қазақ қоғамы бір формациядан бір формацияға өтіп, жаңаша тү­леп жатқан бүгінгі күні Сағат Әшімбаев еңбектерінің қайта жариялануға жарап жатуының өзі көп мәселені аңғартады. Де­мек, С.Әшімбаев XX ғасырдың әдебиет сыншылары, тіпті философтары көтерілген биікке кө­теріле білгені!

Иә, сөйтіп Сағат Әшімбаев ең­бектері «Ақиқатқа іңкәрлік», «Сын сымбаты» дегендей атпен қайта жарық көріп келеді. Оған қуанамыз. Қайтара оқып, шы­нымызды айтып, шынайы ма­қа­ла да жазамыз. Алайда сол ең­бектер қайта басылып жүрген кітап­тарынан сыншы күнделігін көре алмаймыз. Аңтарылып, сын­­­шы жары психолог жазу­шы Шәрбану Бейсенованың жүзіне қараймыз. Қаншама қа­тал тағдыр кешіп ке­ле жатса да мойымаған қайсар жеңгеміз әдеби ортамен санасатынын, әліп­тің артын бағатынын айтады. Әдебиетте мода деген де пәле бар. Бір ақын, не жазушыны кейінгі ұрпақ жақсы көріп қалса, оны кезінде сынаған сыншыны ілгектеп әуреге түседі. Сын қай уақытта, қандай жағдайда, қалай айтылды? Оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Кітап оқымайтын заманда әділетті сынның өзі кейде осылай теріс қабылданатыны бо­­лады. Жалпы, өзіне айтылған сынды орынды қабылдаған қалам иесін кездестіру қиын. Ауызбен желдей есіп жүруге құмар, көр­кемдік құндылықтың баршасын ауыз әдебиетіне айналдырып қабыл­дайтын қазақ жағдайында бұл тіпті қиын. Не амал? Амал, қаламгердің өзінен шықса керек әсте. Оны қалай түсінеміз? Әділін айтып, ағайынға жақпаған әдебиет сыншысы өзімен-өзі сырласып, өзімен-өзі мұңдасып, күнделік жазбас па?! Әйтпесе, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұ­қанов секілді ашылып хат жазыспас бірімен?! (Ол жабық хаттарды ашатын да уақыт жетті.) Сағат жағдайында бұл – өзі жүр­гізген күнделік жазбалар еді... Ақыры, айтып жүріп, өтініп жү­ріп Шәрбану Бейсенованы жа­ры Сағат ағамыздың күнделігін кітап формасында жариялауға көндірдік. Білек сыбанып кірісіп, әр әрпінің бүгіліс-түгілісін жазып қарап, бас­паға қырағылықпен дайын­даған Дүйсен батырға, Д.Мүсір­әліұлына өз басым қатты ри­за болдым.

Бірімізге аға, бірімізге ұстаз Сағат Әшімбаев күнделігі не гәп айт­­ады?

Бәріміздің де күнделігіміз – оқыған кітаптар жайында алған әсерлерден, кітаптан үзінділерден тұрады. Сол сияқты көрнекті әде­биет сыншысының күнделігі ең ал­дымен оқыған кітаптарынан алын­ған үзінділерден бас құрай­ды екен. Олай болуы заңды. «Оқы­маса ой тоқырайды...». Ұдайы оқу – кісіні білімге жете­лейді. Тап осы жерде кітап оқуды жүйеге түсіріп алған кісі ұтыл­майды. Мейлі ақын бол, мейлі жазушы бол. Сағаттың кі­тап оқуы – жүйелі оқу. Сіңіріп оқу. Оқығанын айтар ойының ар­қауына айналдырып салалы ой айта білу – Сағат сыншының бір артық­шылығы. Оймақтай ойлы үзікті жазылар шалқар мақалаға тамызық етіп тастап жіберу де Сәкең қолынан келген іс! Кейде әлденеше озық үзік жазылар тұ­тас мақалаға ұйытқы қызметін де атқара алады. Көрдіңіз бе, Сә­­кең кітапты оқу үшін, білімді кө­­ріну үшін ғана оқымайды, білімін ұштау үшін, сыншы ретінде талғам қалыптастыру, сын­шы райында ой сабақтау үшін оқиды. Оқиды, оқу арқылы дүниетаным қалыптайды. Міне, мәселе қайда?! Осыдан шығарып айтсақ, дарынды Сағаттың орынды талдауға құрылған ойлы мақа­ла­лары, ұлы Абайға сүйеніп айтар философиялық ойлары, хас су­рет­кер Ғабит Мүсіреповтен үзең­гілесіндей терезесі тең отырып сырласып айтар толғақты мәсе­лелері (азаматтық формуласы. т.б.), толымды ойлары – дарын озықтығымен бірге оқудың да же­беуімен. Дарын мен білімнің тең-таразылас түсуі талантты жан-жақты ашады екен. Ондай білімді дарын өз уақытына ғана қызмет етумен шектеліп қалмайтын, алғы күндерге кететін, келер ұрпақ­тарға жететін жетелі ой, салалы сын еңбегін қалдырады екен. Сағат Әшімбаев күнделігінен біздің бір түйгеніміз міне, осы жайт!

1986 жылғы Желтоқсан оқи­ға­сы болып өтті. Желтоқсан қоз­ға­лысы. Желтоқсан трагедиясы.­ (Тарихшылар әлі тиянағына жеткен жоқ. Билік Желтоқсанды айт­қызбай әлек. Ой, тоба-ай?!) Са­ғат күнделігіне: «Мен бүл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың пайдалы шығар.

Мына оқиға бізді оятып кетті. 22.12.1986 ж.», – деп жазыпты. Үл­кен сөз! Жанталасып алаңда жүріп жатқан Желтоқсан оқиғасын түсіртіп, оны тықтырып қоятын, ақырып теңдік сұрап алаңға шық­қан жастарымызды кінәлап, тіпті күнәлап күйелеш қағазға қол қоюға тұра-тұра ұмтылған ман­сапқор ағаларын сақтандырып, жа­нын шүберекке түйіп шыр-пыры шығып жүрген Сағатты білеміз. Білетін болсақ Сағатты сондай салиқалылыққа бастаған осы күнделігіндегі тілдей тіліп түсер өткір сөзге мұрындық болатын ішкі жан дүниесіндегі арпалыс та! Сағат аға ол ленталарды билік басындағы бір азаматқа сеніп берген еді. Әлі күнге не Сағатқа, не Сағат сүйген халқына қайтпай тұрғанын қараңызшы ол ленталардың. Сағатқа іле-шала «Парыз бен Қарыз» жүйелі телехабарын жасатқан да осы сезім деп ойлаймын! Бұрын да ұлтын шынайы сүйіспеншілікпен сүйетін Сағат аға Желтоқсан оқиғасынан кейін тіпті ұлтшылдық ұлы сезі­міне берілді-ау деп ойлаймын. Дүрбелеңді сол бір қиын күн­дері тағы да былай деп жазды: «Тайпалық тар сезімнен, рулық улы сезімнен арылуымыз керек те ұлт­тық ұлы сезімді алға қоюымыз керек».

Мұны шығармашылық өзгеріс деп қарамағанда қайтеміз?! Шы­ғар­­машылық өзгеріс – шығар­ма иесінің дүниетанымына байланысты. Желтоқсан оқиғасына дейін­гі Сағат, кейінгі Сағат әрі өз­ара бірлікте, әрі кілт өзгерген, бір тұлғада тартысқан екі адам­ның кейпі. Күнделігі арқылы бақы­лағанда көз жетер бір мәселе міне, осы. Сағат табиғатында романтик болатын. Романтик бола тұра өзін-өзі талдап, Желтоқсан оқиғасынан кейін әрі күйреп, әрі ширап, жаңа сипат, тың мазмұнға ие болған бүтін бітімді АЗАМАТ!

Күнделік мамандыққа әб­ден қатысты. Сағат сыншы. Күнде­лік­тің дені оқыған кітабына қызы­ғып бір-екі ауыз тілегін айту, кем­шілігіне қызынып пікір айтуы ол тағы бар.

Күнделік – жазатын шығарма­ның эскизі.

Күнделік – қаламгердің жан аза­бы, адами рахаты, қуанышы, наласы...

«Я раздвоился.» А.Блок. Са­ғат та қаншама рет өзімен-өзі күресіп, өзімен-өзі айтысып, же­ңіп-жеңіліп жүрді екен?

Бәріне куә – күнделік!

Бірімізге аға, бірімізге ұстаз – Сағат Әшімбаевтың күнделігі тұңғыш рет оқырманға жол тартты. Ұрыспай, жекімей, өтірік сөзге ермей, күнделіктегі шындыққа сеніп оқуларыңызды өтінер едік. Жай оқу аз болады, талдап оқу жөн. Сонда сыншы философ болып қалыптасып үлгерген, ұлтын жанындай сүйген азамат, жалындап келіп, жалындап жүріп, лапылдап өртеніп кете барған романтик жанды түсінесіздер!

Құлбек ЕРГӨБЕК,

филология ғылымдарының  

докторы, профессор